3 Наурыз 2014, 06:42
Өмір жолын алдыңғы ұрпаққа ерен еңбек етіп өткізген қарттар егер жаңа ұрпақтың жадында құрметке бөленіп жүрсе, алдағы қысқа өмірін жетімсіремей өткізер деген үмітпен қарттардың психологиялық ахуалы жыраудың өлең жолдарына өзек болып отыр. Өйткені адамзат өмірінің соңғы кезеңінде елеусіз қалса, тиісті сый-сияпат көре алмаса, өткен өмірінен мән-мағына таба алмай, адамдық болмысы таба болғандай күй кешеді. Елеусіз қалған қазақтың кемпір мен шалына одан артық қасірет те бола қоймас. Қашаған жыраудың қарттар жөніндегі ой сабақтастығын мына өлең жолдарында да байқай аламыз:
Қырға шықса – белім деп,
Ойға түссе – тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім,-
Бір ғажабы жырау қазақ халқының өмір салтын, қоғамдық психологиясын «жетім» сөзіне арқалатып, өлеңді айқын теңеулермен дәлдеп беріп отырады. Мәселен қазақтың төрт түлікке жақын екенін естен шығармай:
Қартайса, бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
Бұнда жырау қарттыққа тағы да бір үстеме мағына жүктейді, яғни қазақ үшін өз биігінен төмендей түскенінің өзі оған жетімдік қасіретімен парапар бола алады дегенді меңзейді.
Қашаған жырау адам мен қоғам, қоғам мен табиғат арасындағы психологиялық байланыстарды тереңдете келе, ел басшыға мұқтаж, басшы таққа мұқтаж екенін жыр еткен. Ол:
Тақтан түскен хан жетім,
Басшысыз қалған шәр жетім,-
дейді (шәр: шаһар – қала, ел, мемлекет). Бұл өлең жолдарында жырау хан мен мемлекеттің бір-біріне қажет екендігін нақтылайды. Өйткені хан тағында халқымен, елімен қауыша алады. Тақтан айрылғаны ханның елден қол үзгені болып табылады. Сондай-ақ тағы жоқ ел – басшысы жоқ ел. Басшысы жоқ ел жетім қалған ел демек. Қазақ тәрбие көрмеген адамды «бейбастақ» деуі де осындай түсініктен шығады. Басы жоқ ел бибастақ елге айналады.
Бодандық – ер үшін де, ел үшін де қасірет. Қашаған бұл жайында өз шығармасында сөз етеді. Қазақ кең сахарасында азат рухты аңсайды. Ерін де, елін де азат болуын қалайды. Сондықтан жыраудың жырында:
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта жүрген ел жетім,-
дегені оның да жан қалауын бейнелейді. Азаттықты аңсаған қазақ халқы үшін бодан болудан арылу арман екенін жыраудың өлең жолдарынан көрініс тапқанын, жыраудың да азат ер болу, азат ел болу биік арманы болғанын түсіну қиын емес.
Елдің елдігі – оның шаңырағы. Шаңыраққа қожалық жасаған бидің бағы шаңырақтың тірегі болып келген әйелзаттың құзырынсыз күйрейді дегенді қаперге алған жырау:
Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім,-
екенін ескертеді. Бұл да болса, қазақ халқы отбасыға, шаңырықтың бекем болуына әйелзат басты қайнар, сенімді кепіл екендігіне сенетінін байқатады. Жырау бұл бағытта ойын ұштай келе:
Азамат ерлер қайғы етер
От басында жыласа,
Жас төгіп сәби бір жетім,-
деп жетімдік қасіретін сәбидің көз жасына, нағыз азамат ерлердің от басына деген махаббаттан бастау алған қайғысына ұштастырады. Сол үшін де жырау қазақтарды қашан да ерлерін құрметтеп жүргенін қалайды. Жырау әрқашан қоғамды сүйіспеншілікке, мейірге, сыйластыққа үндейді:
Ақырында тәрік етуге жарамас,
Ерлердің еткен құрметін»,-
деп түйін ойын айтады.
Қорыта айтқанда, Қашаған жырау өз заманының қоғамдық психологиясына терең үңіле отырып, қазақ халқы өз кеңістігінде адам болып өмір сүруге тиіс екенін нақтылап береді. Адам баласының табиғатындағы психологиялық ерекшелігі оның қоғамға мұқтаждығы әрі оның қоғамға керектігі. Ал, адамдар осы екі бағытта елеусіз қалса, оның салдарынан жетімсірей жүріп бақытсыздыққа тап болады. Сондай-ақ жырау адам, қоғам мен табиғаттың тағдыры бірі-бірінен ажырамас тағдыр екенін айқындайды.
Сөз соңында айтарымыз, Қашаған жыраудың шығармалары психологиялық, қоғамдық, саяси, педагогикалық, тілдік, көркемдік тұрғыдан қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі үшін әлі болса жан-жақты тереңдете зерттелуге тиіс демекпіз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сыдықұлы Қ. Таңдамалы. 3-том, Алматы. Нұрлы Әсем, 2007, - 576 б.
2. Абай. Шығармалары. 1-том, Алматы. Жазушы, 2004, - 296 б.
...басы