Аскер Пириев: Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар өзара сыйластықта болса, сырт көздің сыйы артады

14 Қаңтар 2019, 11:56 3340

Астана қаласындағы «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» алғашқы рет 2007 жылы қоғамдық бірлестігі болып құрылып, кейін, 2010 жылы қайта тіркеуден өткен соң, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі болып атауын қайта өзгертті.

Орталық түрік этностарының тілін, мәдениетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын, тарихи мұрасын дәріптеу және қоғамдық келісімді сақтау мақсатында жұмысын жүргізіп отыр. 

Бірлестіктің төрағасы Аскер Аллабердіұлы Пириев – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам белсендісі, экономика ғылымдарының магистрі. ҚХА 20 жылдық мерекелік төсбелгісімен марапатталған.

—  Аскер Аллабердіұлы, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының құрылғанына он екі жыл болған екен. Біраз этномәдени орталықтары біраз уақыт ерте құрылған, сіздердің орталықтарыңыздың ашылуы не себептермен кешіктірілген?

—  Астанада этномәдени орталықтар ашылып жатқан тұста бұл жақта тұратын түрік этнос өкілдерінің саны аз еді. Орталық ашу үшін де біраз өкіл керек болды. Түріктер көбіне оңтүстікте орналасқан ғой. Мысалы, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында тұрады.

2007 жылдары оқуға түсіп, жұмыс істеуге келген түрік азаматтардың саны көбейген соң, орталық құрылды. Сөйтіп жұмысымызды бастап кеттік. Мені 2011 жылдан бері орталық мүшелері екі рет төраға етіп сайлады. Бұл да мен үшін мәртебе.

Этномәдени орталық дегенде, ол тек түрік ұлтының өкілдері деп қабылдамау керек, онда бірнеше ұлт өкілдері тонның ішкі бауындай араласып жатады. Бұған біздің орталықтың мүшелерінің әр ұлт өкілдерінен құралатыны дәлел.

—  Өзіңіз қоғамда белсендісіз, сіздей жетекшісі бар орталық мүшелері де қалыс қалмайтын шығар. Атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктер жайында айтып өтсеңіз.

—  Ең бастысы он екі жыл бұрын құрылғанымыздың өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Осы жылдарда орталықтың жұмысы жанданып, үлкен іс-шаралар ұйымдастырдық. Үнемі қалалық және республикалық түрлі іс-шараларға қатысып отырамыз. Айта берсек көп. Дегенмен де маңыздысына тоқталып кеткен жөн болар.

Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ұйымдастырып, жәрдем бердік.

Соңғы жеті жылдан бері көзі көрмейтін зағип әйелдер қауымына Халықаралық әйелдер күні мерекесінде іс-шара ұйымдастырып жүрміз. Онда нәзік жандылар өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленеді. Расымен де, жиылған қауымның қошеметі мен сыйлаған гүл шоқтары сол жандардың көңілін едәуір көтеріп тастайды. Соның бәрін сыртынан бақылап отырғаннан-ақ жан дүниең рақаттанады екен. Жалпы, осындай іс-шара қоғамда жанашырлық тудырып, қайырымдылыққа бейімдейді.

Сонымен бірге «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыруға атсалысамыз. Мұны әкімшіліктермен бірлесе, әлеуметтік көмек қажет ететін отбасылардың балаларына киім-кешек, сабаққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз.

Ораза кезінде Түркістан, Ақмола облыстарында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратып, балаларға тәтті сыйлықтар жасадық, ауызашар бердік. Шамамен жүз отбасын қамтыдық.

Түрік этномәдени орталықтың ерекшелігі – қайырымдылық акцияларына қосыламыз немесе өзіміз ұйымдастырамыз.

Былтырғы жылы Алғыс күнінде Астана қаласының түрік, өзбек, ұйғыр, тәжік этномәдени орталықтары мешітпен бірігіп іс-шара өткіздік. Сол кезде қоғам, мемлекет, мәдениет қайраткерлерінің үйлеріне барып, өз кезінде жақсылығын асырған қарияларымыздың көңілін сейілтіп қайттық. Оларға жасаған еңбектері үшін алғысымызды білдіріп, өткен күндерден естеліктерін тыңдай отырып, өзімізге рухани азық алып қайттық.

— Игілікті іс атқарып жатыр екенсіздер. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру, оны жүзеге асыру бір адамның қолынан келе бермесі анық. Орталықта қанша мүше бар?

— Иә, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Мен төрағасы болып жүргеніммен, қасымда ниетіміз, көңіліміз, мақсат-мүддеміз бір кішіпейіл адамдар көп. Әйткенмен, де көбісі өздерінің жасап жатқан шарапатты істері туралы көпке жария қылғанды қаламайды. Ол да түсінікті жағдай. Өйткені жақсылық жүректен туындайтын қасиет. Кейде өзім оларға «Басқаларға үлгі боларлықтай аттарыңды атап айтайық» деймін де, сонда да есімдерін айтқызбайды.

Сондай-ақ, орталықтың жастар ұйымының жетекшісі, әрі менің көмекшім, биыл ғана медициналық академияны бітіріп шыққан Ислам Рашидов өте белсенді мүшеміз. Барлық іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Жалпы орталықта елуге тарта белсенділігімен көзге түсіп жүрген мүше бар.

— Сіздер Түркияда тұрып жатқан этникалық қазақтармен қарым-қатынас орнатқан екенсіздер. Сол жайында атсаңыз толығырақ?

— Иә, соңғы жылдары Түркияда тұрып жатқан этникалық қазақтармен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Екі жыл бұрын Түркияда туып, кейін Еуропаға көшіп кеткен, яғни, Келн, Париж, Амстердамда тұратын қазақтармен кездестік. Олардың да ол жақтарда өз орталықтары бар екен.

Ересектері қазақ тілін білгенмен, өкінішке орай, жастар жағы білмейді екен.

Әңгіме барысында ересектер жастарға ана тілін үйретуді қалайтындығын айтқан болатын. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайын ниетте екенімізді білдірдік. Осы мақсатпен қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдік жастарға жазғы мектеп ұйымдастыру үшін Астана қалалық білім басқармасына ұсыныспен шығамыз деп отыр. Бұйырып, іске асып жатса, әлеуметтік жоба деп атаймыз.

Мен осындай үрдістер арқылы өзге елдерде тұрып жатқан қандастарымызбен өзара сыйласатын болсақ, қаншама мемлекеттердің алдында абыройлы боламыз деген сенімдемін. Жалпы Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар өзара сыйластықта болса, сырт көздің сыйы артады. Отандастарыма осыны айтқым келеді.

Түріктер жетпіс бес жылдан бері қазақ елінде тұрып жатыр. Осы күні бір-бірімізді жат көрмей, қоян-қолтық араласып кеттік. Өз кезінде қазақтар бізді жылы қарсы алып, бауырына басты. Қазір «сен, мен» деп бөлінбейміз.

Адам баласының бойындағы ең асыл қасиет – алғыс айта білу. Менің қазақ халқына деген алғысым шексіз.

Кезінде түрік ұлты қандай қамқорлық пен қолдау көрген болсақ, біз де сыртта жүрген қазақтарға қол ұшын берейік деген ниеттеміз. Жырақта жүрген бауырларымызға сый-құрмет көрсету өте қажет. Қайталап айтайын, біз бір-бірімізге осындай қарым-қатынас танытатын болсақ, сырт көз де сондай қатынаста болады.

— Орталықтарда әдетте сол ұлттың мәдениетін дәріптейтін шығармашылық ұжымдар құрылады. Сіздерде бұл жағы қарастырылған ба?

— Иә, жалпы қарап отырсам, Астанадағы этномәдени орталықтарда өздеріне тән бірегей тұстары бар екен. Бәрі жиылып іс-шара ұйымдастырса, бірін-бірі толықтырып тұрады. Әзірге бізде шығармашылық ұжым құрылмаған. Жастарымыз өсіп келе жатыр, болашақта мәдениетімізді дәріптейтін ұжымдар қалыптасады. 

Былтырғы жылы студент жастардың арасында түрік тілін білу деңгейін зерттедік. Көбісі телехикаядан аздап сөз үйренгендері байқалды. Барлығы білетіндей, қазір екі ел арасында туристік байланыс орнаған. Тіпті Түркияға бармаған қазақстандықтар кемде кем шығар.

Біздің де мақсатымыз түрік еліне барған әр адам әуелі қандай сөздерді білуі керек, ол жақта адамның сөйлеу барысында іс-қимылы нені білдіретінін ұғындыру болды. Біз қажетті сөздер мен ишарат білдіру мағыналары жазылған парақшалар тараттық. Зерттеу нәтижесі ұтымды болды.  

— Орталықта Елбасының Жолдауында берілген тапсырмалардың қай бағытын басымдыққа алып жұмыс істеуді көздеп отырсыздар?

— Елбасы әр уақытта өзінің Жолдауларында әлеуметтік мәселелерді қозғап, жүйелі бағыттарды айқындап отырады. Адам өмірінде осы әлеуметтік саланы оңтайландырылғанын керек етеді.

Қазақстанның жері кең, географиялық жағдайы да жақсы. Мал ұстасаң да, егін ексең де, жеміс-жидек өсірсең де ыңғайлы. Сол байлықты дұрыс пайдаланып, игілігімізге жарата білуіміз керек.

Өзіміздің ортада мен жастарға мал дәрігері мамандығын меңгеріңдер деп айтып отырамын. Мысалы, біздің кезімізде аса көп мүмкіншілік бола қойған жоқ. Ал қазір мүмкіндіктер де, таңдау да саналуан.

Жақында мен бір әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өте зерек, алғыр баланың бар екенін естідім. Ол халықаралық ғылыми конкурсқа қатысқысы келетін ниетте екен. Сонымен бірге ол өзінің жүлделі орынға қол жеткізетініне сенімді. Енді сол балаға көмек қолын созу мақсатында ауыл әкімшілігімен, ақсақалдар алқасымен кеңестік. Қайырымдылық жасауға ниетті азаматтарға да құлаққағыс еттік.

Ой түйінінде сол әлеуметтік салада жастарға қолдау көрсету жағына көп көңіл бөлсек дейміз.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының сіздің өміріңіздегі орны?

— Отбасында көп бала болдық. Көпшіл болып өстім. Ассамблея да сол балалы үйдің қара шаңырағы сияқты көрінеді маған.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Ассамблея қоғамда ауызбіршілікті сақтап отырған маңызды институт. Оның атқарып отырған рөлі зор. Мемлекетімізде қандай да бір өсу динамикасы болса, яғни, саясат, экономика, әлеуметтік тұрғыда, оның басты себебі – қоғамдағы тұрақтылық.

Өз кезінде он бес ел тарап, өз алдына тәуелсіздік алғанда, Қазақстан көпұлтты мемлекет болып қалыптасып, өзінің өрлігін сақтап қалды.

Жеке басыма келетін болсақ, Ассамблея көптеген мүмкіншіліктерді берді. Мысалы, мемлекет үшін маңызды іс-шаралардың бел ортасында жүріп, үлес қосуым. Елбасымен кездесіп, пікірлесіп, ол кісінің бастамаларын жүзеге асыру. Ассамблея сессияларына қатысып, ондағы тапсырмаларды орындау. Яғни, Ассамблея - еңбектің адамына әрдайым жол ашатын бағдаршам. Мұның бәрінен рухани байып, ой-өрісіміз кеңейеді. Өйткені еліміздің түпкір-түпкірінен жиналатын ниеттестеріммен дидарласып, өзара тәжірибе алмасамыз.

Жалпы зиялы тұлғалар бір шаңырақтың астында бас қосқанда, естіген, білгеніңнен қуат алып, ішкі жан дүниең тазарып, тың ойлармен толығасың. Бұны білім азығы десем, артық айтқандығым емес. Әрі ол - жұмыс істеу үшін мотивация.

—  Латын әліпбиіне қатысты ойларыңызбен бөлісіп жүргеніңізді білемін...

—  Латын әліпбиіне қатысты әлеуметтік желілерде біраз жазбалар жариялағаным рас. Ақын-жазушылар, жастар, жалпы зиялы қауыммен ондаған іс-шараларды ұйымдастырып, модератор да болдым. Соның барлығынан байқағаным: бәрі де қолдап отыр.

Жастар заманауи гаджеттерді пайдаланғанда, қысқа хаттарды, постарды латын әріптерімен жазады екен. Оларға меңгеру қиындық туғызбайды. 35-40 жас аралығындағыларға да меңгеру оңай болуы тиіс. Ал елуден асқан адамдарға оны бірден үйреніп кету оңайға соқпасы анық, дегенмен де олар мектепте, ЖОО қандай да бір тілді оқыған, яғни, латын қарпі жат дүние емес.

Дей тұрғанмен де, қоғамда аз болса да, латын қарпіне көшуді латын тіліне ауысамыз деп қабылдайтындар бар екен. Ақпараттың жеткіліксіз деуінен аулақпын, дегенмен де, әлеуметтік желіде мұны жиі жариялап тұру керек екен деген пікірге келдім. Түсіндіру жұмыстары егжей-тегжейлі жүргізілсе, оны түсінбейтін адам болмайтын шығар. Енді осыны жүйелі түрде іске асыру керек.

Латын қарпіне ауысуға старт берілді. Оның үстіне Елтаңбамызда «Qazaqstan» деп латынша жазу пайда болғаны мені өте қуантты.       

Осы орайда айта кететін бір жайт, көршілес елдердің тәжірибесіне сүйену қажет деп ойлаймын. Мысалы, Өзбекстан екі рет, Түрікменстан екі рет ауыстырды. Бұл алдыңғы әліпбидің шалалау болғандығынан туған үдеріс.

Әзірбайжан ауысты, Түркия елінің ауысқанына жүз жылдай болды. Түркітілдес елдер жайлап әліпбиін ауыстырып жатыр. Яғни, бұл мәселе қоғамда жан-жақты талқылануда деген сөз.

Біздің қолданысқа ұсынылып отырған әліпби әзірбайжандармен ұқсас. Бір оң тұсы – олар «ә» әрпін сақтап қалды. Дегенмен де «х» әрпін сол күйі қалдырған, ал ол латын қарпіне көзі үйренгендер үшін оқылуда «икс» деп оқылып кетеді.

Сондай-ақ Түркия көптеген әріптерін жойып алды. Осындай ерекшеліктердің барлығын ескерусіз қалдыруға болмайды.

Латын әліпбиіне көшу мәселесін насихаттау жұмыстарына педагогтарды, кәсіпкерлерді, зияткер қауымды жұмылдыру керек деп ойлаймын.

— Заманауи технологияларды ұтымды пайдаланасыз. Осыған орай қандай ұсыныс білдірер едіңіз?

— QR-код деген бар. Оны өзімнің ұялы телефоныма қондырып алып, қолданып жүрген жайым бар. Сол арқылы көптеген мәліметтер алып жүрмін. Мысалы, өткенде бір ескерткіштің тарихын біліп алдым. Қазақстанда цифрландыру науқаны жүріп жатқаны баршамызға мәлім.

Мен бір жиында мынадай ұсыныс жасадым: QR-кодты қолданушылардың есебін жүргізу керек. Қанша адам қолданды? Қандай тілде ақпарат алған екен? Оның ішінде қанша қазақстандық? Олай болса, қазақ тілінде ме, әлде орыс тілінде ме? Шетелдік азаматтар қолдана ма екен? Пікір қалдыру мүмкіншіліктері болды ма? Міне, осы тұрғыда статистикалық қызығушылық туындап отыр. Жалпы мұны дамыту керек. Елімізге келген шетелдік қонақтар қалағанын қиындықсыз білуіне көп көмек. QR-код әрі ішкі туризмге қажетті дүние.

—   Өзіңіз неше тіл білесіз?

— Түркі тілдердің барлығын білемін. Жалпы тіл үйренуге қабілеттімін. Қазақ тілі мен түрікшені білген адам Алтайдан Дунайға дейінгің тілдерді түсіне алады екен.

Мен, мысалы, үйде татарстан каналын қараймын. Ондағы мақсатым – жаңа сөз үйрену. Қырғызстан каналын да қарап отырамын арасында. Ағылшын тілін жеткілікті білемін.

— Отбасында қай тілді қолданасыздар?

— Отбасымызда қазақ, түрік тілін көп қолданамыз. Бірақ балаларымды қазақ тілді балабақшаға бердім. Ондағы мақсатым – әуелі мемлекеттік тілді үйренсін, сол тілде сөйлеуге машықтансын дегенім. Одан кейін өзінің қалауымен оқу тілін таңдауды өз еркіне қалдырамын.

Отбасымда қазақ тілін үйреніп, осы тілде сөйлеу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Қазақ тілінде сөйлеуге, телебағдарламаларды көруге тырысамыз. Тіпті өзім көлікте «Жұлдыз ФМ» радиосын тыңдаймын. Бұл радио толқыны тәулік бойы қазақ тілінде бағдарламалар мен әндер қояды. Сол арқылы сөз байлығымды молайтамын. Балаларыма да тыңдатамын. Жүргізушілердің қазақ тілінде сөйлеуі сондай ұнайды, менің көңілім толады. Отандық өнім дегенге таза қазақ тілінде жазатын, сөйлейтін БАҚ-ты да енгізу керек.

Тіл білу дегенде, мынаны да айтқым келеді, адам өзін қоршаған ортаға қарай бейімделеді. Мысалы, мен шетелге барғанымнан білемін, бір аптаның ішінде барған жерімнің тілін ұғына бастаймын.

Балабақшаның барлығын қазақ тілді қылу керек деген пікір айтылған болатын. Мен оған толықтай қосыламын. Жаппай қазақтілді балабақша болса, барлық бала мемлекеттік тілді үйреніп, сөйлеу қабілетін шыңдайтын еді. Тілі енді шығып, қалыптасып келе жатқан балаға қазақша тәрбие беріп, оқытса – ол ұлттың, мемлекеттің, қоғамның болашағы үшін маңызды болмақ.

— Биылғы жыл - Жастар жылы. Олар сіздің жаныңызға үйір. Осы орайда не айтарыңыз бар?   

— Шынымен де, биылғы жыл жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Былтырғы жылы жастармен жиі кездесу өткіздік. Біздер жастарға «Жоба әзірлеп, өздеріңді көрсетіңдер, қолдайтын адамдар бар. Болашаққа баратын мүмкіндіктерді құр жіберіп алмаңдар» дейміз. Өйткені бір жыл деп айтқанмен, ол көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді. Қазіргі атқарған жұмыстарың ертеңгі күнге жолдама. Уақыт зымырап өтеді.

Кеше ғана 2010 сияқты еді, міне, 2019 жылды қарсы алып отырмыз. Бұдан кейін жастар жылы қашан болады?! Сол жағын ойлану керек.

Бүгін жас болса, ертең отбасылы үлкен азамат болады. Әрқайсысы ұрпақ тәрбиелейтін кезеңге жетеді. Бізге тәуелсіз мемлекетті әрі қарай дамытатын ұрпақ керек. Сондықтан қазірден біз оларды дайындауымыз қажет.

Жаһандану дәуірінде Қазақстан әлемге танылды, есігіміз бәріне ашық. 2035 жылы қандай заман болады? Ол кезде Қазақстанның келбеті қандай болмақ? Әлемде қандай өзгерістер болады? Міне, 2019 жыл соған үлкен дайындық.

— Сіздің өз ортаңызда медиатордың рөлін атқарып жүретін әдетіңіз бар. Сіздіңше медиация деген не?

— Әуелі қоғамда медиация неден пайда болды деген сұраққа келейікші. Бұрындары ақсақалдар татуластыратын, пәтуа айтып, жөнге келтіріп отыратын. Ақсақалдар бар жерде бітімгершілік өзімен-өзі жүретін. Ақсақал деген көп сөйлемейтін, артық тұрыс-жүрісі жоқ, әбестік қылықтар жасамайтын парасатты тұлға деп танылатын. Қазір ондай заманнан кеттік.

Бұған дейін орта және жас буын ақсақалдарды сыйлап, соларға бағынатын. Сол кісілердің айтқанын тыңдап, пікірлеріне құлақ асатын. Бірақ, қарап отырсам, өздерін сол орынға дайындамаған екен.  

Мен өз ортамда, құрдастарымның арасында үнемі осыны айтып отырамын. Біз орта буын ретінде сыйлы болатын ақсақалдыққа дайындалуымыз керек деймін.

Қария кезіңде сені сыйлау үшін бүгіннен бастау керек. Ол үшін іс-әрекетіңе, сөзіңе жинақы әрі абай болу керек.

Қажет кезінде өз ортамда медиатордың қызметін атқарып кететіндігім осы сөздерден болуы керек. Көбінесе дос-жарандар сенім артып, кеңес сұрап келетін тұстар болады. Әділді болу үшін екі жақты объективті түрде тыңдап, көпшіліктің пікіріне құлақ асып, соңынан қорытынды жасаймын.  

— Бала кезіңізден өмірлік азық болатындай қандай естелік қалды?

— Мен әжемнің баласы болдым. Бала кезімде әжемнен әлденені сұрасам, бірден жауап бермей, қасына отырғызып алып, ғибратты әңгіме айтатын. Сол кезден өзіме ой түйетінмін, арада он жыл өткен соң, басқа түсінік пайда болады. Тағы бір он жылдан кейін сол ғибратты әңгімеден өзіңе бір пайым түйесің. Сөйтіп бір ғибратты әңгімеден жыл артқан сайын бір ой түйесің. Бұл ақылдың толысып, парасаттылықтың пайда болатындығын білдіреді.

Мен өзіме сабырлық сақтауды үйреттім. Бұған Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари сияқты ойшылдардың сөздерін оқитындығым себеп болды. Солардан өзіме тәлім аламын.

— Отбасыңызда өзіңіз қалыптастырған бірегей дәстүр бар ма?

— Мына сұрағыңыздың өзі бірегей. Бірақ сұрағыңызға жауабым бар. Статистикалық мәлімет бойынша бір жанұя тәулікте бір-біріне уақытты аз бөледі екен. Қазіргі заманауи техникалар дамыған уақытта адамдар бір-бірімен тілдесуден қалып барады дейді. Осыған орай айына бір немесе үш рет үйдегі жарықты өшіремін. Балалар қонақ үйге жинала қалады да, майшамды ортаға қоя қоямын, соның айналасына үйірілеміз. Сол кезде арамызда байланыс басталады. Балаларға қызық болатын кітап оқимын. Болған соң балаларымнан оқылған әңгімеден не түсінгендерін сұраймын. Балаларым ойы мен пікірін ортаға салады. Оларды ести отырып, өскендерін байқаймын.

Майшам маңындағы жиынның балаларға тағы бір ұнайтын тұсы – естеліктер айтқаным. Олардың туған уақытысынан бастап бастан өткен естеліктерді айтсам, оларға сондай ұнайды. Сонымен бірге өзімнің бала кезімдегі естеліктермен бөлісемін. Қой баққанымды айтамын. Балалық шағымда «жаз тезірек келсе екен, ауылға барып қой бағатын» дейміз ғой. Далада мал бағу да өз алдына бір философия. Оны қазіргі қала баласы түсіне ме?!

Адамның есінде қиын сәттер көп қалады екен. Студент кездерімізде жұмысқа барамыз ғой, соның ішінде мақта теру қиын болатын. Күздің қара суығында дірдек қағып, мақта жинайтынбыз. Содан жаман болған жоқпыз әйтеуір.

Сосын бала кезімде көршінің шабдаласын сұраусыз аламыз, сол үшін ұрыс естиміз. Сондағы шабдалыны алу – шабдалы емес, сұраусыз алу үдерісі. Бұл да бір дәурен екен. 

Сонымен қатар сабақ барысы әңгімеленеді. Қандай қиындықтар бар немесе қандай жаңалық аштың деген сияқты әңгімелердің басы қайырылады. Сөйтіп жарты сағат деп жоспарлағаным, екі сағатқа созылады. Бұл отбасының мүшелерін бір-бірімен жақындастырады. Осы кезде балаларыңды тани бастайсың. Олардың қаншалықты өскенін байқайсың. Олардың қаншалықты ойлау қабілеті дамып келе жатқанын зерделейсің.  

Осы орайда балаларымның не айтқаны маңызды емес екенін, олардың қалай ойланғаны маңызды екенін айтқым келеді. Ойлары позитивті ма, әлде негативті ма? Әйтеуір саналарын зерделейсің және дер кезінде көмек бере аласың.

Қазіргі гаджеттерді қолдануда балалар әртүрлі сайттарға кіруге зор мүмкіндіктері бар. Олардың немен айналысып, шұғылданып жүргенін бақылай алмаймыз.

Шектеу қою мүмкін емес. Сондықтан осы жағдайда менің қалыптастырған дәстүрім – оңтайлы тәсіл.

Тіпті кейбір таныстарыммен бөлістім. Оларға да ұнады. Ендігі балаларым да менен келесі майшамның айналасындағы отырыс қашан болады деп сұрайды. Бұл әдісті де не жалықтырмай, не ұмыттырмай жасаймын. Сағындырып барып бас қосамыз.

Менің уақыт тәртібім – айына бір рет, әрі кетсе үш рет.

— Өмірлік ұстанымыңыз? Пайымыңыз қандай?

— Адамның өмірінде ұстаным болуы маңызды. Менің ұстанымым – қолдан келгенше қоғамға пайдалы болу және адамдарға қолдау, жол көрсету.

Өмірімде жамандықтан алыс жүруге тырыстым. Ақыл мен парасаттылық арасы екі түрлі екенін ұқтым. Адамға парасаттылық келе пайда болады ғой.

Әжем туралы айтқанымдай, пайым он жылдан кейін өзгеретініне сенімдімін. Өмірде бәрін білу мүмкін емес. Адам өмір бойы бірдеңені үйрену үдерісінде жүреді.

Жастармен жиі кездесіп жүресіз дейсіз ғой. Жастар сен білмейтін сұрақ қояды. Сол кезде әрине білмейтіндігіңді жасырмайсың. Кейін сол сұраққа жауап іздеп, білмегеніңді біліп аласың. Соның арқасында қосымша білім аласың. Жастармен кездесу осындайымен қызық. Бұл – пайымым.

— Ойдың жетегіне ерген кезде қай тілде ойланасыз?

— Қазақша тілде ойланамын. Бұны бірнеше рет өзім де байқадым. Ата-анам түрік ұлты болса да, қазақ тілі бойымызға әбден сіңген.

Әкем қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болды. Бұл тұста да қызық естелік айта кетсем. Әкем мұғалім кезінде интерактивтік тақта сияқты дүние жасады. Қазақстанның картасындағы қала аттарының тұсына кішкентай шам тағып қоятын. Абайдың туған жерін көрсету керек болатын болса, Абай дегенге басса, Семей қаласы шығатын. Бұл өз алдына тиімді әдіс болды.

— Ұлтаралық татулық ұғымы сіз үшін нені білдіреді?

— Қазақстан – менің Отаным. Осы жерде тамырым терең жайылды. Қазақстанда барлық халықтарға мүмкіндіктер жасалған. Тілімізді, тарихымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді білу үшін шектеу қойылмаған.

Былтыр Астана қаласындағы №28 мектептің негізінде жексенбілік мектеп аштық. Ол жерге тек түріктер емес, басқа да ұлт өкілдері келеді. Татулықтың белгісі осыдан танылады. Мысалы, менің ұлдарым да шешендердің биіне қатысады. Бір-бірінің мәдениетін сыйлап, құрметтеп жүргені – бір ғанибет!

— Қандай кітаптарды зейін қойып оқисыз?

— Көбінесе тарихи кітаптар мен шытырман хикаяларды оқимын. Мен бір ғана авторға тәнті емеспін. Қазіргі кезде Ресейде тұрып жатқан Жамбыл облысының тумасы Сергей Лукьяненконың туындылары ұнайды. Оның жазған шығармаларында міндетті түрде Қазақстан туралы болады.

Жалпы жазушыларда тәнті ететіні – ұшқыр ойы. Мысалы, Крылов мысалдарында жанауарлар арқылы қаншама ойды жеткізеді.

Дегенмен Абай мен үшін ерекше. Абайдың пәлсапасынан сусындаймын. Ұлы ақынның шығармалары таптырмас, баға жетпес құндылықтарға толы.

— Өзіңіз шығармашылыққа бейімсіз бе?

— Өлең жазатын кездерім болады, бірақ ол көңіліме қонбай қалады. Бала кезімде әдебиет үйірмесіне қатыстым. Әкем өлең жазудың мәнісін үйрететін. Кейде бір толқыныс болады, сол кезде қалам түртемін. Бірақ онымды көпшілікке ұсынбаймын.

— Қызықты, пайдалы сұхбатыңызға рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: