Жүздеген жанды алып ұшқан әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауыр міндет. Ал бұл міндет әуе диспетчерлеріне жүктелген. Олар жерде отырып, көктегі ұшақтың аман-есен қонуына немесе діттеген бағытына іркіліссіз ұшып кетуіне жауапты. Ал осындай ауыр қызметте ерлермен бірге 19 жыл қызмет ету әйел адамға оңай емес. 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорнында авиадиспетчер болып жұмыс істейтін нәзік жанды ару Гүлшат Мұсабаевамен El.kz тілшісі әңгімелесіп қайтты.
Осы уақыт ішінде ол өзін кәсіби маман ретінде қалыптастырып, әртүрлі қиындықтарға қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Оның еңбек жолы тек әйелдердің кез келген салада тең құқықты және табысты қызмет етуі мүмкін екендігін көрсетеді.
Қазіргі таңда нәзік жанды ару «Қазаэронавигацияның» мұнарасында авиадиспетчер болып жұмыс істейді.
El.kz
Мен авиадиспетчермін және осы мұнарада жұмыс істеймін. 2006 жылдан бастап осы қызметті атқарып келемін. Биылғы жылы бұл қызметте жүргеніме 19 жыл болды. Авиадиспетчер дегеніміз – әуе кеңістігін басқару мен ұшақтардың қауіпсіз ұшуын және қонуын қамтамасыз ететін маман. Мұнарамызда төрт диспетчерлік орын бар: рөлдеу диспетчерлік орны, мұнара диспетчерлік орны, шеңбер диспетчерлік орны және жақындау диспетчерлік орны. Мен осы мұнарада рөлдеу мен мұнара диспетчерлік орындарында жұмыс істеймін, – дейді ол.
Ұшқыштар ұшу алдында қандай да бір сұрау жасайды, авиадиспетчер соларды бақылап, ұшу алдында оларды бағыттайды. Яғни, ол бұл мұнарада ұшақтардың ұшуына және қонуына рұқсат беретін диспетчер.
Бұл қызметке қалай келгенін сұрадық. Айтуынша, бала кезден авиацияға қызығып өскен.
Көп қыздар мамандық таңдарда бортсерік болуды армандайды, мен де солардың қатарында болдым. Көп уақыт өтпей, анам екеуміз авиация академиясын тауып, мен сол жерден авиадиспетчер мамандығы туралы білдім. Бұл мамандықтың үлкен жауапкершілік пен маңызы бар екенін түсініп, сол уақытта барлық құжаттарымды тапсырдым. Сол академияда төрт жыл оқып, кейін жұмысқа қабылдандым, – дейді авиадиспетчер.
Алғашқы жұмысын Алматы қаласынан бастаған нәзік жан тәжірибе барысында үш ай бойы арнайы оқудан өткенін және әр диспетчерге жеке нұсқаушы маман тағайындалғанын атап өтті.
Біз барлық қажетті құжаттарды, технологияларды меңгеріп, тренажерлік дайындықтан сондай-ақ, ағылшын тілін үйреніп, психологиялық тесттерден өттік. Бұл дайындықтың нәтижесінде емтихандар тапсырып, арнайы сертификаттар мен лицензиялар алдық. Осылайша өз жұмысымызды жалғыз атқаруға мүмкіндік алдық, – дейді авиадиспетчер Гүлшат.
Жұмысқа тұру үшін арнайы талаптар бар. Маманның айтуынша, ең бастысы – жоғары білім, ағылшын тілін жетік меңгеру және жақсы медициналық тексеруден өту қажет.
«Сонымен қатар, психологиялық тесттен өтпей жұмысқа қабылданбайсыз. Бұл қызметтің жауапкершілігі өте жоғары. Стресспен күресудің өз жолдары бар. Біздің психологиялық тесттеріміздің арқасында біз күйзеліс жағдайына төтеп бере аламыз. Қызметтік ауысымдарымыз екі түрде болады: күндізгі және түнгі. Күндізгі ауысым таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін, ал түнгі ауысым сол уақыттан түнгі тоғыздан таңғы тоғызға дейін жалғасады. Әрбір әуе диспетчері денсаулық тексерісінен өтеді. Сондай-ақ, бізге нұсқаулық беріледі, ол жерде біз барлық қажетті ақпаратты аламыз», – дейді ол.
Маңызды мәліметтердің қатарына ауа райы, әуе кеңістігіндегі жағдайлар, ұшақтардың ұшуы мен қонуы туралы ақпараттар жатады. Авиадиспетчер барлық қажетті деректерді жинап, дайындық жүргізеді. Содан кейін барып жұмысқа бірақ кірісетінін айтады.
El.kz
Түнгі ауысымды таңертең ауыстырамыз. Сағат 9:30-да таңертеңгі ауысымды қабылдап, жұмысқа кірісеміз. Кешке қарай жаңа ауысым келеді, біз оларға толық ақпарат беріп, жұмысты тапсырып, үйге қайтамыз. Ертең біз түнгі ауысымға қайта ораламыз. Біз ұшақтардың қауіпсіздігін бақылау үшін арнайы құрал-жабдықтарды, қолданамыз. Бұл құралдар арқылы ұшақтарды бақылап, олардың арасындағы қауіпсіз қашықтықты қамтамасыз етеміз. Ұшақтардың ұшуын, қонуын қадағалаймыз. Бізде арнайы құжаттар бар, соған сәйкес жұмыс істейміз және олардан ауытқуға болмайды. Бір мезетте біз күніне 200-ден аса ұшақтың қозғалысын бақылаймыз. Кейде бұл көрсеткіш 250-ге дейін жетеді, – дейді Гүлшат Мұсабаева.
Бір мезетте көптеген ұшақтар ұшып, қонып жатады, бәрі бір уақытта келеді. Осылайша, күнде бірнеше ұшақтың қозғалысын басқаруға тура келеді. Авиадиспетчердің сөзінше, шұғыл шешімдер қабылдау қажет болатын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, ұшақтардың бірдеңесі дұрыс болмай қалғанда, өрт шығуы немесе басқа да төтенше жағдайлар орын алғанда тез әрі дұрыс шешім қабылдау маңызды екенін айтады.
Мұндай стресс жағдайларында біздің алдымызда тұрған диспетчерлер мен командаластарымыз көмектесіп, әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл командалық жұмыс болып табылады, бірақ жауапкершілік тек өзімізде болады. Егер біз сол жағдайда жауапты болсақ, онда барлық шешімдер біздің қолымызда. Бұл жұмыс өте жауапкершілігі мол және ауыр. Мәселен ұшақтың қонуы кезінде қиындықтар туындаса, бірінші кезекте оның қауіпсіз қонуына басымдық береміз. Бұл жағдайда біз жердегі құтқару қызметтерімен байланысқа шығып, қажетті шараларды қабылдаймыз. Күн сайын жұмысқа келгенде, ұшақтардың аман-есен ұшып, қонып, адамдардың үйлеріне аман оралуын тілейміз, – дейді авиадиспетчер.
Авиадиспетчерлерге бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішіне жоғары жалақы да кіреді. Сондай-ақ компания қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етеді. Мәселен Гүлшат қазіргі уақытта кәсіпорын ұсынған баспанада тұрып жатыр.
Бізде көптеген жеңілдіктер мен артықшылықтар бар. Біріншіден, жоғары жалақыны атап өтуге болады. Алайда, жалақымыз туралы толық мәлімет беру мүмкін емес, себебі бұл туралы біз белгілі бір құжаттарға қол қойғанбыз. Жалақымыз жақсы. Мен өзім сол баспанада тұрамын. Үш балам болғандықтан, маған төрт бөлмелі үй берілді. Әрбір диспетчерге осындай баспана беріледі және ол үйді зейнетке шыққанға дейін пайдалану мүмкіндігі бар. Жұмыс істеген соң, баспананы өз еркіңізбен ауыстырып, басқа адамға беруге болады, – дейді нәзік жанды ару.
Бұдан өзге кәсіпорын қызметкерлерінің білімін үш жыл сайын жетілдіріп отыруды мақсат еткен. Шетелдерге оқуға жіберіп, тәжірибе алмасады. Мәселен Гүлшат Англия мен Чехияға барып, біліктілігін арттырып келген. Ол бұл өте жақсы мүмкіндік екенін айтады.
Ерлермен иық тірестіре бірге қызмет етіп жүрген Гүлшат отбасында аяулы ана, сыйлы келін.
El.kz
Үш балам бар. Әйел адамның авиадиспетчер болып жұмыс істеуі, әсіресе отбасы болғанда, қиындықтар тудырады. Жұбайым да авиация саласында жұмыс істейді, бірақ диспетчер емес. Біз бірге осы саланы оқыдық, сондықтан ол менің жұмысымның маңызын жақсы түсінеді. Балалар ауырып қалған кезде де қиындықтар болады, бірақ мен үшін ең бастысы – өз жұмысым. Кейде соның бәрін жеңуге тырысамын. Екі ауысыммен жұмыс істеймін: күндізгі және түнгі. Демалыс күндері балаларыммен болуға уақыт табамын, – дейді.
Бұл қызметте Гүлшатпен қатар тағы да екі нәзік жанды ару еңбек етеді. Сондай-ақ аудандық орталықта тағы екі диспетчер қыз жұмыс істейді.
Бұл жұмыс еркектерге арналған деп саналса да, мен әйелдердің бұл қызметте жоғары жауапкершілікпен жұмыс істейтініне сенімдімін. Өйткені көп әйелдер бұл жұмысқа өте жақсы маман болып келеді. Он тоғыз жылдық тәжірибеммен, болашақта қызметімді одан әрі жоғары деңгейге көтеру менің мақсатым. Бұл салада ары қарай да жұмыс істей беремін деп ойлаймын. Екі ауысымда жұмыс істеп, үш күн демалатын кесте мен үшін өте қолайлы. Бұл жұмыс менің жеке уақытымды жақсы үйлестіріп, отбасыма да көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Мен үшін бұл өте ыңғайлы әрі жақсы, – дейді Гүлшат Мұсабаева.
Нәзік жанды ару 8 наурыз мерекесімен барлық нәзік жандыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
El.kz
Ең алдымен денсаулық, бақыт және сәттілік тілеймін. Әйелдердің бәрі бақытты, үйлеріндегі тыныштық та жақсы болады деп ойлаймын. Барлық нәзік жандыларға өмірде тек жақсылық, жүздерінен күлкі кетпесін және көп қуаныш тілеймін!, – дейді авиадиспетчер Гүлшат Мұсабаева.
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін басқарушы және әуе қозғалысын ұйымдастырушы басты кәсіпорын – «Қазаэронавигация» РМК 2023 жылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, рекордтық көрсеткіштерді тіркеді. Бұл жылы компанияның мамандары 446 106 ұшуға қызмет көрсеткен, оның ішінде 111 850 қазақстандық, ал 334 256 шетелдік авиакомпаниялар бар. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
1995 жылы құрылған «Қазаэронавигация» РМК еліміздің әуе кеңістігіндегі қозғалысты қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында жұмыс істейді. Компания халықаралық стандарттарға сәйкес әуе қозғалысына аэронавигациялық қызмет көрсетуді басты миссиясы ретінде айқындайды және азаматтық авиация саласының дамуында маңызды рөл атқарады.
Әуе кеңістігін бақылау жөніндегі жұмыс ауқымы кең. Қазіргі таңда компанияның бақылауындағы әуе кеңістігі 2,7 миллион шаршы шақырымды құрайды, ал әуе трассаларының жалпы ұзындығы 113 530 шақырымды құрайды. Орташа алғанда, жылына 400 мыңнан астам ұшуға қызмет көрсетіледі.
«Қазаэронавигация» РМК қызметінің негізгі бағыты – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін компания бірқатар маңызды қызметтер көрсетеді. Әуе қозғалысын жоспарлау және оған қызмет көрсету, ұшуды және байланысты радиотехникалық қамтамасыз ету, әуе кеңістігін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету, азаматтық авиация саласындағы персоналдың бастапқы даярлауын, қайта даярлауын, біліктілігін арттыру, авиамедициналық қызмет көрсету және авиациялық персоналды куәландыру.
Компанияның көрсеткен қызметтері нәтижесінде Қазақстан әуе кеңістігіне келетін ұшақтардың қауіпсіздігі айтарлықтай артты, ал аэронавигациялық жүйе ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) стандарттарына 95% сәйкес келеді.
«Қазаэронавигация» РМК қызметінің тағы бір маңызды аспектісі – әйелдердің әуе қозғалысын ұйымдастыруға қосқан үлесі. Мысалы, Орталық Қазақстан өңірлік орталығында (Астана) 28 нәзік жандылар әуе қозғалысына қызмет көрсетіп, еліміздің әуе кеңістігін басқаруда маңызды рөл атқарады.
Бүгінгі таңда «Қазаэронавигация» РМК-да 700-ден астам авиадиспетчер жұмыс істейді. Кәсіпорын құрамында төрт өңірлік орталық, 15 филиал, 12 алыс жердегі позиция, медициналық орталық және кәсіби дайындау орталығы бар. Бұл құрылым компанияға Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтып, әуе қозғалысын тиімді және қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді.
«Қазаэронавигация» РМК – Қазақстанның әуе қозғалысының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуде жетекші ұйым болып табылады. Оның қызметі әуе кемелерінің ұшуының қауіпсіздігін арттырып, еліміздің авиация саласының дамуына маңызды үлес қосып келеді. 2023 жылғы рекордтық көрсеткіштер кәсіпорынның ең жоғары деңгейдегі қызмет көрсететініне тағы бір дәлел.