Әскердегі өлім-жітімді қалай азайтамыз?

25 Қыркүйек, 18:00 585

Күні кеше жан түршігерлік видео жарияланды. Бейнежазбада белгісіз біреу Ұлттық гвардия сарбазына күш қолданып, балағат сөздер айтып, ұрып жатқаны анық көрінеді. Өкінішке қарай, кейінгі кезде мұндай әскердегі әлімжеттік туралы жиі айтылып жүр. Тіпті, белсенділер онлайн петиция да жариялады. Ал жауапты министрлік алаңдайтын дәнеңе жоқ екенін алға тартады. Бүгінгі мақалада әскердегі әлімжеттік мәселесі төңірегінде сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз.

Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының тикток желісінде тараған Ұлттық ұлан сарбазының видеосынан хабардар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне шұғыл тапсырма жүктеген.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі президентке баяндалады. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады,- деп жазды Берік Уәли.

Қоғамды алаңдатқан мәселе туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауында да пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет.

Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты,- деген еді Тоқаев.

Бейбіт күнде әлімжеттік құрбанына айналғандар

Расында, әскердегі әлімжеттік жөнінде таралған жаңалықтарға қарасаңыз дене түршігеді. Мәселен, қыркүйектің басында Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында сарбазға оқ тиіп қайтыс болды. Бейресми мәлімет бойынша, гвардия лейтенантының оқтаулы тапаншасы байқаусызда атылып кеткен. Жауынгерді ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Бірақ сарбаздың әкесі кездейсоқ оқиға деген нұсқаға сенбейді. Әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде пистолет байқамай атылып кетуі шындыққа жанаспайтынын екенін алға тартады. Өйткені бірінші тапаншаны оқтау керек, сосын сақтандыру тетігін ағыту керек. Қайғыдан қан жұтқан әкенің сөзі ақылға қонымды. Оқ атылған Макаров пистолеті шүріппесіне қол тиіп кетсе, атылатын бесатар емес. Қауіпсіздік талаптары қарастырылған әскери қару.

Таяуда тағы бір келеңсіз жағдай орын алды. Аягөзге әскерге аттанған сарбаз өз-өзіне қол салғаны туралы жаңалық тарады. Әскери кафедраны тәмамдаған ол бірнеше күн ғана бұрын ресми қызметіне кіріскен екен. Ресми түрде, бұл оқиға суицид саналғанымен, марқұмның туыстары бұған күмән келтіреді. Себебі қайғылы күннен сәл алдында ғана туыстарына хабарласып, бұған дейін салып жіберген ақшаны қайтаруын, оны бастығы сұрап жатқанын айтқан екен.

Міне, мұның бәрі осы қыркүйек айында болған жағдайлар. Санамалай берсек, тізім бұдан да ұлғая беретіні түсінікті. Айдың-күннің аманында апталдай азаматтардың өзіне қол салуы немесе түсініксіз жағдайда өлім құшуы әскерге деген күмәнді күшейте түседі.

Азаматтық борышымды өтеймін деп кетіп, ақ матаға оралып келгендердің көбейгені ешкімді маза қалдырмайды. Әскердегі әлімжеттік осы аптада өткен Мәжілістің жалпы отырысында да көтерілді. Депутат Нартай Аралбайұлы Қорғаныс министрлі Руслан Жақсылықовқа сауал жолдап, түйткілдің түйінін табуды сұрады.

«Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай.

Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан», дейді Н.Аралбайұлы.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Алайда «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдырғысы келгендер көп болған ба, іс тараптардың бітімге келуімен аяқталған.

«2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасап жатыр.

7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып тастаған. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Осы орайда, депутат Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деген дерегін мысалға келтірді. Мәжілісмен сол видеокамералардағы жазбалардың қайда екеніне сұрау салды.

Депутат Нартай Аралбайұлы келтірген дерек, яғни кейінгі үш жылда 270 сарбаздың қаза болғаны туралы мәлімет 2023 жылы айтылған еды. Содан кейін тағы бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Демек, дәл қазіргі кезде азаматтық борышын өтеймін деп кетіп, ақ кебінмен келгендер саны одан да көп екені түсінікті.

Министрлік айтылған сынмен келіспейді

Алайда әскерге жауапты органдардың өз айтары бар. Мысалы, Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бұқаралық ақпарат бетінде жарияланған кей мәлімет шындыққа сай келмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, әскерде әлімжеттік бар деген түсінік жалған.

Сондай-ақ вице-минситр бейбіт уақытта әскерилер қаза тауып жатыр деген пікірге де шүйлікті. Генерал-майор шейіт болған сарбаздардың өлімі тек әскери қызмет салдарына байланысты емес.

Жағдайды талдай отырып біз мынадай қорытындыға келдік: әскери қызметшілердің өлімі мен жарақат алуына негізінен бірнеше себеп бар. Олар: қарумен, оқ-дәріні абайсыз ұстау, техниканы пайдалану кезінде техникалық қауіпсіздікті сақтамау, қызметтен тыс уақытта жол-көлік оқиғалары, ауруға шалдығу, отбасылық жанжалдар жағдайында суицид. Осы жағдайлардың 90 пайызы – әскери қызметпен байланысы жоқ жағдайда болып жатыр, - дейді Жазықбаев.

Министрдің орынбасары бүкіл оқиғаға жіті тексеру жүргізілетінін, әскери басқару органдарының бірінші басшыларына қатаң тәртіптік және кадрлық шешімдер қабылданатынын жеткізді. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, кейінгі үш жылда «дедовщинаға» байланысты жасалған қылмыстар 28 пайызға азайып, 23 оқиғаға дейін төмендеген.

Ресми деректерге қарағанда жағдай оңалып келе жатқандай көрінетіні жасырын емес. Алайда министрлік келтірген мәлімет қаншалықты сенімді һәм нақты? Жүз пайыз деп айтуға аузымыз бармайды. Өйткені депутат Нартай Аралбайұлы мысалға келтірген сарбаз Ербаян Мұхтарды бастапқыда «әжетханаға құлады» деген ресми мәлімдеме тараған еді.

Егер жауынгер шын мәнінде еденге құлағаннан осындай жарақат алса, миына ота жасап, қазіргідей халге түсе ме? Әлде, бұл «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей оқиғаны жылы жауып қоюға ұмтылу ма? Медициналық экспертиза суицид, ауру салдарынан деп қорытынды жазып берген жағдайлардың әскердегі әлімжеттік себебінен болмағанына кім кепілдік бере алады?

Қыркүйектің басында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистерге берген сұхбатында әскердегі өлім азайып келе жатқанын алға тартқан еді. Сондай-ақ қарулы күштерде заңбұзушылық та төмендегенін тілге тиек етті.

Дегенмен министр екі аптаның ішінде пікірін өзгерткен сыңайлы. Мысалы, 20 қыркүйекте ведомство басшысы Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен аттестаттау комиссиясының отырысы өткен болатын. Осы жиында министр бірқатар әскери шендіге сөгіс жариялады.

Бірінше кезекте, қоғам сендерден нені талап етеді? Жастардың өмірін сақтап қалу. Сендер алдымен қол астындағы адамдардың өміріне жауаптысыңдар. Олардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасауларың керек, - деді Руслан Жақсылықов.

Министр жиын барысында Әуе қорғанышы күштері бас қолбасшысының орынбасары Талғат Сыздықовқа ескерту жасады. Ал Нұртас Қабақовты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босату туралы өтініш білдіретінін жеткізді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өкімімен Нұртас Қабақов Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды.

Петициямен мәселе шешіле ме?

Әскердегі әлімжеттік пен өлімнің көбеюіне байланысты E-Petition сайтында «Мерзімді әскери қызметті алып тастау» туралы петиция жарияланды. Онда Қазақстанда сарбаздарға қатысты қайғылы жағдайдың көбейгеніне байланысты мерзімді әскери қызметтен бас тартуға шақырған. Петиция авторы бұған қатысты бірнеше себеп келтіреді. Мәселен, «дедовщина» мәселесін көтерген.

Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі «дедовщина» атауымен белгілі. Толық психологиялық дайындықтан және бейімделуден өтпеген әскерге шақырылғандар аға сарбаздардың зорлық-зомбылығы мен қысымының құрбанына айналады. Бұл ауыр психологиялық жарақатқа, тіпті суицидке әкеледі,- делінген петицияда.

Сондай-ақ мерзімді әскери қызметте жеткілікті деңгейде дайындық жасалмайтыны көрсетілген. Мәселен, сарбаздар әскер өмірінің әліппесін ғана үйренгенімен, нағыз жауынгерлік қабілеттің қыр-сырын меңгермейтінін алға тартады. Бұдан бөлек, жеткілікті деңгейде медициналық бақылау мен қауіпсіздік жоқ екені де айтылған.

Көптеген жас әскери қызметке байланысты психологиялық қысымды көтере алмайды. Психологиялық қолдаудың жоқтығы мен командирлер тарапынан түсінбеушілік бұл мәселені ушықтырады. Нәтижесінде, әсіресе дедовщина фонында және әскер ортасына қиын бейімделу жағдайында сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары тіркеледі,- дейді петиция авторлары.

Сонымен қатар әскери қызметті жастардың көбі жеке бостандығы мен мансаптық мүмкіндіктерін шектейтін міндеттеме ретінде қабылдайтынын алға тартқан. Бұл жауынгерлердің мотивациясының құлдыратып, жауынгерлік тиімділігін төмендетеді және жазатайым оқиғалар санының артуына ықпал етуі мүмкін деп есептейді.

Қазақстандағы әскерге шақырылғандар арасындағы өлім-жітім әскерге шақырылушылардың осалдығын, әсіресе «дедовщина», жеткіліксіз дайындық және тиімді медициналық бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Кәсіби армияға көшу қауіпсіздік пен қызмет көрсету жағдайын жақсартып қана қоймай, әскери қызметкерлердің дайындық деңгейін жақсартып, қайғылы оқиғалардың санын азайтар еді,- деп түйіндепті петиция авторы.

Әзірге петиция модерациядан өтпеген. E-petition сайтының бірінші бетінен көрінбейді. Дауыс беру мүмкін емес. Петиция қашан жарияланатыны әзірге белгісіз. Ал Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтен бас тартуға болмайтынын айтады.

Біріншіден, қарулы күштер мерзімді әскери қызмет арқылы Қазақстан Республикасының ер азаматтарын базалық дайындықтан өткізіп, қайтадан запасқа шығарып отырады. Егер де ҚР халқының басым бөлігі қолына қару ұстай алмайтын болса, онда ел басына күн туғанда, кім келеді? Оларды тез арада кім дайындайды? Екіншіден, келісімшартқа көшу туралы айтып отырсыз. Бұл әлбетте жақсы, бірақ еліміздің экономикасына ауыр тиюі ықтимал, - дейді қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.

Әскердегі әлімжеттікті шешудің тәсілдері бар

Депутат Ермұрат Бәпи де бұл пікірді қуаттайды. «Дат» газетіне берген сұхбатында мерзімді әскерді келісімшарт негізінде ұстауға бюджеттің қаражаты жетпейтінін алға тартады. Мәжілісменнің пайымдауынша, мұндай қадам еліміздің қорғаныс саласына қауіп төндіреді.

Қазақта «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Сыртқы саясатта дипломатияны сақтай отырсақ та, өзіміздің қорғаныс қабілетімізді нығайту керек. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген ұстаным – қорғаныс қауіпсіздігі саласында жүрмейтін тәмсіл. Бұл әлемдік жағдайдың талаптарынан туып отырған қажеттілік. Күні кеше Ресей президенті армиясының санын 180 мың адамға көбейту туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Ресей армиясының штат саны 2 миллион 389 мың адамға дейін артады, оның ішінде 1 миллион 500 мың әскери қызметші бар.

Дәл осындай жағдайда біздегі мерзімді әскери қызметті шектеу жөніндегі бастама ақылға қонымсыз. Егер өзіміздің елдігіміз бен егемендігімізді сақтап қалғымыз келсе, мұндай солақай бастамаға дес беруге әсте болмайды. Біз қазіргі 50–60 мыңдық әскерді келісімшарт арқылы толықтай кәсіби армияға көшіре алмаймыз. Себебі бюджеттік қаражат тапшы. Сондықтан біздегі армияның негізгі құрамы мерзімді әскерден құралуы керек. Бұл петиция елдің қорғаныс қабілетіне қарсы әлдебір сыртқы күштің «заговоры» деп айтар едім. Өз еліміздің қорғаныс қабілетін арттырамыз десек, мұндай далбаса бастамаларға еркіндік беруімізге болмайды. Қажетті әскерді толықтай келісімшарт негізіне көшіріп, мерзімді әскери қызмет жүйесін құрту – Қазақстан әскерін құртумен бірдей,- дейді Ермұрат Бәпи.

Қоғам белсендісі Айсұлтан Жақыпов әскердегі әлімжеттікті шешудің жолдары бар екеніне сенімді. Мұны мүлдем тоқтату мүмкін болмаса да, азайтудың тәсілдері жеткілікті екеніне назар аударады.

Әскердегі әлімжеттікті тию қиын. Болған. Егер әскердегі жүйені өзгертпесе, бола береді. 2008-2009 жылдары әскерді толықтай келісімшарт негізіне өткіземіз деген желеумен әскерде болмаған біраз жігітті бірден «контрактниктікке» алған болатын. Негізі осы бағытта жұмыс істей беру керек.  Бірақ барлығы келісім шарт қызметкері болған кезде өлім-жітім тоқтайды дей алмаймын.Әскерге барған әлжуаз жігіттер «контрактник» болса да, жауынгер болса да қағажау көреді. Бала мектепте, колледжде, универде әлжуаз болса әскерге келіп бірден Рембо боп кетпейтінін түсініңіздер. Дұрысы, әлжуаздардың әскерге келуіне жол бермеу керек шығар. Алайда мұндай жерлерде системаны мойындамайтын бірбеткейлерді де ұнатпайды. «Шакалдар» ондайларды да жабылып «сындыратынын» ескеру керек, - дейді Айсұлтан Жақыпов.

Мысал ретінде қоғам белсендісі бір шақырылымның балаларынан рота құрып, өзінен үлкендермен араластырмау тәжірибесін ұсынады. Оның пайымдауынша, мұндай тәсіл сәл де болса нәтиже берді. Дегенмен мұнда да шамалыдан соң мықты мен әлжуаз іріктелетінін, толық құтқармайтын әдіс екенін мойындайды.

Міндетті әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерді бақылаудың, тәрбиелеудің жаңа жүйесі керек. Оларды қару-жараққа үйрету, соғыс тактикасына үйрету әскери қызметкерлердің құзырында болып, кешкі мезгілдегі бақылау, кезекшілік «гражданский» адамға жүктелгені жөн. Сол «гражданский» әскери бөлім командиріне, министрлікке бағынбауы керек. Қазіргі тиімді дүние осы ғана. Бірақ бұл – уақытша шешім. Жемісін берсе әрі қарай жалғастырсын. Әкелер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері кезектесіп  кезекшілікке түсетін жүйе жасау аса қиын емес. Бұл қызметі үшін өз жұмысынан сол күні немесе ертеңіне босатылып, үстеме төленсе болды. Әскери бөліммен немесе министрлікпен меморандум жасап байқап көруге болады, -дейді Айсұлтан Жақыпов.

Осы орайда, өзі де әскерде борышын өтеп келген белсенді саннан гөрі сапаға мән берген жөн деп есептейді. Өйткені жастарды қаптатып жинап алып, құр автомат атқызудан пайда жоқ екенін алға тартады. Оның орнына, кәсіби шеберлігі мықты жауынгерлерді әзірлеу қажет.

Әлемдік тәжірибе қалай?

Негізі, әскердегі әлімжеттік мәселе бүкіл әлемде бар мәселе. Тіпті, келісімшарт негізінде әскер ұстайтын мемлекеттер де бұдан ада емес. Дегенмен көп жағдайда тиісті мекемелер мұндай мәселенің шешу жолдарын қарастырады. Сарбаздар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, психологиялық көмек береді.

Сондай-ақ міндетті (мерзімді) әскери қызмет көптеген елде қолданылады, алайда оның шарттары әртүрлі. Әскери борышты өтеу ерлер мен әйелдер үшін міндетті елдер де бар. Мысалы, Израильде барлық азаматтар 18 жастан бастап әскери қызметке шақырылады. Ерлер үшін 2,5 жыл, әйелдер үшін 2 жыл қызмет ету міндетті. Кейбір елдерде әскери қызмет ерікті болғанымен, соғыс жағдайында міндетті қызмет енгізілуі мүмкін.

Әлемде әскери қызмет мерзімі де әртүрлі. Мысалы, Швейцария мен Норвегияда бұл қызмет 12-18 айды құрайды. Ал Оңтүстік Кореяда ерлер үшін әскери қызметтің ұзақтығы шамамен 18-21 айға тең. Ең ұзақ мерзімді әскери қызмет Солтүстік Кореяда, онда ерлер 7 жылға дейін қызмет етуге мәжбүр. Кейбір елдерде әйелдерге де әскери борыш міндетті. Мысалы, Израиль, Норвегия, және Эритрея сияқты елдерде әйелдер әскери қызметке қатысады. Ал көптеген басқа елдерде әскерге бару негізінен ер адамдарға ғана міндеттеледі.

Швецияда міндетті әскери қызмет бір кездері жойылғанымен, 2017 жылы елде бұл жүйе қайта енгізілді. Швеция 2010 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатып, тек ерікті түрде қабылдау жүйесіне көшкен болатын. Алайда Ресейдің аймақтағы белсенділігі және басқа да геосаяси қауіптерге байланысты Швеция өзінің қорғаныс әлеуетін күшейту мақсатында әскери борышты қайтадан енгізу туралы шешім қабылдады. Қайта енгізілген міндетті әскери қызметке сәйкес, 18-47 жас аралығындағы азаматтар әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскери қызметке шақырылу ерлер мен әйелдерге бірдей қолданылады. Швецияның міндетті қызмет жүйесінде азаматтардың шамамен 4-5 мың адамын жыл сайын іріктеп алады, ал қызмет мерзімі 9-12 ай шамасында.

Литва 2008 жылы міндетті әскери қызметті тоқтатқан болатын, бірақ аймақтағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауына, әсіресе Ресейдің Қырымды аннексиялауына байланысты, 2015 жылы оны қайта енгізді. Бұл шешім Литваның қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында қабылданды. Литва Балтық елдерінің бірі ретінде геосаяси тұрғыдан Ресеймен жақын орналасқан, сондықтан аймақтағы қауіптерге ерекше мән береді. Литвада 18-23 жас аралығындағы ер адамдар міндетті әскери қызметке шақырылады, ал әйелдер бұл қызметке ерікті түрде қатыса алады. Жыл сайын шамамен 3-4 мың азамат әскери борышын өтеу үшін шақырылып, 9 ай әскери дайындықтан өтеді.

Сарапшылардың айтуынша, әскери қызметтің ерекшеліктері елдің ішкі саясатына, қауіпсіздік жағдайына және ресурстарына байланысты өзгереді. Авторитарлық елдерде әскери қызмет көбіне ұзақ мерзімді және қатаң түрде жүргізіледі. Демократиялық мемлекеттерде бұл қызмет ерікті немесе қысқа мерзімді болуы мүмкін​. Мәселен, АҚШ-та міндетті әскери қызмет 1973 жылы Вьетнам соғысынан кейін тоқтатылды. Бұдан кейін әскерге қабылдау толықтай ерікті негізде жүргізіледі. Дегенмен егер мемлекетке соғыс қаупі төніп, төтенше жағдай туындаса, Selective Service System арқылы ер азаматтарды міндетті түрде шақыру мүмкіндігі сақталады. Барлық 18-26 жас аралығындағы ер адамдар тіркелуге тиіс. Егер ел соғыс жағдайында болса, осы жүйе арқылы әскери қызметке шақыру қайта енгізілуі мүмкін​.

Ұлыбритания да міндетті әскери қызметті 1960 жылдардың басында тоқтатты. Соңғы рет 1963 жылы жастар азаматтық борышын өтеуге аттанды. Қазіргі таңда елдің қарулы күштері толығымен ерікті негізде жұмыс істейді. Сондай-ақ жастардың әскери қызметті таңдауы еркін түрде жүзеге асады. Әскери қызметтің міндетті түрде қайта енгізілуі төтенше әскери жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Франция 1997 жылы міндетті әскери қызметтен бас тартты. Бұған дейін әрбір 18 жастағы француз азаматы бір жылға дейін қызмет етуге тиіс еді. Қазіргі уақытта Францияда да әскерге қабылдау ерікті түрде жүргізіледі. Алайда елдің қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда міндетті әскери қызметті қайта енгізу мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары Франция президенті Эммануэль Макрон жастардың елге қызмет етуін ынталандыру мақсатында азаматтық қызметті (Service National Universel) қайта енгізуді талқылаған болатын. Бірақ бұл тек әскери емес, азаматтық жауапкершілікке бағытталған​

Германияның міндетті әскери қызметке қатысты саясаты бірнеше кезеңнен өтті. Мысалы, 1957 жылы Германияда міндетті әскери қызмет енгізіліп, ол 2011 жылға дейін қолданылып келді. Әскери қызметке шақырылған азаматтар 9 ай қызмет атқаруы керек еді. Бірақ 2011 жылы канцлер Ангела Меркельдің үкіметі елде бейбітшілік жағдайында міндетті әскери қызметті тоқтату туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде Германияда толықтай ерікті негіздегі әскери жүйе енгізілді.

Неміс бундесвері қазіргі таңда толығымен ерікті әскери қызметкерлерден тұрады. Бұл шешім қабылданған кезде, Германияның қорғаныс саласына және халықаралық әскери операциялардағы рөліне өзгеріс енгізу қажеттігі туындады. Әскери қызмет енді тек тұрақты жұмыс ретінде немесе ерікті түрде таңдалады. Бірақ Германияда әскери қызмет міндетті түрде қалпына келтірілуі мүмкін деген талқылаулар ара-тұра айтылып қалады. Соңғы уақытта елдегі қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелеріне назар аударылып, міндетті әскери қызметті қайта енгізу туралы ұсыныстар да көтерілді, бірақ нақты шешімдер қабылданған жоқ

Қорытынды орнына...

Ұзын сөздің қысқасы, кейінгі кезде қоғам әскердегі әлімжеттік мәселесіне қатты алаңдап отыр. Әр жылы бірнеше сарбаздың қайғылы жағдайларға ұшырап, өмірмен қош айтысуы ел ішінде үлкен резонанс тудыруда. Егер тәжірибелі жауынгерлер «дедовщина» әрекеттеріне бармаса, жас сарбаздар әскерден қашуға мәжбүр болмас еді...

Расында, армиядан қашып жүргендердің көбі әскердегі әлімжеттік пен қорқытып-үркітуден қорқатыны анық. Сарбаздарға көрсетілетін зорлық-зомбылық пен қысымды жою уақыты келді ме? Мұны болжау қиын. Осыған дейінгі оқиғалардан сабақ алатын кез жетті деп ойлаймыз. Әскердегі жағдайлар қайта-қайта қайталанбаса екен деп үміттенеміз. Азаматтық борышты өтеген дұрыс-ақ Алайда қай ата-ана мәпелеп өсіріп отырған баласын өлімге қияды?..

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: