Асхат Аймағамбетов Мәжілісте қандай принциппен жұмыс істейтінін айтты

29 Наурыз 2023, 15:52 812

Жаңа сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Парламент – заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы . Үкіметтің құзыретіне жататын мәселелерді ажырату маңызды. Үкіметтің бұрынғы мүшесі ретінде маған бұл мәселелер өте жақсы таныс, әрі түсінікті. Біздің негізгі жұмысымыз өзекті мәселелерді шешу үшін заңнамалық нормаларды қабылдауға, оның жүзеге асырылуын бақылауға бағытталған. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін бекіту, оның ішінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және медицина қызметкерлерін қорлағаны үшін жауапкершілікке тартуды, еліміздің медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды, еңбегі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін заңды жетілдіру мәселелерін қарастыру қажет. Сонымен қатар әйелдер мен балаларды қорғау бойынша арнайы нормаларды қабылдайтын уақыт жетті деп санаймын. Балалардың терезеден құлауының алдын алу, оларға ерекше қамқорлық көрсету мәселесі де – өзекті, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Одан бөлек, Білім инновация лицейлері, Абай атындағы, Сәтбаев атындағы мектептер сияқты желілік білім ордаларының мәртебесін бекіту, 10-11 сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін алу үшін білім беру грантының жаңа түрін енгізу бойынша нормаларды қабылдау, білім беру ұйымдарының басшыларына олардың құзыретіне кірмейтін мәселелер үшін әділетсіз айыппұл салуды тоқтату, педагогикалық мамандыққа түсу үшін шекті баллды бекіту бойынша заңнамалық нормалар қажет.

Сондай-ақ мектеп, балабақша, емхана құрылысы қарастырылмаған жерлерде және әлеуметтік маңызы бар нысандардың орнына бой көтеретін тығыз орналасқан құрылыстарға жол бермеу мәселесі де бар.

Мәслихаттың екі шақырылымда депутат болған кездегі, мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы, педагог, өңірдегі мемлекеттік қызметте және орталық мемлекеттік органдарда, Үкімет мүшесі ретінде жұмыс істеген кезде жинаған тәжірибем менің алдағы қызметімде де көмектеседі деп үміттенемін. Мен өз қызметімде бұрынғыдай ашықтық пен есеп беру, әділдік принциптерін ұстанамын, - деп жазды ол.

EL.KZ
Бөлісу: