Әскер мен спортты қатар алып жүру оңай емес - екі дүркін әлем чемпионы атанған полковник Мақсат Бекмұханбетов

2 Желтоқсан, 13:22 2486

Қоян-қолтық ұрыстан (Рукопашный бой) екі дүркін әлем чемпионы Мақсат Бекмұханбетов әскери салада еңбек етеді. Оның өмірі мен еңбек жолы – ерлік пен қажырлы еңбектің, табандылық пен күрестің үлгісі.  El.kz тілшісі халықаралық ареналарда жеңіс тұғырынан көрініп, әскери салада да жоғары қызметті қатар алып жүрген азаматпен кездесіп, сұхбаттасып қайтты.

El.kz: Мақсат Жексенәліұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз? 

Мақсат Бекмұханбетов: Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келдім. 2005 жылдан бері  ішкі істер органдарында қызмет етемін. Қазір ҚР Үкіметі аппаратының Қазақстан Республикасы мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің кадр жұмысы, кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлық басқармасының бастығы, фельдъегерлік қызмет полковнигі қызметіндемін.

сурет: El.kz

El.kz: Қазіргі әскери шеніңіз полковник екен. Қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы болу мен әскери қызмет арасында қандай байланыс бар?

Мақсат Бекмұханбетов: Жалпы, қоян-қолтық ұрыс дегеніміз (рукопашный бой) деп аталады. Бұл – әскери қызметшілер, оның ішінде құқық қорғау, жалпы әскерилердің қызметіндегі күнделікті қолданатын әдістердің бірі. Бір жерде жауынгерлік көз тәсілдері десе, енді бір жерде қоян-қолтық ұрыс деп атап жүр. Сондықтан әскери адам болса да, құқық қорғау органдарында қызмет етсе де, өзін қорғау мақсатында яғни, құқық бұзушылық жағдай болған кезде ең бірінші заң талаптарына сәйкес дене шынықтыру күштері, оның ішіндегі жауынгерлік күрес тәсілдері қажет болады. Мен бұл спортқа 2013 жылы келдім. Ал негізі өзімнің басты спорттық бағытымның бірі – бұл еркін күрес. Алты жастан бастап таеквондоға бардым. Одан кейін каратэ, каратэ-доу сияқты спорт түрлерімен айналыстым. Қоян-қолтық ұрыспен 2013 жылдан бері айналысып келе жатырмын.

El.kz: Спорттағы жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз?

Мақсат Бекмұханбетов: Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктерінде, кубогтарында I орын, одан кейін әлем кубоктарына шығып, жеңіске жетім. Атап өтер болсақ, 2021 жылы Ташкент қаласында қоян-қолтық ұрыстан өткен әлем чемпионатында I орын, одан кейін 2023 жылы Астана қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстың өзін-өзі қорғау бөлімі бойынша әлем чемпионатында I орын иеленіп, осылайша қазіргі таңда әлемнің екі дүркін чемпионы деген атағым бар.

El.kz: Екі дүркін әлем чемпионы болу оңай болмаған болар. Бұл мақсаттарға жету үшін қандай стратегияларды қолдандыңыз? Жеңіске деген талпыныс қалай болды?

сурет: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мақсат Бекмұханбетов: Қоян-қолтық ұрыста (рукопашный бой) ішінде бес бағыт, оның ішінде екінші бөлімде, қоян-қолтық ұрыстың ішінде кәдімгідей рингке шығып төбелесетін өзін-өзі қорғау бөлімі бар. Мен сол екінші дисциплина бойынша айналысамын. Одан кейін жаңағы ММА жекпе-жегі, әскери бағыттары тағы бар. Спорт болғаннан кейін спортқа жай ғана жетістіктер келмейді. Оған дайындық, мотивация, физикалық тұрғыдан дайындықтар керек. Мен өзім спортшы екенмін деп жай ғана спортпен айналысып, жетістікке жете алмайсың. Ол үшін сенде жаттықтырушы болу керек. Саған әр уақытта бағыт-бағдар беріп, психологиялық, моральдық, физикалық тұрғыда дайындайтын адам қажет. Енді жарыстарға келген кезде, әлем чемпионаттары, әлем кубогтары, қандай да бір жарыстар болсын алдын ала дайындық өткізіліп, жаттығу жиындары болады. Мысалы, әлем кубогына біз бір ай бұрын дайындықты бастаймыз. Бірінші физикалық тұрғыда бәрін келтіргеннен кейін тактикалыққа көшеміз. Әр мемлекетте өзіме қарсылас болатын спортшылардың бәрін білемін, қай жерде, қандай мемлекетте, маған қарсы шығатын мықты спортшылар бар, соның әрқайсысына тактикалық тұрғыда дайындалып, жоспар құрамыз.  

Осындай жоспар мен дайындықтың, рух-жігердің арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Бұл жетістікке мен өзім ғана келдім, жеттім деп айта алмаймын. Біріншіден, бұл жаттықтырушым Әділ Тоқтарханұлының арқасында деп білемін.

Енді біз әскери адам болғандықтан, құқық қорғау органында қызмет атқарғаннан кейін спортпен қызметті қатар алып жүру өте қиын. Таңнан кешке дейін жұмыстасың, одан жұмыстан шыққасын жаттығу залына бару керек болады. Бар-күш жігеріңді сол залда көрсету керексің. Оңай нәрсе емес. Сол себепті жаттықтырушы деген осындай кезде үлкен бір септігін тигізеді. Яғни, сен кешкісін белгіленген уақытта жаттығуға келгеннен кейін бос жүрмейсің. Мәселен қызметте үлкен бір лауазымды полковник болып жатсаң, жаттығу залында сен кәдімгі спортшысың. Бұл жерде сенің атақ-дәрежеңе қарамайды. Жаттықтырушының айтқанымен жаттығу жасайтын боласың.

El.kz: Енді жаңа спорт пен жұмысты бірге алып жүру оңай емес деп айттыңыз ғой. Осы әскери қызметіңізде спорттың рөлі қандай?

Мақсат Бекмұханбетов: Жалпы әскер, құқық қорғау органдарының қатарында қызмет атқаратын адамның қандай да бір спорт түрімен айналысу қашанда керек. Төменгі қатардағы жауынгерден бастап, жоғарыдағы лауазымды генерал басшыларына дейін спортпен айналысады. Бізде дене шынықтыру бағыты бойынша арнайы бұйрықтарымыз бар. Соған сәйкес аптасына екі рет дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. Оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдері бар. Сондықтан әр қызметші, әр құқыққорғау органдары осы бекітілген циклға байланысты осындай дене шынықтыру сабақтарымен айналысады. Енді бұл дене шынықтыру сабағына әр қызметкер физикалық тұрғыда дайын болу керек. Оны меңгерген қызметкер ертең қылмыскерді ұстау немесе өзін-өзі қорғау барысында заңның белгіленген талаптарына сәйкес, жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға құқығы бар. Сол себепті әр қызметкер физикалық тұрғыда дайын деп ойлаймын. Әр уақытта бұған күш-жігерімізді салып, дайындалып жүреміз. Соның ішінде спорттық жолға түсіп кетендер де бар. Мен сияқты спортшылар, құқық қорғау органдарының, әскери қызметшілердің арасында өте көп. Қазір қарап отырсаңыздар, бүкіл әлемдік деңгейдегі жарыстарда біздің азаматтарымыз құқық қорғау, қарулы күштер қатарындағы қызметкерлер өнер көрсетіп жүр.

Енді бұл спорттағы жетістіктердің бірі ол залдағы жетістік, жаңағы жаттықтырушының арқасы болып жатса, қызметте осыған қолдау көрсетіп, уақытылы жаттығу жиындарына, әлем біршіліктеріндегі жарыстарға жіберіп, қолдау көрсететін бұл біздің басшымыз ҚР Үкіметі аппаратының Қазақстан Республикасы мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің бастығы, фельдъегерлік қызмет полковнигі Арнұр Абайұлы Икранбеков. Осы кісінің бастамасымен, жігерлігі мен қайраттылығы, қолдауының арқасында жетістіктерге жетіп жүрген жайым бар. Әр уақытта жаттығу жиындарына, әлемдік біріншілік жарыстарға жіберіп, өзінің мотивациясын, бағыт-бағдарын беріп отырады. Алғысымды білдіремін. Сондай мықты азаматтардың бірі, спорттан хабары бар басшы әр кез спортшылардың жағдайын жасап отырады. Енді жағдайын жасап отыр деген кезде бізге бір ақша беріп отыр деген сөз емес. Яғни, осындай жиындарға жіберіп, біздің жетістікке жеткенімізге қуанып отырғанының өзі үлкен бір жетістік деп ойлаймын. Сондықтан осы қызметке келгеннен бері қолдап, бағыт-бағдар беріп отырады. Менде екі жаттықтырушы біреуі Әділ Қайырбаев, екіншісі Арнұр Икранбеков деп әр жиындарда айтып отырамын. Бірі қызметтегі жаттықтырушы болса, енді бірі залдағы жаттықтырушы.

El.kz: Әскери адам ретінде жастарды тәрбиелеуде, қандай құндылықтар мен дағдыларды дамыту маңызды деп санайсыз?

Мақсат Бекмұханбетов: Енді әскери қызметші болғаннан кейін жалпы құқық қорғау, әскери болсын, әр әскери адам өзінің отанына берік және адал патриоты болу керек. Мемлекет бізге осындай лауазым беріп, шен тағып, жағдайымызды жасап, бүкіл мүмкіндікті беріп жатқаннан кейін біз елге қызмет ету керекпіз. Сол себепті құқық қорғау органына келген әр қызметкер ең бірінші антына берік болу, адал қызмет атқару қажет. Оның ішінде берген тапсырмалар, соның бәрін орындауға сақадай сай тұруы керек. Дайын болу қажет дегенде, қызметін атқарып, азаннан кешке дейін жұмыс істеп кету емес. Ол жерде өзінің тапсырмалары, жұмыстары, қызметтері мен бағдарлары бар. Соның бәрін заң аясында бұлжытпай орындауға бар күш-жігерін салу керек. Біздің әр осы құқық қорғау органдарындағы қызмет атқаратын қызметкерлердің санасында сондай бір түсінік, сезім болатын болса, құқық қорғау органдары одан сайын дами береді деген ойдамын. Енді тек бір орында тұрып қалмай, әріқарай дами түсу керекпіз. Президентіміздің тарапынан барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Қазіргі жұмыстар қарқынды.

сурет: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Қазіргі таңда жастардың көбісі әскерге барғысы келмейді. Мектеп бітіргеннен кейін қашып, көбісі қорқақтайды. Әскерге барса, оған бір жағдай болып қалуы мүмкін деген сияқты ой қалыптасып қалған. Содан кейін бәрі қорқынышпен бір үреймен қарайды. Мен өзім әскер қатарында екі жыл қызмет атқардым. Әскерге мектеп бітіргеннен кейін кеттім. Екі жыл сол жерде әскери борышымды өтедім. Өте қызықты, болашаққа бір мотивация, тәрбие беретін орта. Әскер қатарында жауынгер болып жүрген кезде офицерлерге ертең біз осындай офицер, полковник майор боламыз, арнаулы атақтар аламыз деген арман болды. Міне, сол армандардың бірі орындалды деген ойдамын. Сол себепті жастар әскер қатарынан қашпау керек.

Бұл ертең сырттан жау шапқан жағдайда, он сегіз жастан бастап, қарияға дейін қару ұстайтын кез болған кезде еліңді қорғау үшін соған дайын болу керек деген сөз. Біздің еліміз-жеріміз кең байтақ, әр адам осы елдің тұрғыны. Өзінің елін қорғауға әр уақытта дайын болу қажет. Біздің президентіміздің сындарлы саясатының арқасында біз бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ешкімнен кем емеспіз, қалғаны бәрі уақытымен өзі келеді деген ойдамын. Сондықтан құқық қорғау органдары, әскери қызметтің, қызметшілердің бәрі осы Қазақстан Республикасының дамуына қосып отырған үлесінің бірі ішкі тәртіп, біздің шекарамыз деген сияқты. Ал қалғандары алдағы уақытта тағы да жақсара түсетініне сенімдімін.

El.kz: Қоян-қолтық ұрыспен айналысатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Бұл спорттың ерекшеліктері мен қиындықтарын қалай жеңуге болады?

Мақсат Бекмұханбетов: Қоян-қолтық ұрыс дегенде көбісі түсінбей жатады. Енді аудармасы солай болғасын, оны өзгерте алмаймыз. Орысша (рукопашный) десе, көбісі түсіне қояды. Бұл – өте әмбебап спорттың түрі. Әсіресе, әскери қызметшілердің арасында өте сондай бір қарқынды дамыған. Бізде осы қоян-қолтық ұрыс бойынша республикалық турнир, әлем біріншіліктері мен әлем кубоктары өтіп тұрады. Оны ішкі істер министрлігі, мемлекеттік күзет қызметі, қорғаныс министрлігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі, барлық күштік құрылымдардың басшылары қолдайды.

сурет: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Қоян-қолтық ұрыс спортында арнайы өздерінің құрама командалары бар. Мысалы, жақында бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің 10 жылдығына орай Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында үлкен бір жарыс өткізілді. Сонда бүкіл біздің құқық қорғау органдары мен жаңағы күштік құрылымдардың құрама командалары келіп, өте қызықты және  қарқынды жарыс өтті. Бұл дегеніміз – біздің жаңағы әскери қызметшілердің рухы. Әрине, ертеңгі күні жау шапқанда қолына найза алып, қарсы тұрамын дейтіндей батырларымызды көрсетеді. Қоян-қолтық ұрыс тек құқық қорғаумен әскери қызметкерлердің арасында ғана емес, әр республика, облыс, қала орталығында біздің федерациялар құрылған. Республика бойынша 100 мыңнан аса жастар ,ересектер, айналысады. Жеті жастан бастап бұл спортқа қабылдана береді. Бұл спорт түрімен шұғылданатындар ертеңгі күні ММА спорт түріне барған кезде қиналмайды. Көп жағдайда қоян-қолтық ережелеріне сәкес келеді.

El.kz: Болашақ жоспарларыңыз қандай?

Мақсат Бекмұханбетов: Қазір алға қойған мақсатымның бірі келесі жылы Стамбұлда әлем біріншілігі өткізіледі. Негізінен әлем біріншілігі екі жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады. 2025 жылы Түркияда болады деп бекітілді. Сол мемлекетке барып, әлемнің үш дүркін чемпионы болу, мақсат-жоспарым да сол.

Қазіргі таңда осы спорттан шәкірттерім бар. Олар да белгілі бір жетістіктерге жетіп жатыр. Осы жақында Астана қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде бір шәкіртім сол жерде чемпион атанды. Енді бірі жүлдегер болып жатыр. Алдағы мақсатымыз спорт түрі бойынша өзін-өзі қорғау бөлімін әріқарай дамыту. Бұл өте керек дүние. Оны мектеп программасына енгізсек те болады. Әр бала өз-өзін қорғай білетін болса, кез келген шабуыл түріне төтеп бере алады.

Сондықтан мектептің бағдарламасына енгізетін болса, өте дұрыс болады деген ойдамын. Бұл – ұрып-соғу емес, тек қана өзін-өзін қорғау. Қазір жас балаларды зорлап кетті немесе адам өлтіріп қойды деген оқиғаларды естиміз. Бәріміз де қыз-ұл тәрбиелеп отырмыз. Қорқамыз. Ертең оның болашағы қалай болады екен деп алаңдаймыз. Қазір мұның бәрімен мемлекет күресіп жатыр. Сол себепті әр бала айналысқан дұрыс.

El.kz: Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рақмет! 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: