10 Ақпан 2015, 14:05
Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған флеш-мобқа қатысты. Олар бір қолына Қазақстанның туын ұстап, біразы ұлттық киімдерін киіп, патриоттық сарындағы әндерге би биледі. Университеттің орталық алаңына жиналған жастар өзара қалжыңдасып, көңілді тарқасты. Шараны ұйымдастырушы – университет ішіндегі «Бірлік» шағын ассамблеясы мен Университеттің студенттік комитет өкілдері бұл шараның осы жылға соңғы емес екенін айтты.
Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әр түрлі мәдени элементтер бірімен араласып кеткен, олар бірін-бірі толықтырып, бір-біріне нәр беріп тұрады. Осы фактор барлық қазастандықтардың ішкі жан-дүниесін байытып, ортақ тәрбиеге баулиды. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық медицина университетінде әлемнің жиырмадан астам елінен 36 ұлттың студенттері білім алуда. Өткізілген флэш-мобта студенттер өз дәстүрлері мен өнерлерін ортаға салды.
Ассамблея жылындағы іс-шаралардың бәрі еліміздің Тәуелсіздік алған уақыттан бергі жетістіктерін көрсетуі, қазақстандық бірегейлікті қамтамасыз ететін рухани шоғырланудың қуатты факторы болуы тиіс. 2015 жыл – «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланғаннан бері ҚХА оны өткізудің тұжырымдамасын дайындаған екен. Ол туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кеңейтілген отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Ералы Тоғжанов баяндама жасаған болатын. «Ассамблея жылы дегеніміз – Ассамблеяның жеке мерекесі емес, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік және келісім саясатының жылы; халқымыздың жарасымды ынтымағы мен берекелі бірлігінің арқасында қол жеткізілген жемістер жылы; халықтың даналығына негізделген Нұрсұлтан Назарбаевтың келісім моделінің жылы; бірлігі баршамыздың бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтатын Тәуелсіздіктің ұлы рухы асқақтайтын жыл», деді ол.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында ҚазҰМУ-да білім алып жүрген барлық ұлт өкілдірінің ұлттық мәдениет күндері атап өтілетін болады.
Халықтың бірлігі қоғамдық келісімге негізделетіні ақиқат. Ендеше ел дамуындағы басым қозғаушы күш болып саналатын бейбітшілік пен келісім ең алдымен ел болашағы үшін маңызды.
Материалды әзірлеген - Самал Жайлаубек