Әскерилер Ақмоладағы әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етті

15 Сәуір, 21:35 575

68665 әскери бөлімі мен Әуе қорғанысы күштері бас басқармасының жеке құрамы Ақмола облысындағы бірнеше ауылда су тасқыны салдарынан қиындыққа тап болған тұрғындарға көмектесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әскери қызметшілердің басты міндеттерінің бірі электр энергиясымен қамтамасыз ету болды. Дизель және бензин генераторларының көмегімен жарықсыз қалған ауылдарға жарық берілді.

Жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық күшімізді жұмылдырдық. Зардап шеккендердің тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері бас басқармасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының командирі капитан Нұрболат Исаев.

Әскерилердің қатысуымен Есіл ауданының Заречный ауылы және Жарқайың ауданының Далабай, Тасөткел және Тассуат елдімекендерінің тұрғын үй жайлары, медициналық, әлеуметтік және білім беру мекемелері жарықпен қамтамасыз етілді.

Әскери қызметшілер бұған қоса ауылдарға гуманитарлық көмек жіберді. Ал Әуе қорғанысы күштерінің бас басқармасы Заречное ауылында дала асханасын құрып, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға ыстық тамақ беруді ұйымдастырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: