Әскерге шабытпен аттанған сарбаздар табытпен оралмауы керек – Нартай Аралбайұлы

2 Қыркүйек, 17:10 515

Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы әскердегі әлімжеттік мәселесіне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нартай Аралбайұлының сөзінше, әр әскерге кеткен сарбаздың өміріне, қауіпсіздігіне мемлекет, Отан, мемлекет органдар, Қорғаныс министрлігі жауапты.

«Елімді, мемлекетімді, Отанымды қорғаймын» деп әскерге шабытпен аттанған сарбаздар табытпен оралмауы керек. Өзіміз оған куә болып жүрміз. Әскерге сап-сау кеткен жігіттер мүгедек болып келіп жатыр. Осыдан кейін «балаңды әскерге жібер» деп қай ата-анаға айтамыз? Біз кімді үгіттейміз, кімді міндеттейміз?, - деді ол.

Мәжіліс депутаты бүгінде әскердегі әлімжеттік мәселесі әлі де өршіп тұр деген пікірде.

Әскердегі әлімжеттіктен зардап шеккен сарбаздарға қатысты тергеуді мұқият қарау керек. Жуырда біздің бауырымыз зардап шекті. Алматыда қаралды, қазір үйіне оралды. Оған халқымыз 200 миллион теңгедеген астам қаражат жинап берді. Бірақ дардай жігіттің әскердегі әжетхананың ішінде құлап, басын жарып алды дегені ақылға қона ма?! Мен бұған мүлде сенбеймін. Сондықтанда әскердегі әлімжеттікті тоқтату қажет және оған тиісті реформа керек, - деді Нартай Аралбайұлы.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, көтеріліп отырған мәселемен жіті айналысу қажет.

Журналистік мансабымда тиісті министрлікпен сұхбаттасқанымда олар барлық жерге бейнекамера орнататындарын айтқан. Бүкіл жерге камера қойылса, оның нәтижесі қайда? Әскерде әлімжеттік болады, сарбаз зардап шегеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын сарбаз өзін-өзі атып өлтірді, жақында біреуі әжетханада құлады. Демек, бұл жерде әскерден бөлек, сол болған жағдайды тексеретін, тергейтін органдардың да арасында қандай да бір сыбайластық бар ма деген күмән туады. Бұны жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті мәселемен жіті айналысуымыз керек, - деді депутат.

Мәжіліс депутаты жастардың әскерге баруы үшін арнайы жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасындағы жастар әскерге өз Отанын шабытпен қорғауға барсын, табытпен келмесін десек, онда біз осы жүйеге толыққанды реформа жасауымыз керек деп санаймын. Бұл – біздің міндетіміз. Реформа әскердегі әлімжеттікті тоқтатудан басталады. Ең бірінші мәселе осы. Әскердегі қауіпсіздік, заманауи техника мен технологияларды қолдану мәселесін де міндетті түрде енгізу керек деп есептеймін, - деді Нартай Аралбайұлы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: