Қашаған Күржіманұлы жырларындағы дәстүр мен даралық

3 Наурыз 2014, 06:09

Жоламан ҚОБЛАНОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов КМТжИУ доценті

Жоламан ҚОБЛАНОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов КМТжИУ доценті

Қашаған Күржіманұлы жырларындағы

дәстүр мен даралық

 

Жыраулар поэзиясының фольклормен байланысы, фольклорлық мұралармен қарым-қатынасы – жыраулардың жырды шығару барысында бейнелеу әдістері мен көркем образды әсерлі жеткізуінде айқын көрінеді. Мұндай жағдай жыраулар шығармашылығының фольклормен толық байланысының дәлелі болса, сонымен қатар ауызекі тың шығарманы туғызуында ақындық дара стилін қалыптастыруда да байқалады. Өйткені, суырып салма жыр шығару үстінде жырау әрқашан фольклорлық дәстүрге оралып отырады, фольклорлық көркемдік тәсілдерден пайдаланады. Жалпы жырды тыңдаушыға айтып жеткізуде фольклорлық мұралардағы сәтті өрнектер, теңеу, метафора, эпитет т.б. ақынға негізгі тірек қызметін атқарады. Сондықтан ақын фольклорлық мұраларға терең бойлап, ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан мейірлене сусындайды. Бұл өз ретінде ақын шығармашылығының кемелденуіне, кемерінен асып жыр төгуіне негіз болады.

Жыраулар поэзиясында фольклорлық көрініс жасауда фольклорлық бейнелеу мен көркемдік әдіс-тәсілдер мол кездеседі. Мысалы, Қашаған Күржіманұлы «Атамекен» дастанында Ақпан батырдың бейнесін былай суреттейді:                     

Жиналыстың ішінде

Ерлер де бар қайратты

Қытайға шапқан кешегі,

Аждаһадай айбатты,

Жауын талай жайратқан,

Садақтың оғын қайратқан...

 

Бес жүз әскер ауыр қол,

Бастығы Ақпан батыр сол,

Көпті көрген көнеге

Қараңғы тұман түнде де

Сапар шегіп жол жүрсе,

Табылады екен сара жол... [1, 409].

Ақын жыр дастандарында басты қаһарманның келбетін суреттеуде фольклордан мол пайдаланып отырады. Әсіресе кейіптеу мен бірыңғай теңеу, анықтауыштарды жыр шумағының кейінгі жағында келтіріп, ойын ықшамдап отырады. Мысалы «Қарасай-Қази» дастанында:

Ол айтқаның ып-рас,

Сенің кеудең – темір, басың тас.

Тәңірім берсе тілекті,

Өзіңнің жерге түсер келдең – бас.

Сөйлейін сөзді жараса,

Қылармын саған тамаша.

Менің атымды сұрасаң:

Айдынды Орақ, айды Орақ,

Айбалталы қанды Орақ,

Аштархандай даңды Орақ,

Атса, мылтық өтпеген,

Салса найза теспеген,

Қылышпен шапса кеспеген,

Әзір болған жарандар

Түк қасынан кетпеген! –

Мен аты-жөнімді айтайын:

Қази менен Қарасай!

Мен – сол Ер Орақтың баласы [1, 457].

Қашаған жырау әрбір көріністі бірінен соң бірін төкпелеп келтіру арқылы алуан түрлі суреттеу сипаттамасын жасауға қол жеткізеді. Мұның өзі арынды жыраудың өзіне дейінгі бай фольклорлық мұраны жете игергендігіне дәлел болады.

Жыраулар поэзиясындағы өзіндік даралықтың бір белгісі – өз өмірбаянына, жеке басына байланысты мәліметтерді жырға қосу. Әрине, мұндай туындылар белгілі бір жағдайда, белгілі бір оқиғаларға байланысты туып отырған. Сонымен бірге өзінің жақынын, ата-анасын арнаулы жыр жолдарына енгізу жыраулар поэзиясына тән құбылыс. Суырып салма ақындық барысында шыққан тегі туралы айту фольклорлық поэзия дәстүрінде автордың даралығын көрсетеді, ақынның стильдік ерекшелігін айқындайды. Мысалы:

Атам бір қайтты дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды,

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік,

Сүйтіп басым қайғырды.

Алты жаста еліктім,

Жеті жаста желіктім.

Сегіз жасқа келгенде,

Қадір білер ағалар:

«Шырағым, жүр!» – деп ерітті.

Он төрт жасқа келгенде,

Балалықты тастадым.

Он бес жасқа келгенде,

Таяқ алып қолыма

Қойымның түстім жолына.

Табанға шарық байладым,

Жұмысқа басты сайладым.

Орынбор деген қалаға.

Сергей деген көпестің

Серкелі қойын айдадым [1, 320].

Ақын-жыраулардың даралығын білдіретін тағы бір ерекшелік – олар шығарған жырларын бірінші жақтан баяндайды. Тыңдаушыға жеке пікірін, қарым-қатынасын сездіреді, айтпақ ойын шарықтата жырлайды. Мысалы, Қашаған:

Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім,

Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің.

Бай, сұпы, хан-хакімнен ығар болсаң,

Сен өлең, мен Қашаған болмас едім.

Осы үйге қона алмасам, маған сын,

Сұпыны шаға алмасаң, саған сын... [1, 346].

Дәстүрлі халық поэзиясындағы қалыптасқан түрлерді дамыту, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалану ақын-жыраулардың даралық ерекшеліктеріне біртіндеп жол ашады. Осы ретте көне Скандинавия поэзиясын зерттеген М.Стеблин-Каменскийдің мына пікірлерін айта кеткеніміз жөн: «Сол дәстүрлі форманы әрқашан дамытып, жетілдіріп отырудың өзі қажеттіліктен туындайды. Сонда ғана мұндай шығармалар халыққа түсінікті болады. Скальдтық жырлардың, жалпы скальдтар поэзиясының ерекшелігі де міне осынысында... Скальдтар поэзиясына тән форманы сақтау автордың дәстүрлілік шеңберінен шығып, шығармашылық еркіндік алуына кедергі болмайды, керісінше, оның кемелденуіндегі заңдылықты айқындай  түседі» [2, 64].

Әрине, қазақ ақын-жыраулары мен скальдтар поэзиясы арасында тікелей байланыс болмаса да, бұл пікірдің типологиялық маңызы бар.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

1. Сыдиықұлы Қ. Ақберен (ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары). Алматы. 2007.

2. Стеблин-Каменский М.С. Древне-Скандинавская литература. Москва. 1979.

3. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. Алматы. 1983.

4. Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы. 1968.

5. Өміралиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. Алматы. 1983.

 

Бөлісу: