Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің балалары арасында шығармашылық байқау өтіп жатыр. Ұлттық әскери-патриоттық орталығында комиссия отырысы өтті. Онда әскери қызметшілердің балалары арасында «Отан отбасынан басталады» тақырыбында шығармашылық жұмыстарды қабылдау қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Комиссия төрағасы – Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті психологиялық-социологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Арман Қалышев. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар байқауды Отан қорғаушы күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырды. Оған еліміздің барлық өңірінен 4 жастан 16 жасқа дейінгі 200-ден аса бала қатысты.
Бұл байқауды 2017 жылы осы қызмет құрылған кезден бастап өткізіп келеміз. Алдымен гарнизондардың әскери бөлімдерінде жеңімпаздарды анықтап, 25 сәуірге дейін таңдалған жұмыстар бізге жіберілді. Бүгін біз оларды талдап, жеңімпаздарды анықтауға жиналдық, – деді Қарулы күштердің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Байқауға қатысушылардың жұмыстары жас және жанрлық санаттар бойынша қаралды. 4 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мен 7 жастан 9 жасқа дейінгі бастауыш сынып оқушылары «Менің қаһарманым – әкем» тақырыбында суреттерін ұсынды. Орта сынып оқушылары (10–13 жас) өлең оқудан жарысты. Олар «Менің Отаным» тақырыбындағы өлеңдерін оқып, рилс түсірді. 14 жастан 16 жасқа дейінгі оқушылар «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» тақырыбында эссе жазып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы бейнероликтер түсіріп, монтаждап, өз шеберліктерін көрсетті.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау Астанада балаларды қорғау күні өтеді. Үздік жұмыстар көрмеге қойылады.