Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінің алынып тасталуына қатысты пікір берді

1 Ақпан, 12:10 2139

Астанадағы Ұлттық музейге қойылған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынды деген ақпаратқа қатысты ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қорғаныс университеті аумағындағы ҚР тұңғыш президентінің ескерткіші алынып тасталған болатын. Енді, міне, Ұлттық музейге қойылған тағы бір ескерткішін алып тастап отыр.

Ұлттық музейден алып тасталды деген ақпаратты естімедім. Жаңа Сенат отырысында болдым. Алып тастаған болса, бұл Ұлттық музейдің басшылығының шешімі шығар деп ойлаймын. Өздерінің ұстанымдарына және ішіндегі экспонаттарын жаңартуға байланысты осындай шешім қабылдаған болуы керек. Сондықтан бұл мәселеге қатысты сауалдарыңызды Ұлттық музейге қойсаңыздар, – деді Сенат төрағасы.

Тілші «Сіз кезінде Назарбаев төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясында екінші адам болдыңыз. Бұл ескерткіштердің алынып тасталуына қатысты жеке пікір айта аласыз ба?» деп сұрады.

Ұлттық қорғаныс университеті аумағындағы ескерткіштің алынуы бұл университеттің заңдарына байланысты өзгерістер енгізілуіне байланысты. Ескерткішті әскери музейге апарып қойғандықтан, қаржыға салынған ақша далаға кетті деп ойламаймын, – деп қысқа қайырды Мәулен Әшімбаев.

Айта кетсек, 2024 жыл басталысымен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осымен екінші ескерткіші алынып тасталып отыр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: