Асқар Забикулинге арналған мурал пайда болды

13 Қазан 2023, 19:01 388

Ақмола облысында Асқар Забикулинге арналған мурал пайда болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Степногорск қаласында «Құтқарушылар күні» мерекесі қарсаңында Асқар Забикулинге арналған жаңа мурал пайда болды.

2022 жылдың қараша айында өз өмірін қатерге тігіп, адамдарды құтқару кезінде қаза тапқан елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин бейнеленген арт-объект Степногорск қ. 3-МӨСБ ғимаратының алдыңғы жағында орналасқан.

Батыр-құтқарушының портретін Степногорск қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша Алматылық «AW_borders» компаниясы орындаған болатын. Суретші Абылайхан Сүлейменовтың жұмысына 10 күндей уақыт кеткен. Степногорск қ. ТЖБ бастығы Ержан Қаппасовтың айтуынша, мурал батырды еске алу үшін және арнайы кәсіби мереке, 19 қазан – «Құтқарушылар күніне» орай ұйымдастырылған.

Асқардың ерлігін бүкіл Қазақстан біледі. Бұл мурал – бізге, сондай-ақ оның қыздарына қалған мұралардың бірі болып табылады. Оның ерлігін ұмытпағандарыңыз үшін көп рахмет және де қолдау көрсеткендері үшін қала әкімдігіне алғысымды білдіремін, – деді Асқар Забикулиннің ағасы Эльдар Забикулин.

Қатысушылардың айтуынша, стрит-арт сурет қаланың көрікті жерлерінің біріне айналады.

Перизат Саденова
Бөлісу: