Әскерге шақырту алғанда бойымды қорқыныш биледі. Шымкенттегі 6698 бөлімнің сарбазымен сұхбат

7 Мамыр 2023, 15:33 2026

Соңғы кезде әлеуметтік желіден әскердегі оқиғаларға қатысты жанды түршіктіретін сан түрлі оқиғаларды оқып, видеоларын көріп шошып, ыршып жүрміз. Бұл рас. Тіпті, көршісіңнің ұлы әскерге кетті десе, уайымдап, есен-сау келуін тілеп жүргендер бар. Осы ретте үшін El.kz  ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі әскери өмірді сезініп, өз көзімен көрді

6698 әскери бөлімі шаһардағы мемлекеттік құрылымдар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Негізгі жауынгерлік тапсырма – Түркістан облысына қарасты қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерін күзету және сотталған азаматтарды айдауылдау болып табылады. 

Ішке кіру оңай болмады. Темір есік, тәртіпке бағынған қатаң күзет. Арнайы рұқсат қағазын берген соң ғана жаныма бекітілген арнайы офицердің жетелеуімен жүріп-тұрдым. Барлық жерге бейнебақылау қойылған.

Камералар жұмыс істеп тұр. Іштегі тәртіпті, әр бөлімнің жұмысын, сырттағы дайындық жалпы барлық бөлімдерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылған. Әлім-жеттік жасау бізде жоқ, осы кезге дейін ондай факт тіркелмеген,-деді Штаб бастығының орынбасары, подполковник Әділ Абдуалиев.

Барлық жер мұнтаздай таза. Сабақ оқуға арналған кабинеттер жабдықталған. Кейбірінде арнайы әдеби кітаптар қойылған сөре орнатылған. Сарбаздар бізді көргеннен сап түзеп тік амандасты. Көздерінде от, жүректерінде жалын бар. Рухты. Өз еріктерімен келгендері көп. Солардың ішінен өз ойын бүкпесіз айтатын кейіпкерді де таптық. Ол – 22 жастағы талдықорғандық Данияр Қыдыров еді.

El.kz: Данияр, айтыңызшы әскери өмір сіз ойлағаннан қандай екен?

Сарбаз: Мүлдем басқа (ол күліп алды). Бұл жақты көрмей тұрып, әскерге барасың десе, бойымды қорқыныш, үрей билейтін. Шақырту алған соң шынымды айтайын не болады, қалай етсем екен деп біраз күн уайымдап жүрдім. Талдықорғаннан осында жіберді. Әуелі 1 ай дайындық курсы болады. Содан өтіп жүріп, қатаң тәртіпке ептеп үйрене бастадым. Өзім келіп, көзіммен көргенде барлығы басқаша екен ғой дедім.

El.kz: Сонда сіздегі қорқыныш әлім-жеттік көрем бе деген ой ғой...

Сарбаз:  Иә. Әлеуметтік желіден неше түрлі оқиға тарайды. Соны көреміз, оқимыз. Жаман оқиға адамға жаман ой салады. Ондайды көре бермей, сананы жақсыға бұру керек екен.

El.kz:  Сізге алғаш келгенде бейімделу қиын болды ма?

Сарбаз:   Жоқ. 1 айда үйреніп кеттім. Оның үстіне мамандар жұмыс істейді. Психолог бар. Жан-жақтан қолдауды сезінгенде ешнәрсеге қиналмайсың. Тез бейімделесің. Енді әркімнің қабылдауына байланысты.

El.kz:  Тапсырмаларды орындай алмай қалған сәттеріңіз туралы айтсаңыз?

Сарбаз:   Әбден қалағанымша ұйықтауға, еркін жүріп-тұруға үйреніп қалғанмын ғой студент болып. Бұл жақта таңертең ерте сағат 6:00-де оянасың. Сол ұйқыдан қиналдым.

El.kz:  Қайда оқыдыңыз? Отбасында нешеусіздер? Ұйқыдан қиналғаныңызға қарағанда үйдің ерке баласы емессіз бе?

Сарбаз:   Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті орман шаруашылығы мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Содан бірден әскерге шақыртылдым. Отбасыда бесеуміз, 4 қыз 1 ұл. Содан еркін жүре бергем ғой. Бірақ ерке емеспін. Әдебиетке жақынмын. Мұқалидың өлеңдерін оқимын.

El.kz: Онда мерекелік іс-шараларға қатысып, өлең оқып тұратын шығарсыз?

Сарбаз:   Әрине. Барлық концертте өнер көрсеттім десем болады. (Авт.: Данияр сұхбат барысында М.Мақатаевтың бірнеше өлеңдерін жатқа айтып берді).

El.kz: Келгелі не үйрендіңіз? Әскери өмір сізді өзгертті ме?

Сарбаз:   Қатаң тәртіпке, барлығын уақытпен жасауға үйрендім. Ең бастысы – тазалық, киімімді жуып, сөтінеген жерін тігуге дағдыландым. Әскери тәртіп мені дұрыс жаққа өзгертті. Көп нәрсенің қадірін біле бастадым. Ата-анамның айналайын деген сөзінің өзі қадірлі екенін ұқтым. Бауырларымды, жалпы отбасы маңызын түсіндім.

El.kz: Заң өзгеріп, сізді әскерге 1 жылға емес, 2 жылға шақырса қайтадан келер ме едіңіз?

Сарбаз:   Иә. Қиналмай, ешқайда қашпай, бірден келісім беріп келер едім.

Данияр әскери борышын өтеп біткен соң екінші білім алмақ ниетте. Мектепте шәкірт тәрбиелеймін дейді ол.

Штаб бастығының орынбасары Әділ Абдуалиевтің айтуынша, әскерге келген ер балалардың көбіне-көп ерке өскендерінің қатаң тәртіпке бейімделуі қиындау жүреді екен.

Тәжірибемде көріп жүргенімдей ер баланы тым еркелетіп жіберген дұрыс емес. Жігіттерді ер жүрек етіп тәрбиелеу керек. Кішкентайын спорт секцияларына жаздырып, денесін, ойын шынықтырған жөн деп санаймын. Өзімнің 6 және 11 жастағы ұлдарым бар, -дейді штаб бастығының орынбасары.

Ол ұлдарына үйде әскердегідей тәртіп орнатпасам да айналасын жиып, ас жеген ыдыстарын жуып-тазалауға үйретемін. Мектептегі сабақтарынан бөлек, спортпен шұғылдануын қадағалаймын деп отыр.

 Қазір бұрынғы заман емес. Бәрі бар. Технология дамыған. Барлығы қатаң бақылауда. Қай жерде жүрмегін камералар орнатылған. Сондықтан әскерден қашудың, қорқудың қажеті жоқ. Мысалы, жас сарбаздардың таңда оянуынан бастап, кешкі ұйқыға жатқанға дейінгі режимі бекітілген. Ас мәзірі, жеке гигиенасы толығымен тексеріледі. Кітап оқуға, үй ішімен байланысуға, ізденуге арнайы уақыт беріледі. Күнделікті 2 сағат. Уақытты кім қалай падаланады -  өз еркі,-дейді подполковник.   

Штаб бастығының орынбасары бұдан өзге де жасалынған жағдайларды айта келе қазіргі берілген мерзім жеткілікті болатынын тілге тиек етті.

1 жыл негізі жеткілікті. Сарбаздар әуелі 1 апта әскери дайындықтан өтеді, одан соң жалпы әскери дайындық басталады. Ол жерде алғашқы саптық дайындықтары, сапта қалай жүру керек, қалай тұру керек барлығын үйренеді. Кейін жауынгерлік қызметке байланысты қандай міндеттерді атқарады соған даярлайды, -дейді Әділ Абдуалиев.

Ол сарбаздары қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде олар сақшы рөлінде қызметтерін атқарады. Қалай тұрады, егер сотталған негізгі қоршауға жақындаған кезде не істеу керек соның барлығын түсіндіріп, оны тәжірибемен ұштастырады деп отыр.

Бұдан кейін 6698 әскери бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары Нұржан Алданазаров әскерилердің 1 күндік режимімен жіті таныстырды.

Психологиялық-физикалық салмақ күннің алғашқы жартысына түседі. Өйткені сарбаздар 6:00-де тұрады. Жуынып-шайынуға, киініп, төсектерін жинауға 10 минут уақыт беріледі. Одан соң таңғы асқа барады. Таңғы астан кейін әр сарбаз медтексерілуден өтеді ,-дейді подполковник.   

Киім үлгісі тексеріледі. Сарбаздың киімі таза, тырнағы, шашы өспеген, жалпы жеке гигиена сақталған болу керек. Себебі сыртқы келбет барлығынан хабар береді деп отыр.

 1 әскери қызметшіге қарап, бүкіл бөлімше туралы пікір қалыптасады деген түсінік бар бізде. Сол үшін әрбір сарбаздан тазалық талап етіледі. Кейін жеке құрам 30 минут дене шынықтырумен айналысады. Сабақ 9:00-де басталады. Үш мезгіл тамаққа барады. Жалпы 6:00-ден бастап кешкі 22:00-ге дейінгі аралықта сарбаздар не істеу керек жазылып тұрады. Қарумен қалай жұмыс істеу керек, қорғаныста қалай тұру керек барлығы үйретіледі,-деді ол.

6698 әскери бөлім Ұлттық ұланның елге берген сертіне селкеу түсірмей, өздеріне артылған аманатты абыроймен атқарып келе жатқанына 10 жыл толып отыр. Аталған әскери бөлім жылына 1000-нан аса жауынгерлік қызмет атқарып келеді. Айтарлықтай дата. Қазіргі кезде бөлімше базасы жаңғыртуды сұранып тұр дейді басшылық құрам.

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: