3 Наурыз 2014, 07:56
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасының профессоры
ҚАШАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ:
ТАРИХИЛЫҚ. ДЕРЕКТІЛІК. КӨРКЕМДІК
Даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған, халықтың жан-жүрегін, арман-тілегін құмарпаздықпен, керемет өнерпаздықпен толқындата толғаған, «өнерден дәулет жинаған» азу тісі балғадай, тілі мірдің оғындай айтқыштардың айтулысы, «арлан бөрісі» Қашаған жырау еді.
Суырып салма өнердің дүлдүл көгі Қашаған Ізбаспен айтысында:
Топты аузына қаратқан
Жасымнан жүйрік тілдімін.
Адай түгіл, Алшынға
Хан, хакімдей бұлдымын,-
дегенінде ақындық жойқын шабытының, телегей сырлы әлемінің шынайы көрінісі жарқын түрде сипатталған.
Тіл – халық рухының басты сыпаты, мәдениет энциклопедиясы десек, онда Қашағанның сап таза жыр-толғаулары, дастандары, айтыстары – ұлттық-мәдени және тарихи ақпараттар көзі деуге лайық.
Ежелден Маңғыстау аймағында жыршылық-жыраулық дәстүр кең қанат жайған. Ақындықтың ұлы мектебі қалыптасып, қарыштап гүлдеген. Қашаған ақын Абыл, Ақтан, Махамбет, Мұрат, Нұрым, Қалнияз, Марабай, Шернияз сынды сұңқар дауысты саңлақтардың үздік дәстүрлерін мықтап көкірегіне тоқып, жетілдіре, көркейте сабақтастырған. «Адайдың жеті қайқысы», сондай-ақ Балаораз, Қоспақ, Қашқынбай, Ізім шайыр, Мұрын, Нұрпейіс, Өмір, Ығылмандармен өнер көгінде, елдің төрінде жарқырап салтанатты жиын-мәслихаттарда, қызықтарда жыр дүкенін қыздырған. Маңғыстау, Хорезм аймағындағы, Еділ-Жайық, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойындағы арғы-бергі ғасырларда өмір сүрген жыршы-жыраулардың шығармашылығын жан-жақты талдап тексерген оқымысты Қабиболла Сыдықов: «Қашағанның ақындық, жыршылық өнерін Өскінбай мен Аралбай, Ығылман мен Нұрпейіс, Мұрын мен Өмір Көкшекбайұлы, Сүгір Бегендікұлы мен Сәттіғұл, Шәдіман мен Шамғұл, Көшен мен Құмар сияқты ақын-жыршылар өнеге тұтқан», – деп жазады. Тегінде, Мұрын жырау мен ақын Сәттіғұл Жанғабылұлының дерегіне жүгінсек, «Қырымның қырық батырын» көркемдіктің үлдесі мен бүлдесіне бөлеп, оқиғалық желісін қызықтыра түрлендіріп жайнатып жеткізген. Бұл орайда сөз байлығы ақыл байлығына ұласқан Қашаған қазақ халқының эпикалық бай мұрасын барынша терең, жетік игерген. «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деп Әйтеке би тұжырымдағандай, Қашаған құбылысы – оның ақындық-жыраулық мектебін, өнерлі ортасын, эпикалық дәстүр қуатын, халықтың көркемдік-философиялық дүниетанымын мәлімдейді.
Қашаған жырау түзулікті, турашылдықты, дұрыстықты қолдап-қорғаған қырғи тілді тапқыр, ұшқыр болған. Оның «Кедей жігітке айтқан ақылы», «Оразалы байға айтқаны», «Есқали сұпыға айтқаны» дейтін сықақтарында от мінезділік, орып түсетін ересен өткірлік бар.
Аралбай ақынның жалғыз перзенті Берекет мезгілсіз дүниеден озғанда, бұл жайдан бейхабар Қашаған келеді. Ол Аралбайдың лебізін сағынғанын айтады. Сонда Аралбай:
Мен – ботасы өлген боз мая,
Тұлыбына келіп аңыраған.
Мен бір жүрген ақ киік,
Лағын түзде алдырып,
Орнына келіп маңыраған.
Мен – қартайған арыстан,
Елсізде қалып ыңыранған.
Мен – жапанға біткен бәйтерек
Жапырағы жерге төгілген.
Мен бір тұрған ақ сауыт,
Адыра қалып сөгілген,-
деп, көкірегі қарс айрылғанда, сол бір мезетте Қашаған:
Ашу деген – көк бөрі,
Ақылың – қорған тал болар,
Тәуекел – қайық, сал болар,-
деп, шарболаттай ғибратты ойын айтады.