Әскери қызметшілер Үндістандағы бірлескен оқу-жаттығуға қатысты

10 Қаңтар 2023, 14:07 1372

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті

Үндістанда "КазИнд" қазақстандық-үнділік кезекті бірлескен оқу-жаттығуы өтті. Оған Қазақстан Қарулы күштерінен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс министрліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өткізілген оқу-жаттығу барысында екі біріккен аралас рота құрылды.

Екі апта бойы қатысушылар күрделі, бейтаныс жерде ұрыс қимылдарының әртүрлі элементтерін пысықтады.

Оқу-жаттығу барысында инженерлік-саперлік даярлық бойынша сабақтар өтті. Онда әскери қызметшілер қолдан жасалған жарылғыш құрылғылардың, тұзақтардың және басқа да жарылғыш заттардың үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, қабылдаушы тарап патрульдеуді ұйымдастыру бойынша демонстрациялық сабақ ұйымдастырды.

Нақты табиғи және климаттық жағдайларда бағдарлау және өмір сүру ережелеріне ерекше назар аударылды. Ал негізгі кезең барысында әскери қызметшілер Джунгли жағдайында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындады. Фал бойынша тікұшақтан қонғаннан кейін жауынгерлер қару-жарақпен жұмыс істеді.

Сонымен қатар, оқу-жаттығу шеңберінде салмағы 10 келілік қару-жарақпен және құрал-жабдықтармен 6 шақырым қашықтықты еңсеру бойынша төзімділік жарыстары ұйымдастырылды. Мәреге бірінші болып Гвардейск гарнизоны танкистер құрамасының взвод сержанты Алдияр Мұхамадиев келді.

Қазақстандық тарап өкілдері атап өткендей, "КазИнд-2022" бірлескен оқу-жаттығуына қатысу әскери қызметшілерге Үндістаннан келген әріптестерінің жауынгерлік даярлық әдістемесімен танысуға, өздерінің жауынгерлік дағдыларын арттыруға және мүлдем бейтаныс жерлерде кәсіби шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, "КазИнд" қазақстандық-үнділік оқу-жаттығуы төртінші рет өтті. Мұндай оқу-жаттығу алғаш рет 2018 жылы Жамбыл облысының "Мәтібұлақ" полигонында өткен болатын. Одан кейін 2019 жылы Үндістанның Уттаракханд штатында, ал 2021 жылы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының "Айша-бибі" полигонында бірлескен маневрлер өткізілді.

EL.KZ
Бөлісу: