Әскердегі келеңсіз оқиғалар жастардың әскерден қашуына себеп болып отыр – Мәжіліс депутаты

15 Маусым 2023, 12:49 1286

Мәжіліс комитетінің отырысында депутат Ерболат Саурықов ел жастарының әскери борышын өтеуге байланысты проблемаларды атады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутаттың айтуынша, елімізде жастар саясаты мәселесі мен ұлттық идеология ақсап тұр және жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық тәрбие жоқ.

Отбасы мен мектеп тәрбиесі, қоғамдық орта мен жұмыс орнындағы тәрбие төмендеп кеткен. Колледждер мен ЖОО қабырғасында күндізгі оқу формасындағы жастарды әскерден босату жастарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ниетін бұзып отыр. Сондай-ақ жастарымыздың бойында Отан алдындағы борышын өтеу керектігін ұмытып, санасында жеңіл қаржы мен табыс табу сияқты ойлар басымдыққа ие болып алған, – дейді мәжілісмен.

Сондай-ақ депутат қазіргі әскердегі келеңсіз оқиғалар күш көрсету, қаржы талап ету, еріксіз жұмысқа шегу, әділетсіздік орнату, адам өлімі мен түрлі суицидтер жастардың әскерге бармауының басты себебі болып отырғанын жеткізді.

Осындай бірнеше фактордың себебінен жастардың өзі тұрмақ, ата-аналар мен қоғамның тарапынан да наразылық күшеюде. Отанды қорғау мәселесіне біз немқұрайлы қарамауымыз керек. Әскери борышын өтеген жастарымызға бар мүмкіншіліктерді қарап, әлеуметтік салада жеңілдіктер қатарын көбейту қажет, – деп атап өтті депутат Ерболат Саурықов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: