Ассамблея жылнамасы - 2019

30 Желтоқсан 2019, 17:05 2341

5 қаңтар - Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған 2019 жылға арналған «Қайырымдылық керуені» іс-шаралары бастау алды. «Қайырымдылық керуені» биылғы жылы «Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен өтті.

14 қаңтар - Астана қаласының «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігіне 12 жыл толды.

15 ақпан - «Қазақстан. Өзбек халқының мемлекет тарихындағы рөлі» атты үш тілде жазылған кітап жарық көрді.

21 ақпан – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Халықаралық ана тілі күні аталып өтті. Республикада 23 ұлттың тілі оқытылатын 178 жексенбілік, этномәдени мектептер жұмыс істейді. 11 ұлттың тілінде газет-журналдар басылып, теле- және радио хабарлар эфирге шығады.

1 наурыз - Алғыс айту күнінде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақ халқына мың алғыс» республикалық форумы өтті. Іс-шара аясында алғаш рет емдік қасиеті бар сусын – қымызға арналған көрме ұйымдастырылды.

13 наурыз - Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен «Розы России» хореографиялық өнерінің халықаралық байқау-фестивалінде Астана қаласының «Вайнах» шешен-ингуш халық ансамблі Бас жүлде иегері атанды.

26 наурыз - Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени бірлестігінің филиалының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамына арналған «Әткән чай Fest» іс-шарасы өтті.

12 сәуір - Нұр-Сұлтанда «Ютария» фабрикасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың және ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының «Жасампаз» отандық өндірушілер консорциумы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

24 сәуір - Елордалық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы ашылды.

26 сәуір - 1 мамырда астаналық ботаникалық бақта алма бағы отырғызылды. Қазақстанның елордасында алма бағын отырғызу идеясын «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Тамила Розметова Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы 23 қаңтардағы қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде айтқан болатын.

28 сәуір - Алматы қаласындағы Достық үйінде 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған «Алтын бесік» салт-дәстүрлер фестивалі өтті.

29 сәуір – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Сессияда Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА төрағасының жаңа орынбасарлары етіп ҚХА мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовты тағайындады.

5 мамыр - Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Жаңғыру жолы» жастар қанатының бастамасымен «ASTANA» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Астана орманы» ЖШС-нің жүлделері үшін республикалық велосайыс ұйымдастырылды

14 мамыр - Нұр-Сұлтан қаласының №22 мектеп-гимназиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының музейі ашылды.

16 мамыр – ҚХА-ның «Көшбасшы бол!» республикалық жастар форумы өтті. Форум шеңберінде «Жарасым» РЖҚ мен «Мы Россияне» Ресей Халықтары Ассамблеясының жастар қанаты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

17 мамыр - Талдықорғанның Жастар саябағында халықаралық «Сабантой - 2019» мерекесі өтті.

20 мамыр - Алматының Достық үйіне 20 жыл толды.

30 мамыр - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Депортациялар тарихынан. Қазақстан. 1939–1945 жж.» деректі жинағынының ІІІ томы мен «Лев Премиров: Карлаг суретшісінің әңгімесі» кітабының тұсауы кесілді.

14 маусым - Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңа толқын 100+» республикалық жастар форумы өтті.

17 маусым - ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Грузия, Литва және ТМД елдері дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті. Ж.Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін көтерді.

28 маусым - ҚХА Журналистер клубы отырысында Жансейіт Түймебаев журналистер мен блогерлерді Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапаттады.

2 шілде - Алматы қаласында «Металл Пром групп» ЖШС зауытында ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» акциясының шеңберінде Арыс қаласына қайырымдылық көмек автотізбек жөнелтілді.

7 шілде - Қазақстан халқы Ассамблеясы Домбыра күніне орай «Ұлттың саз байрағы – Домбыра» акциясын өткізіп, дәл осы күні дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бар домбыра тарту етті.

9 шілде - Алматыда «Нұрсұлтан шыңы-2019» альпиниадасы өтті.

10 шілде - Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде ҚХА-ның қолдауымен «Жұлдыздар сөнбейді» киномарафон шеңберінде Екінші дүниежүзілік соғыс туралы деректі фильм көрсетілді.

19 шілде - Ж. Түймебаев Алматыда #Abai175 челенджіне қатысушылармен кездесті.

25 шілде - ҚХА Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Елбасы және халқы» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

7 тамыз - Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА-ның қолдауымен «АZT» заманауи театры өз жұмысын бастады.

19 тамыз – «Ақбозат» Башқұрт этномәдени бірлестігі «Йыйын» мерекесінің салтанатты ашылуын ұйымдастырды.

27 тамыз - «Жәлелдің жұлдызы» Бірінші Халықаралық әдеби конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

29 тамыз - Елордада неміс ақыны И.Гетенің 270 жылдығына арналған поэтикалық-музыкалық кеш өтті.

2 қыркүйек - ҚХА «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 200 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.

10 қыркүйек - Сағат 11.00-де ҚХА бастамасымен латын графикасы негізінде жалпықазақстандық ашық диктант ұйымдастырылды.

18 қыркүйек - Елордада корейлердің тоқшылық тойы Чусок аталып өтті.

27 қыркүйек - Алматы қаласында "Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі" республикалық форумы өтті. Республикалық форумның қатысушылары халыққа Үндеу жариялады.

2 қазан - Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысында ҚХА қызметі туралы хабар тарататын телеарна құру туралы ұсыныс жасалды.

10 қазан - Алматы қаласының Достық үйінде ҚХА шыңына көтерілгендерге Ассамблеяның Алғыс хаты тапсырылды. 2019 жылы ҚХА шыңында үш тілде ескерткіш тақта орнатылды.

14 қазан – «Возрождение» неміс қоғамы - 30 жылдығын атап өтті.

16 қазан - Орал қаласында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына арналған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша республикалық лекторий өтті.

22 қазан - Нұр-Сұлтан қаласы кәріс этномәдени орталығы құрылғанына 30 жыл толуына орай үлкен есеп беру концертін ұйымдастырды.

23 қазан - Қарағанды облысы ҚХА «Өз өлкеңді таны» жобасы аясында республикалық «Елтану» туристік-өлкетану экспедициясын елімізде алғашқы болып ұйымдастырды.

28 қазан - Нұр-Сұлтан қаласында Оқушылар сарайында украин халық шығармашылығының IV халықаралық «Ми разом, ми одна сім’я!» фестивалі өтті.

29 қазан - ҚХА ұйымдастыруымен Назарбаев университетінде республикалық «Social Assembly» жастар форумы өтті.

30 қазан - Қостанай қаласында ҚХА республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Облыстық, аудандық, ауылдық деңгейлерде барлығы 1793 Аналар кеңесі жұмыс жасауда.

31 қазан - ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің 10 жылдығына арналған «Әралуандықтағы бірлік: қазақстандық және халықаралық тәжірибе» атты ғалымдар мен сарапшылар форумы өтті.

12 қараша - Алматыда республикалық Достық үйінде «Халықтың бірлігі – Елдің күші» атты Қазақстандағы әзербайжан этносының мәдениеті және салт-дәстүріне арналған іс-шара өтті.

13 қараша - ҚХА Журналистер Клубының жаңа төрайымы болып «Kazakh TV» ұлттық телеарнасының директоры Майя Бекбаева сайланды.

13 қараша - ҚХА дәстүрлі «Шаңырақ» байқауының қорытындысын «БАҚ және қоғамдық келісім» IV халықаралық медиафорум аясында шығарды. Аталмыш шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен арнайы халықаралық БАҚ саласының сарапшылары мен шолушылары қатысты.

25 қараша - «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының республикалық қорытынды кеші өтті.

27 қараша - «Мәміле» қазақ тілі клубының жұмысы қорытындыланды. Бүгінде Қазақстанның барлық аумағында Достық үйлерінің негізінде аталмыш клубтар құрылып, жұмыс жасауда.

28 қараша - ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жариялап, Алматы облысының әкімі А.Батталовқа экспедицияның күнделігі мен туын табыс етті.

28 қараша - Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» республикалық қайырымдылық форумы қорытындыланды. «Туған жер» жобасы бойынша аймақтарға 220 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. 2019 жылы барлығы 11,4 мың қайырымдылық іс атқарылып, 667 мың адамға 3 млрд 816 мың теңгеге көмек көрсетілген. Арыс қаласына көмек ретінде 156 млн 297 мың теңге қаражат жиналды. Сондай-ақ, арыстықтарға 200 тонна азық-түлік және құрылыс бұйымдары жеткізілген. «Мектепке жол» акциясының негізінде Ассамблея тарапынан 46 мың оқушыға 514 млн теңгенің көмегі көрсетілді.

4 желтоқсан - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ел жастары арасында өткізілген республикалық ақпараттық керуен қорытындыланды.

10 желтоқсан - Astana IT университетінде « ҚХА Жастар Синергиясы» республикалық форумы өтті. Аталмыш форум Жастар жылында жас талант иелерінің бастамалары мен тың идеяларының жүзеге асырылу мүмкіндігін қорытындылауға арналды.

11 желтоқсан - ҚХА Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты форумын өткізді. Форум барысында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері ҚР Президентінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

11 желтоқсан - Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан халқының этномәдениетіндегі рухани құндылықтар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Елордалық жоғарғы оқу орындары мен ҚХА жастарының алдында белгілі ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер сөз сөйледі.

12 желтоқсан - Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық және мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Жансейіт Қансейітұлы қоғамның түрлі салаларында елеулі еңбек сіңірген азаматтарды «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен» марапаттады.

12 желтоқсан - Елордалық Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 2019 жылы ғылыми-сарапшылық кеңес мүшелері 24 монография мен ұжымдық еңбектер, 70-тен аса мақала және өзекті мәселелер бойынша 100-ден астам сұқбат жариялаған.

22 желтоқсан - Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылының салтанатты жабылуына арналған Гала-концерт өтті.

23 желтоқсан - Алматы қаласының Достық үйінде қала әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ақын-журналист Талап Қараштың «Өнер мұраты» атты кезекті кітабының тұсаукесері өтті.

23 желтоқсан - Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы «Каз омәсе» атты ежелгі татар мерекесін атап өтті.

24 желтоқсан - Елордалық этномәдени орталықтар балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгіліктерін өткізді.

25 желтоқсан - Елордалық Достық үйінде «Медиация: Ымырадан - келісімге» тақырыбында қоғамдық медиаторларға арналған шолулық семинар – тренинг өтті.

29 желтоқсан - Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының Жаңа жылдық қайырымдылық шыршасы өтті.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: