Қасиетті Қазақстан: Алматы облысының киелі жерлері мен ескерткіштері

18 Маусым 2021, 13:33 23877

Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру

 

«Қасиетті Қазақстан» тізіміне кіретін қасиетті орындар мен табиғи ескерткіштер қатарында Алматы облысына тиесілі ерекше ескерткіштер мен ұлттық құнды мәдени мұралар бар.

 

Алматы облысы – Қазақстан Республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан әкмішілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы – 224,0 мың км2. Облыс халқының саны – 2 013 294 адам (1 қараша 2017 жылғы мәлімет). Облыстың әкімшілік орталығы 2001 жылдан – Талдықорған қаласы. Батысында – Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы – Қарағанды, солтүстік-шығысында – ҚХР-мен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы. Облыс құрамына 16 әкімшілік-аумақтық бөлініс – Ақсу, Алакөл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Райымбек, Сарқант, Талғар, Ұйғыр, Іле аудандары кіреді.Облыстық бағыныстағы үш қала – Қапшағай, Талдықорған, Текелі және аудандық бағыныстағы жеті қала -Есік, Жаркент, Қаскелең, Сарқант, Талғар, Үшарал, Үштөбе, сондай-ақ 13 кент бар. Жалпы саны 836 елді мекен 274 ауылдық,кенттік және қалалық округтер құрамына кіреді.

 

Алматы облысы аумағы ежелден адам баласын қызықтырып келеді. Ең ерте кезге жататын археологиялық ескерткіштер тас дәуіріне жатады. Облыс аумағынан бірнеше палеолиттік тұрақтар анықталған. Кейінгі палеолитпен мерзімделінетін олардың бірі – Қарғалы маңындағы Майбұлақ ескерткіші. Қазба барысында ежелгі адамдардың тас құралдары, ошақ орындары анықталған. Мезеолиттік дәуірге жататын Ақсу тұрағынан да тас құралдары көптеп табылған. Ал неолитке жататын тас құралдары бірнеше жерден теріліп алынған. Тас дәуірінің тұрақтарынан табылған материалдар байырғы адамдар үшін осы өңір қасиетті мекен болғандығын, бұл жерде олардың тіршілік етіп, өсіп-өнгендігін,жануарларға,рухтарға,түрлі табиғи күштерге табынғандығын дәлелдейді.

 

Жетісу жерінен қола дәуіріне жататын бірнеше археологиялық мәдениеттер анықталған. Сонымен қатар андронов тарихи-мәдени қауымдастығына енген өзге де археологиялық мәдениеттер белгілі бір кезеңдерде мұнда өз ықпалын жүргізді. Бағзы тайпалар осыдан 4-3 мың жыл бұрын Қазақстанның өзге аймақтарындағы қауымдар сияқты егін өсіріп, мал баққан, қос дөңгелекті арба жасап, жортуылмен алыс-жақын елдерге жол салған. Олар тек мал,егін шаруашылығымен ғана айналыспай, металл балқытып, күнделікті тұрмыс пен шаруа қамында пайдалануға қолайлы құралдар мен бұйымдар жасауды да меңгерген. Жартас беттеріне суреттерді қашап салып, өздерінің қастерлі дүниетанымын, қоршаған ортаға көзқарастарын әлемге паш еткен. Және де мол археологиялық олжалар олардың түрлі ғұрыптық, сан алуан діни іс-шараларды атқарғандығын нақты дәлелдейді. Қола дәуіріне жататын жүздеген археологиялық ескерткіштер осы кезеңдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен ғана хабар беріп қоймайды, сонымен қатар олардың діни көзқарастарынан, олар үшін киелі саналған ұғымдардан да мол мәлімет береді.

 

Б.з.б 1 мың жылдық басындағы табиғи-климаттық жағдайдың өзгеруіне орай ежелгі Жетісу өңірінде де көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс салты орныға бастаған. Б.з.б 8 ғ-дан кейінгі кезеңдерде қазіргі қазақ даласының ұлан-ғайыр парсылар «сақ», қытайлар «сэ», ал гректер «скиф» атандырған елдің даңқы шартарапқа жайылды. Олардың ат құлағына ойнайтын шабандоздығы мен атқан оғы мүлт кетпейтін мергендігі, т.б жауынгерлік қасиеттері туралы ежелгі дүние жиһанкездері мен жылнамашылары таңдана, тамсана жазды. Тіпті, сайыпқыран сақ ұландарының сесті бейнесі оларға қайтпас қайсарлықтың аллегориялық үлгісі – кентавр кейпінде көрінген еді. Б.з.б 4-3 ғ-ларда сақтар өздерінің тұңғыш мемлекеттігін бірлестігін құрғаны, оның орталығы қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағы – Жетісу өлкесі болғаны да белгілі. Дәулеті мен сәулеті артқан бұл елдің әлемдік өркениет сатыларына өз өрнегін қалдырып, адамзат тарихындағы ірі де кемелді мәдениет үлгісін қалыптастырғанына куәміз. Ғылыми-танымдық әдебиеттерде «аңдарды бейнелеу әдібі», «аң стилі» деп жалпылама атаулармен енген ежелгі сақ өнерінің алтын мен қоладан құйылған үздік туындылары Қазақ елінің ғана емес, сондай-ақ дүние жүзі музейлерінің кәделі экспонаттарының қатарынан орын алып, көне түркілер әлемінің адамзат қоғамының қалыптасуы мен дамуында жетекші орын иеленгенін дәлелдейді. Әрине, б.з.б 1 мың жылдық ағымында қазақ даласын, соның ішінде Жетісу өлкесін жайлаған ежелгі тайпалар мен ұлыстардың тегі мен тілі хақында тарихшылар әр алуан пікірлер мен тұжырымдарды алға тартып келеді. Көбінесе олар үнді-иран, үнді-еуропа тілдерінде сөйлеген деген жорамал жеңістік бермей, аксиомалдық дәйекке айнала жаздаған. Тек соңғы кезеңдердегі археологиялық, антропологиялық,эпиграфикалық,этнологиялық зерттеулер мен салыстырмалы талдаулар қола ғасыр тайпаларының, әсіресе сақтардың ежелгі түрік тілдерінде сөйлегенін қуаттайтын пікірге табан тірей бастады. Оның үстіне Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы 26 таңбаны оқуға талпыныс жасаған зерттеуші мамандар мәтіннің ежелгі түрік тілінде жазылғанын дәлелдеуі негізсіз емес.

 

Сақтар ежелгі парсылармен тығыз қарым-қатынас жасап, б.з.б 4-5 ғ-ларда Ахеминедтер империясының құрамына да кірген. Ахеминедтерден қалған сына жазуының деректемелерінде, сондай-ақ «тарих атасы» - Геродоттың еңбектері мен Заратуштраның діни уағыздамалары – «Яштар» кітабында сақтардың тайпалық топтары жөнінде аз да болса деректер келтіріледі. Солардың, яки «хаомоварга», «тиайпарадрайа» және «тиграхауда» деп аталатын сақтардың соңғы тобы ғылыми-деректі болжамдар бойынша Солтүстік Қырғызстан мен Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігін мекендеген. Тіпті, «шошақ бөріктілерді» Арал теңізі маңын жайлаған атақты массагет тайпаларымен туыстырып, біртұтас этномәдени тізбекте қарастыратын дәйектер де бар.

 

Жетісу өлкесінен табылған «сақ пирамидалары» - Бесшатыр және Есік обалары жергілікті сақ тайпаларының адамзат өркениетінің көшбасында тұрған мәдениет иелері, қоғамдық-саяси құрылымы жетілген әлеуметтік қауымдастық болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар обалы қорымдардың және петроглифтердің топографиясы мен олардың өте-мөте көптігі Қазақстан территориясының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігін ежелгі заманда адамдардың жаппай мекендегенін дәлелдейді. Үлкенді-кішілі Іле,Талас,Қаратал,Лепсі,Есік,Шелек,Шарын,Кеген және басқа өендерінің аңғарларында тастан және топырақтан үйілген көптеген обалар шоғырланған. Олардың дені жүздеген үйінділері бар молалы алаңдар болып келеді. Мысалы,Жуантөбе қорымы 300 обадан тұрады. Жетісудың ғасырлар бойы қалыптасқан басқа да осы тәрізді ірі-ірі обалы қорымдарында әр кезеңнің жерлеу орындары бар. Осындай археологиялық көріністі көріп, А.Н.Бернштам «патша сақтары мен усундер нақ осы Жетісуды мекендеді» деген қорытындыға келді.

 

Б.з.б 5 ғ-ға жататын Бесшатыр қорымының сақ «пирамидалары» Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы ең ежелгі, жер үстіндегі ағаш архитектураның өте сирек кездесетін ескерткіштері – бөренелерден тұрғызылған ірі-ірі жерлеу орындары саналады. Шамасы,олар Іле өзені аңғарын мекендеген жетісулық сақтардың киелі орны болуы керек. Жүздеген жылдар бойына сақтар мұнда Құдайға құлшылық етіп, қисапсыз құрбандық шалған, әртүрлі діни жоралғылар жасаған. Мұнда діни рәсімдер мен жоралғылар өткізілетін орындар менгірлер мен қой тастардан ұлан-ғайыр қоршаулар тұрғызылып белгіленген.

 

«Есік» обасы – Жетісудың «патша» сақтарының ең көрнекті ескерткіштерінің бірі. Сақ заманындағы қатардағы қауым мүшелерінің қабірлері көлемі, жерлеу құрылымы мен қойылған заттары жөнінен бесшатырлық және есіктік үлгідегі «патшалық» қабірлерден мүлдем өзгеше. Сақ мәдениеті әуелгі кезеңінің жерлеу орындары – 1-2 Қарғалы, Алтынемел қорымдары. 1-Қарғалы қорымы осылай аталатын қойнауда орналасқан. Сақ заманының соңғы кезеңіне 3-Қадірбай, Қарашоқы және Қызылауыз сияқты ескерткіштер де жатады.

 

Сақтар үшін кез келген оба, ірілі-кішілі қорымдар киелі орын саналды. Мұны осы ескерткіштердегі құрбан шалған орындар, құрбандық қалдықтары, т.б. заттар нақты дәлелдейді. Әсіресе патшалар үшін алып обаларды тұрғызуы тегіннен-тегіс емес еді. Сақтар ата-баба рухына сенді, олар ұрпағын қорғап отырады деп есептеді, сонымен қатар кейбір ғалымдар Митра, т.б. құдайларға сенген деп те есептейді.

 

Сақтар секілді усун ұлысы Орталық Азия аумағындағы алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі болды. 8 ғ-дағы тарихи жазбалардың деректеріне қарағанда усун ұлысының шығыс шекарасы Бесбалық қаласының аумағы арқылы өтіп, батысында Шу,Талас өзенінің бойына тіреле, Қаратаудың шығысы сілемдеріне дейін созылып жатқан. Орталығы Іле аңғарына аралығындағы «Қызыл Аңғар қаласы» дейді.

 

Ежелгі деректемелерде усундар туралы сөз болғанда «Усун-го» - усун мемлекеті және «Син-го» - көшпелі мемлекет, сирек болса да «Би-цзу» - тайпа, тайпалық одақ деген терминдер қолданылады. Бұл кездейсоқ немесе Хань әулеті шенеуніктерінің білместігінен шыққан атаулар емес. Өйткені, ұлы, кіші гуньмолардан өзге «сянь-да-лу», «ю-да-лу», «хоу», «да-гян», т.б. шен дәрежелер мен қызметтік атаулар болған. Б.з.б 2 ғ-да халқының саны 630 мың адамға жеткен усундер атты әскерлер мен жаяу садақшылардан тұратын көп әскер шығара алған. Гуньмо мен тақтың екі мұрагерінің әрқайсысы 10 мыңнан 30 мыңға дейін атты әскер жасағын құрған. Б.з.б 73 жылдың өзінде-ақ усундердің жері үшке: сол жақ, оң жақ және гуньмоның өзіне қарасты орталық бөліктерге бөлінді,бірақ олардың бәрі «Гуньмоға жоғары дәрежеде тәуелді» болды.

 

АЙҒАЙҚҰМ – табиғат ескерткіші. Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылының аумағында, Үлкен және Кіші Қалқан тау сілемдерінің алты жерінде кездеседі әрі ТМД елдері аумағында ең үлкені болып табылады. Өте майда желдің өтінде қолдың қырындай болып шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Құмды төбенің биіктігі – 150 м, ұзындығы – 8 км, ені – 3 км. Айғайқұм кез келген уақытта ән сала бермейді. Шілденің шіліңгір ыстығында үнсіз жатқан Айғайқұмға жеткен жел лезде үдеп, Айғайқұмның екі шетіндегі Үлкен және Кіші қалқандарға соғылып, еркелеп өтетіндей көрінеді. Жетісу құмды тауының ерекшелігі – құрғақ күндері реактивті ұшақ үніне ұқсас әндете алуында және қалпын өзгертпей,басқа орынға көшпей, бір жерде ұстап тұруында. Құрғақ күндері әуенді дыбыс шығып, оның әуені бірнеше шақырымға жайылып, алыстан да естіліп тұрады. Кейбір пікірлерге сүйенсек, құмның ұсақ бөлшектері бір-біріне үйкелген кезде осындай әуенді дыбыс шығады екен: жеңіл самал жел шиқылдаған дыбыстар шығарса, қатты жел орган дыбысына ұқсас әуен шығады. Алайда желсіз күнде де құмның әуенін тыңдауға болады.

 

АЙТУ БИ КЕСЕНЕСІ – Алматы облысы, Қаратал ауданы, Оян ауылының кіреберіс жолында орналасқан. 17 жасында Айту Балқаш көлінің арғы бетіндегі Арғын еліндегі ел дауын әдел шешкенде Қараменде әулиенің сүйсіне қарағанынан, еліне тауық соқыр болып қайтқан екен. Кейіннен Қараменде әулие Айтудың көзі кем болғанын естіп, өзім барып, үшкіріп жазып беремін деп ниеттенген екен. Бірақ Балқаштың мұзы еріп кетіп, жете алмапты деседі ескі әңгіме. Әулие жамандық ойламаған, сүйсінген дейді, демек «көз тиген».

 

АҚЫН САРА ЕСКЕРТКІШІ – қазақтың белгілі ақыны Сара Тастамбекқызының мүсіні. 1972 жылы Қапал ауданындағы Абай ұжымшарында орнатылды. Авторы – петербургтік мүсінші М.Ващенко. Сондай-ақ арқалы айтыскер ақынға Ақсу ауданының І.Жансүгіров кентінде де ескерткіш орнатылған.Оның авторы – мүсінші Т.Досмағамбетов. Облыс орталығы – Талдықорған қаласында ақын Сара және Біржан сал көшелерінің бойында да ақынның қола ескерткіші бар.

 

АҚЫН САРА КЕСЕНЕСІ – ақын Сара бейітінің басына 1993 жылы бұрынғы Қапал ауданының «Қапал» кеңшарындағы «Қарашоқы» қорымына салынған ескерткіш.

 

Биіктігі – 10 м, табиғи тастан қаланған күмбезі бар. Ақын Сараның жерленген орнын жергілікті мәдениет қызметкерлері 1979 жылы анықтаған. Кесене республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады.

 

АЛАКӨЛ – табиғат ескерткіші. Алакөл көлі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шегарасында, жартылай шөлейт аймақта,теңіз деңгейінен 347 м биіктікте орналасқан. Оған 15-тен аса сала келіп құяды. Сасықкөл,Ұялы,Жалаңашкөл және басқа да біршама кіші көлдермен бірініп, Алакөл көлінің жүйесін құрайды. Көлдің аумағы – 2696 шаршы км, судың көлемі – 58,5 км3,ұзындығы – 104 км, ені – 52 км, орташа тереңдігі – 22 м, неғұрлым терең тұстары – 54 м, жағалау жиегінің ұзындығы – 348 км.

 

Көлдің орталық бөілігінде үш аралдан тұратын архипелаг бар, онда 1998 жылы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған. Аумағы – 65672 га. Қорықтың аумағы 12 телімге бөлінген. Қорықта өте сирек кездесетін реликті шағала ұя салып, балапан өрбітеді. Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан да қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады. Қорық жануарлар дүниесіне бай. Мұнда балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 269 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алакөл қорығының туризмді дамытудағы маңызы зор.

 

Алмату, Алматы – орта ғасырлардағы қала орны. Қазіргі Алматы қаласы тұрған жерде орналасқан. Алматудан қалған ескерткіштер 20 ғасырдың 40-50 жылдарына дейін сақталған. Оларды алғаш 1938 жылы өлкетанушы Б.Н.Дублицкий зерттеген. «Тау қыратындағы» қазба жұмысы жүргізілген төбе үстіне кейін үйлер тұрғызылған. Төбенің көлемі – 140х150 м, солтүстік-батыс қабырғасынан тік бұрышты алаңша қосылған, биіктігі 0,5-0,7 м келетін қабырғамен қоршалған, бұрыштарында дөңгелек мұнаралары болған. Қала орнынан табылған ыдыс сынақтары 10-12 ғасырларға жатады. Мұндай құрылыс орны Ботаника бағының орнында да болған. Ол жерден 1969 жылы бірнеше құмыралардан, сырлы сапты ыдыстардан тұратын көмбе табылды. Табылған ыдыстар 11-12 ғасырларға жатады. Бұрынғы шекарашылар мектебінің аумағында жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде орта ғасыр ұстаханасының орны ашылған. Әр жылдардағы қазба жұмыстары кезінде Шағатай ұлысында 1270-71 жылдары Масуд бек реформасынан кейін соғылған теңгелер ұшырасты. Бір бетіне соғылған жерінің аты көрсетілген. Мұның бәрі Алмату 10-14 ғасырлар аралығындағы ірі қала орны болғанын дәлелдейді.

 

Жазба деректерде Жетісудың ірі қалалары қатарында «Алмату» қаласымен бірге «Алмалық» қаласының да болғандығы айтылады. Сондай-ақ көне Алматы//Алмалық қаласы ғалымдардың зерттеуі бойынша, Іле өзенінің бойында, қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы аумағы – Хоучен уезінде, Қазақстан шекарасына іргелес Қорғас ауданының солтүстік-шығысында 15 км жерде орналасқан орта ғасырлардағы көне қала жұрты ретінде де белгілі. Алмалық туралы Шыңғыс хан жорығына қатысушы қытай ғұламасы Чанчунь Жэнрэнның, шуршіт Елуичусайдың сапары туралы жазбаларда, «Юань тарихында», Алмалықтың өзінен шыққан тарихшы-ғалым Жамал Қаршидің «Мұлхақат ас-Сурах» атты еңбегінде, сондай-ақ М.Х.Дулати, Рашид ад-Дин, Ала ад-Дин Ата Мәлік Жуайни, Бабыр кітаптарында, армян патшасы Гетум қолжазбаларында мол мағлұматтар келтірілген. Атақты итальян саяхатшысы Марко Полоның әкесі мен бауыры біраз уақыт Алмалықта тұрған.Алмалықты кезінде «Орталық Азия жұмағы» деп атаған. Елуичусай қала мен оның маңында жабайы алмалар өсетіндігін жазған. Шағатай ұлысының құрамына енгеннен кейін Алматы//Алмалық саяси, экономикалық және діни орталықтардың біріне айналды.

 

«Алтын емел» ұлттық табиғи паркі – табиғат ескерткіші. Ұлттық парк Кербұлақ ауданының аумағында 1996 жылы ұйымдастырылған. Іле өзенінің солтүстігінде орналасқан. Ауданы – 460 мың га. Оның құрамына Жетісу Алатауының сілемдері: Шолақ, Дегерес, Матай, Алтынемел, Қояндытау таулары, Үлкен Қалқан, Ақтау жоталары және өте сирек кездесетін табиғат ескерткішінің бірі – Айғайқұм енеді. Үш ландшафтты – таулы-далалық, құмды-шөлді және қиыршық тасты белдеулерден тұрады. Парк археологиялық ескерткіштерге, ежелгі таңбалар мен суреттер салынған үңгірлер мен тастарға бай. Сақ дәуірінде салынған «Бесшатыр» обаларының маңызы үлкен. Ш.Уәлихановтың мемориалдық кешені осында орналасқан. Паркте өсімдіктердің 1800 түрі өседі. Олардың 21 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген болса, 60 түрі Жоңғар Алатауы мен Іле-Балқаш бассейнінде сирек кездесетін өсімдіктердің қатарына кіреді. Жануарлар әлемі бойынша, саябақтың аумағындағы 56 түрлі жануар Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Соның ішіндегі 25 түрі жәндік, 3 түрі балық, 2 түрі қосмекенді, 1 түрі бауырымен жорғалаушы, 12 түрі құстар, 10 түрі сүтқоректі. Саябақты ұйымдастырудың мақсаты ретінде бірегей табиғат кешенін сақтауды, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауды, азайып бара жатқан әрі сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтап қалуды және экологиялық туризмді дамыту саясатын атауға болады.

 

Аңырақай шайқасына арналған есерткіш – саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орын – Алматы облысы, Қарасай ауданы,Шамалған ауылының маңындағы төбе басына орнатылған. Жоңғар шапқыншылығы заманында ата-мекенді жаудан қорғап, бабаларымыздың қаны төгілген жерлердің бірі – Аңырақай шайқасындағы жеңістің құрметіне арналған екі тас стела – жаумен болған теке-тіресті және зарыға күткен азаттықты бейнелейді. Төбенің басына шығарар баспалдақ басталар жерде гранит тастағы жазуда қазақ халқының тәуелсіздік үшін күрестегі ерлігі туралы баяндалады. Аңырақай шайқасындағы жеңістің құрметіне Алматы облысы аумағында тағы да бірнеше ескерткіш-белгі орнатылған. Атап айтсақ, ондай белгілер Алакөл ауданы, Ақжар ауылдық округінде, Жамбыл ауданы, Еспе ауылы маңында бар.

 

Әбіш ата мен Әлжан ана кесенесі – Қарасай ауданы, Шұбарат ауылының оңтүстік-батыс жағында орналасқан. 1997 жылы тұрғызылған сәулеттік ескерткіш. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың әкесі Әбіш елге сыйлы, қадірлі адам болды.

 

Анасы Әлжан Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық ауылында молданың отбасында дүниеге келген. Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Әнші, суырыпсалмалық өнері бар жарқын жүзді Әлжан ана балаларын үлкенді құрметтеуге үйретті, ұлттық дәстүрге, ән-жырға құштарлығын оятты.

 

Әлмерек баба кесенесі – Алматы облысы, Талғар ауданы, Әлмерек ауылында орналасқан сәулеттік ескерткіш. Қазақ даласы айтылған дұға, тіленген тілек қабыл болатын қасиет тұнған жерлерге бай екендігі ақиқат. Сондай киелі жерлердің бірі – заманының көсемі, абызы, батыры болған Әлмерек баба жатқан жер. Әлмерек Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жазуға атсалысқан Жетісудың ықпалды азаматтарының бірі болған. Әлмерек абыз – қазақ-жоңғар соғысына қатысқан батыр. Ол қартая бастағанда әскерге сарбаз жаттықтырумен айналысады. Шәкірттерінен атақты Райымбек батыр, өз немересі Саурық батыр шыққан.

 

Әулиеағаш – табиғат ескерткіші. Панфилов ауданы, Әулиеағаш ауылындағы жуандығы алты-жеті адамның құшағы әзер жететін алып ағаштың жасы шамамен 600-700 жыл деп есептеледі. Бұл ағаштың қасиеттілігі – жеті ғасырдан бір бағыт бойынша тарап өсуде. Бұл ағашты ешкім арнайы өсірген жоқ. Осы жердің қасиеттілігін біліп, қорғауға алу 1999 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Осы ағаш түбіндегі бұлақ суы түрлі ауруларға ем болып саналады, әсіресе тері ауруларына таптырмас шипа.

 

Әулиетас – халық қасиеті бар деп таныған үңгір. Лепсі кентінен 20 км қашықтықта, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Аумағы – 75 м2. Үңгірдің кіреберістегі бөлмесінен кейін, тағы да кішірек екі бөлмесі бар. Екінші бөлмеге еңбектеп кіруге болады. Оның төбесіндегі 5-6 м қалың тастан еденіне сәуле түседі, тамшы тамады. Әулиетасты жергілікті тұрғындар қасиетті, киелі орын деп санайды.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: