Әсем әнге әркімнің бар таласы...

22 Қыркүйек, 15:15 1078

Ән мен оның сөзіне қатысты дау-дамау неге өршіп барады? Орындаушылар көп жағдайда шығарма авторының атын неліктен атағысы келмейді? Ал мұндайда авторлар қоғамы қандай шара қолдана алады? Еl.kz осы мәселелер төңірегіндегі тақырыпты қаузап көрді. 

Ән дауын әріден бастасақ...

Ән немесе күй авторлығына дау қазақта бұрыннан бар. Әсіресе, ежелден жеткен шығармаларға қатысты пікірталастар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мысалы, Сегіз сері, Қожаберген жырау дегендер өзі өмірде болған ба дегенге қатысты ғалымдар күні бүгінге дейін дауласып келеді. Оларды қолдағандардың келтірген деректеріне қарсы тарап бұл екеуге телінген шығармаларды кейінгілер халық немесе сол замандағы сал-серілердің ән-жырларын бұрмалап, қолдан жасағанын айтады. «Қазақ әдебиеті» газетіне 2023 жылдың шілде айында шыққан «Сегіз сері» ертегісіне осы жұрт неге құмар?» атты мақалаға жазылған алғысөзге сүйенсек, бұл жағдай 1960 жылдардың аяқ шенінде М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсыратындардың еңбегіне қаржы бөлінгеннен кейін басталған сыңайлы. Яғни біреулер ақшадан қарпып қалу үшін ауыз әдебиетінде әлгіндей «жаңалықтар» ашқан дегенге меңзеліп отыр.

Бізде күйге қатысты да дау шығып тұрады. Әсіресе, өткен ғасырда өмір сүрген созақтық атақты күйшілер Сүгір Әлиұлы мен Төлеген Момбековтің авторлықтарына байланысты күмәнді әңгімелер жиі айтылады. Оның жаңғырығы осы уақытқа дейін жетіп отыр. Яғни бір шешімін кесіп айтар күн болмай тұр.   

Бұл – бұрынғыдан жеткен «жырлар». Бертінде болған жайттарға келсек, 2000 жылдардың басында «Дат» газеті сол кездері саясатқа енді араласа бастаған әнші, жыршы Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін әйгілі опера әншісі, композитор Ғарифолла Құрманғалиевтен ұрлағанын көрсететін дерек жариялады. Кейін, 2011 жылы Құрманғалиевтің ұрпақтары сол кездегі Мәжіліс депутатын сотқа берген еді. Бірақ сот оны қабылдамай қойған.

– Оны қабылдау үшін алдымен Бекболат мені сотқа беруі керек екен, - дейді Ғарифолла Құрманғалиевтің немересі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертану кандидаты Меруерт Құрманғалиева. – Не үшін десеңіздер, мен оған жала жапқан болуым мүмкін. Сотта соның жала еместігін дәлелдеп шығуға тиіспін.  Сол кезде ол депутат болғандықтан, қол сұғылмаушылық дегенді алға тартып, осылай жасалу керек болды. Сосын Бекболатқа «Мені сотқа бер» деп айттым. 

– Ол сотқа берді ме?

– Жоқ, ол мені сотқа бермеді. Қорқып берген жоқ. Өйткені менікі шындық қой.

– Мәселе сонымен бітте ме?

– Жоқ. Әлі де сотқа жүгінеміз. Авторлық мұраны даулау бойынша 70 жылға дейін әрекет жасай беруге болады. Тек ол үшін сот жүйесінің толық өзгергенін күтіп отырмыз. Өйткені бұрыннан келе жатқан судьяларға әлі де экс-депутаттың ықпалы бар деп ойлаймын...   

Сол 2011 жылы әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың екі әніне қатысты сот болды. Арызданушылар оның әріптестері Марат Ілиясов пен Мұратхан Егінбаев еді. Олардың айтуынша, Қоразбаев Ілиясовтың «Сарыарқа сазын» «Сарыарқа» деп, Егінбаевтың «Аңсағаным – ауылымын» «Қызым, саған айтамын» деп атауы мен сөзін өзгертіп айтып келген екен. Ал әуені ұқсас. Бірақ музыка мамандарының сол ұқсастық 70-80 пайыз деп танығанына қарамастан сот қос композитордың арыздарын қанағаттандырмай тастады. Былайша айтқанда, бұл дауды Алтынбек Қоразбаев заң жүзінде жеңіп шықты.

Ақын сөзі

Енді дәл бүгінгі күннің де авторлыққа қатысты ырың-жырыңы аз болмай тұр. Биыл мамырдың аяғында ақын Мұнайдар Балмолда Facebook-тегі парақшасында өзінің өлеңіне жазылған Алтынбек Қаресовтың «Қазақтың жылқылары» әнін Төреғали Төреәлінің сөзін өзгертіп алып орындап жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әнші жаңа сөзді Қайнар Алагөзовке жаздырып алған.

Төреғали біздің «Қазақтың жылқылары» әнінен «Мұғалжар жылқылары» деген бір аумақтың, шаруа қожалықтың әнін шығарып алған. Сізге жалпы Қазағымның жылқылары қымбат па, әлде бір ғана Мұғалжар тұқымы ма? Адамның сотына бермей, Алланың сотына тапсырайын ба? Екіншісі өте ауыр. Ол қияметке кетеді. Менен кешірім сұрап, доғара қойса, мен кешірер едім. Олай істейтін арлы азаматты, ұятты адамды әзірге көрмедім. ...Ұлы даланың жылқыларына арнаған әнді жоқ қылып, оның орнына бір ғана тұқымды мақтаған, ақша үшін жазылған дүниесін күйттегені ұлтты қорлағандай болды! – деп жазды Мұнайдар Балмолда.

Сол кезде ақын «Төреғалиды сотқа берсем бе?» деп оқырманымен ақылдасқандай болып еді. Ал біз Мұнайдардан соның аяғы не болғанын сұрадық. Сөйтсек, ол әншіні сотқа сол күйі бермепті. Әрі өзі «Қазақтың жылқыларын» Төреғали Төреәліге бере салғаны үшін композиторға да өкпелі екенін байқатты.

Анау Алтынбек деген композитор жігіт рұқсат беріп қойып тұр ғой. «Мен деген бердім» дейді. Ал менің сөзімсіз ол ән жазылмайтын еді. Ол сөзден шабыт алып барып ән жазды ғой. Яғни ол әннің құқығы менде де бар. Былай қарағанда, ортақ ән. Осылайша рұқсат беріп қойыпты да, ал менен рұқсат сұрамайды. Сосын композиторды да, бәрін бұғаттап тастадым «құрысын, байланыспаймын» деп, – дейді ақын.

Ол өзі тіркелген авторлар қоғамдарына да ренжулі. Олардан осы уақытқа дейін бір тиын алмапты. Басқасы басқа, қазір Димаш Құдайберген күллі әлемге танытқан «Махаббат бер маған» әнінің сөзі үшін де оған қаламақы беріліп көрмепті. Бұл тұрғыдағы әңгімеміз мынадай болды:

–  Екі авторлар қоғамында бармын. Солардың ешқайсысы маған бір тиын ақша төлеп жатқан жоқ.

– Қандай қоғамдар ол?

– ҚазАҚ дей ме, сосын «Абырой»...

– Қазақстан авторлар қоғамы, сосын «Абырой» деп аталатын қоғам ба?

– Иә, екеуінде де тіркеулімін. Бірақ екеуі де құқығымда қорғамақ түгілі, әндеріме, мысалы, «Махаббат бер маған» қанша айтылып жатыр, соған бір тиын төлеген жоқ. Димаш оларға аударатын көрінеді. Ал мыналар төлемейді.

Басқа ақындар да осындай шығармасы үшін еш жерден ақы алмайтынын, алған күннің өзінде оның тым мардымсыз екенін ара-тұра айтып қалады. Мысалы, Ершат Қайболдин әнші Нұрболат Абдуллиннен «Сен қорқақсың» әнінің сөзі үшін 20 мың теңге ғана алған.

Бірден берген жоқ. «Хит болып кетсе беремін, еңбегіңді жемеймін» деді. Бұл – тойларға шығып, хит болғаннан кейін берген ақшасы. Жыладым, – деген еді ол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.

Сазгер назы

Қазір әлемді тербеп тұрған әлгі әннің әуенін шығарған Айгүл Бажанова авторлар қоғамынан берілетін гонорардың тым мардымсыздығына қынжылады. Одан да «Махаббат бер мағанның» ақысы туралы ерекше сұрадық.

Ол ән бе, барлық ән үшін бе, әйтеуір, біздің жалпы авторлар қоғамынан алатын гонорарымыз тоқсан сайын 20 000-30 000 теңге. Бұл авторлық құқыққа қатысты заңның әлсіздігінен деп ойлаймын. Бір білетінім, авторлар ән үшін әр концерттен 4 пайыз ақша алып тұруы керек екен, – дейді композитор.  

Айгүлмен арадағы әңгіме ары қарай былайша өрбіді:

- Бізде авторлар неге желініп қалады? Орындаушылар, яғни әншілер неге олардың құқығын оп-оңай таптап жүре береді?

- Жалпы, бізде авторлардың «қараусыз» қалуының бірінші себебі: оларды қорғайтын заң жоқ екен, қарастырылмаған. Белгілі бір баға да жоқ. Әркім өз дүниесін өзінше бағалайды. Екінші себеп: көп авторлар өз туындыларына салғырт қарайды. Салғырттық та емес. Әншілер «жұлдыз» болып, ТВ-да көп көрініп, аттары шығып кететін болғандықтан ба, әйтеуір авторлар сол әншілерге жалынышты сияқты әсер қалдырады кейде. Әні шықса болды сияқты. Не дұрыстап ақы сұрай алмайды, ал бағасыз ештеңе жоқ. Өзі бағалай алмаған автордың дүниесін өз дәрежесінде бағалап қомақты қаламақы ұсына қоятын әділ әнші қайда?! Осы жағдайда мен «Бағаларыңды түсірмеңдер» деп ақын, сазгерлерге үнемі айтып жүремін.

- Осы мәселе жайында әлеуметтік желіде жиі жазасың. Авторлардың гонорарды қалай өндіріп алуына болады? Бұл жерде авторлар қоғамының пайдасы бар ма? 

- Өз бағасын түсірмесе, өз өзін бағалап үйренсе деймін де шығармашылық иелерін. Кез келген адам ақын, жазушы, сазгер емес қой. Ол – өнер иесі. Өнер биік бағалануы тиіс. Нағыз шынайы шығарма болса – ол өміршең, тіпті мәңгілік деуге болады.

Шығарма үшін 5 000 000-10 000 000 теңге берсе де артық болмайды. Математикаға салсақ, мысалы, өз саламызға қатысты бір ғана мысал келтірейін: әнші автордан алған бір әннің арқасында ( егер ол ән бағы жанып, «хит» боп жатса ) тәп-тәуір жағдайын жасап алады, сол ән арқылы миллиондар табады. Олардың бір тойға кіріп шығу құны – 1 000 000-нан жоғары. Есептей беріңіз.

Мұның бәрі айтылмайды. Оған не себеп екенін білмеймін.

Авторлар қоғамын басқаруға талас әлі жүріп жатыр. Демек, ол жерде үлкен ақша жатыр. Олар да авторларды кеміруде. Кемірмек түгілі, кезінде авторлар қоғамын басқарған бір ағамыздың осы бір Алматының өзінде 17 пәтері болған деген сөз желдей есіп жүрді емес пе? Ол ақшаны ол кісі қайдан алды?!

Ізгі мүдде үшін таласып жатыр дегенге ешкім сенбейді ғой.

Жоғарыда айтқанымдай, авторлар қоғамынан 3-4 ай сайын 20 000-30 000 теңге ғана алып тұрамын, соншама әндердің авторы бола тұра.

Авторлар қоғамының «пайдасы» осы.

- Кей әндерді орындаушылар автордың рұқсатын алмастан жаза береді екен. Тіпті бейнебаяны да шығып кетеді. Бұл қалай сонда?

- Оны енді білмедім. Сұраусыз, иесіз болған соң «жиендік» жасайтын шығар. Ол ұят пен ардың мәселесі деп ойлаймын.

- Мұндай келеңсіздіктерді болдырмаудың жолы бар ма өзі?

- Әр шығарманы тіркетсең, авторлар қоғамы мүддеңді қорғап береді деп естігенмін. Бір жолы сол шығар.

- Құпия болмаса, өзің әндеріңді қаншаға сатасың?

- Мен ән сұрағандарға әнімді 1 000 000 теңгеден жоғарыға сатамын деп кесіп айта аламын. 1 500 000-ге ән саттым да. Себебі, шын бағаңды беріп, сені, шығармаңды қадірлей салатын әнші көрмедім. Сосын, мен ән шығара салып, «Осыны кімге беремін?» деп бас қатырып ойланбаймын да, әнші де іздемеймін. Сұрағандарға да өздері өтінетіндей елпілдеп-желпілдеп whatsap-пен ән жібере салмаймын. Шын ән керек адам іздеп кеп тыңдайды.  Бұйырған күні бұйырған әнші орындайды. Жалпы, бұл – қиын тақырып. Мен де «қиындау» адаммын, жалпы.

Авторлар қоғамының айтары

Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы Байғали Есенәлінің де ойынша, бұл жерде мәселе «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңның солқылдақтығында болып тұр. Бұл заң композитор мен ақынды не плагиаттан қорғай алмайды, не оларға ақшаны дұрыс төлеуге де көмектесе алмайды.

Бүкіл заңды атқарып шықсаң, «плагиат» деген сөз жоқ. Онда ән ұрлауға, сосын әннің авторларын хабарламау немесе көрсетпеуге байланысты ешқандай бап қарастырылмаған. Заң жүзінде міндеттеу болмағандықтан, орындаушылар осылай тайраңдайды. Әншінің ұятына саламыз деген болмайды. Ол заңда қаралуы керек, – дейді Байғали Есенәлі.

Ол бұл мәселенің Әділет министрлігіне айтылып жүргенін алға тартты. Ал жыл сайын, екі жыл сайын қайта қаралып, өзгерістер енгізіліп жатқан заңдар арасында авторлық құқыққа қатысты заңның бой көрсететін түрі жоқ. Авторлар қоғамы басшысының ойынша, аталған министрлікте өңшең өнерді түсінбейтіндер отыр.   

Бұлардың біреуі қазақша түсінбейді. Әділет министрлігіндегілердің ешқайсысы бірде-бір қазақ авторын танымайды. «Шәмші Қалдаяқов кім?» десең, «заңгер шығар» дейтін адамдар ғой. Қазақтың тілі де, өнері де қызықтырмайтын адамдарды министрлікке жинап алған, – дейді ол.

Осының бәрі авторлардың сан соғып қалуына әкеп соғады. Орындаушылар оларға үнемі шекесінен қарайды. Композитор мен ақынды атауды, олардың еңбегін бағалауды «ұмытып» кетеді. Жекелеген әншілерді былай қойғанда, кейде радио мен телевизияның өзі авторларды ескермей қойып жатады.

Ондай жағдайда радионың басшыларына хат жазамыз. Міндетті түрде авторы хабарлануы керек деп. Тәртіпті бұзу сол радиодағы жүргізушілердің өзінен басталады. Үлкен концерттерде де кейде хабарланбай жататын жайттар болады. Әннің авторын айтады да, сөздің авторын айтпайды. Ал міндетті түрде екі автор бірдей хабарлануы керек. Ол өз кезегінде Қазақстан авторлар қоғамының жұмысына да кедергісін тигізеді. Гонорарды кімге төлеріңді білмей қиналасың. Содан кейін той-томалақтарда асабалардың авторға деген ешқандай құрметі жоқ. Ал егер сол әншінің өзінің атын айтпай, «әй, сен» деп шығара салса, қалай болар еді, мысалы? Ән де солай ғой. Ән де – біреудің перзенті. Оның да аты-жөні бар, – дейді Байғали Есенәлі.  

Қазір елімізде 24 авторлар қоғамы бар. Жоғарыда айтылғандай, олардан композитор мен ақынға, басқа да шығармашылық иелеріне болар-болмас ақша бұйырады. Байғали Есенәлінің айтуынша, Қазақстан авторлар қоғамы да шылқып отырған жоқ. «Бізге бюджеттен көк тиын ақша бөлінбейді» деген ол сөзін ары қарай былайша жалғады:      

Осындай қоғамдардың барлығын тексеретін болса, біреуінде 70, тағы біреуінде 50 автор – сондай-ақ. Ал 6 мыңға жуық автор түгелдей Қазақстан авторлар қоғамында. Бәрі де Қазақстан авторлар қоғамы сияқты ақша жинайды. Бірақ бірде-біреуі авторларға төлемейді. Ол ақшаның қайда кетіп жатқанын біз білмейміз. Ал өзімізге түскен кішкентай бөлікті авторларға төлейміз. Әрине, олар риза болмайды. Мен тағы бір сорақы нәрсе айтайын. «Радиодан менің әнім орындалып жатыр. Неге мен ақша алмаймын?» деп авторлар бізге шағым айтады. Біз Қазақ радиосы мен «Қазақстан» телеарнасын ғана ұстап отырмыз. Қалған бүкіл телеарна, бүкіл радиолардың барлығы «Аманат» деген қоғамға төлейді. Ал «Аманат» біз сияқты 125 шет елмен келісім-шартқа отырмаған, тек Ресеймен жұмыс істейді. Бар ақшаны Ресейге аударады. Сол «Аманатты» құрған кім? Дариға Назарбаева. Ал авторлар бізге шағымданады. «Біз сіздердің авторларыңызбыз. Басқа қоғамдардағы ақшаларымызды алып беріңіздер» деп. Ол авторлық қоғамдардың әрқайсымен соттасып жататын тағы жағдайымыз жоқ. Ол қыруар ақша. Кейде жеңесің, кейде жеңіліп қаласың олардан да. Оның да ар жағында адамдары отыр. Біреуінде Жылқышиев, біреуінде Шөкеев, біреуінде Дариға отырса, қайсысына шамаң келеді? Ал Қазақ радиосында әннің бір айналғанына төленетін ақша 20-30 теңге. Сонда аптасына бір-екі айналса, сол 20-30 теңгені жіберсең, ол поштаның да шығынын ақтамайды ғой. Онда Шәмші, Нұрғиса сияқты ағаларымыздың әндері де айналады. Бірақ радиодан бізге бөлінетін ақша мардымсыз. Оны авторларға қанша түсіндіріп жатқаныңмен, олар түсінбейді».

Десе де, қоғам қол қусырып отырған жоқ. Егер авторлар нақты бір жағдайға байланысты шағым түсірсе, ол ешқашан қараусыз қалмайды. Яғни қоғам оларға заң жағынан көмек береді.  

Тілші түйіні

Әрине, қандай да бір мәселені заңмен шешкен дұрыс. Алайда қазақ авторлар ондайға көп бара бермейтін сияқты. Мысалы, жоғарыда ақын Мұнайдар Балмолда «құрысын» деп қолын сілтей салғанын айтып отыр. Міне, енді оларды осы «құрысын» деген сөз құрта ма деген қауіп бар. Өйткені заңға жүгінетіндер сирек. Сосын әншілер авторларға тізесін батырып жүре береді. Тіпті «әнді сатып алғанмын» деп қоқаңдайтынын қайтерсіз?

Байғали Есенәлінің айтуынша, орындаушыларда сондай бір түсінік қалыптасқан. Олар «Мен бұл әнді сатып алдым. Сондықтан авторларын хабарлау, хабарламау өз еркімде» дейді екен. Сатып алғанымен, оны өзінің дүниесіне айналдыра алмайтыны ақиқат. Бірақ солай деп уәж айтатын әншілер баршылық. Бұл тұрғыда олар Халық әртісі Роза Рымбаевадан үлгі алса игі еді. Осы тақырыптағы әңгіме барысында Қазақстан авторлар қоғамының басшысы оған қатысты баяғыда болған бір жағдайды еске алды. 

Роза Рымбаева үлкен концерт өткізетін болып, продюсерін алдымен авторлар қоғамына жіберіпті. «Мен бірінші концертте айтылатын әндердің авторларына гонорарын төлеп алайын» деген. Сосын продюсерінен Розаның телефон нөмірін сұрап алып, оған хабарластым. «Роза, мынау бір жақсы бастама екен. Сен бұрыннан осындайсың ба?» дедім. Сонда Роза былай деп әдемі жауап беріп еді: «Мені Роза қылған – ән. Ал әнді дүниеге келтірген авторлар емес пе? Бірінші мен солардың алдындағы қарызымды өтеп алуым керек, – дейді ол.

Міне, әр әншіде заңға бағынумен қатар осындай мәдениет, ішкі тәртіп те болуы керек. Ән ұрлау, оның авторларын атамау деген сияқты өрескел әрекеттер сондайдың әсерінен де сирейтін шығар.  

Оразәлі Баймұрат
Бөлісу: