Асайын Байханов Екібастұздағы жылу магистральдарының жұмысын тексерді

21 Қазан, 02:30 458

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдік мәліметінше, қала басшысы 1999 жылы пайдалануға беріліп, бүгінгі күнде 90% тозығы жеткен ЖМ-7 жылу магистралі орналасқан учаскеге барды. 120 астам көппәтерлі тұрғын үй мен 1000 астам жеке сектордағы тұрғын үйді, сондай-ақ, 17 әлеуметтік нысан мен 150 заңды тұлғаны жылумен қамтамасыз етіп отырған осы жылу магистралінде соңғы 3 жылда 50-ден астам ақау анықталды.

Аймақ басшысы қаланың көптеген желілері сияқты, бұл магистраль да жаңартуды қажет ететінін атап өтті. Оны реконструкциялауға жобалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті, бүгінгі таңда қажетті қаражат бөлу үшін тиісті бюджеттік өтінім дайындалуда.

Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстарын тексерді. Жұмыстар толығымен аяқталған. 3,9 км желі жаңартылып, гидравликалық сынақтар сәтті жүргізілді. Қазіргі уақытта желілер жұмыс істеп тұр. Жұмыстар кезінде бұзылған жердерді абаттандыру мен асфальттау қалпына келтірілуде, сондай-ақ камераларды жабу жұмыстары аяқталуда.

Сонымен қатар облыс әкімі кеншілер қаласын абаттандыру нәтижелерін тексерді. Осы жазда 62 аулаға асфальт жабыны төселіп, 20 шағын футбол алаңы, 50 балалар ойын алаңы орнатылды. Үнемделген қаражат есебінен қосымша 16 балалар ойын алаңдары орнатылуда. Қараша айының соңына дейін жаз мезгілінде роллердром болатын 10 хоккей кортын абаттандыруды аяқтау жоспарлануда.

Өңір басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы Екібастұзда аулаларды жарықтандыру жұмыстары басталды. Екі жылдың ішінде бұл жұмыстарды қаланың барлық 279 ауласында орындау жоспарлануда.

Биылғы жылы 116 аула жарықтандырылады. Қазіргі уақытта 55 аула толық қамтылды, тағы 15 аулада жұмыстар аяқталуда. Барлық жоспарланған көлемді жыл соңына дейін орындау жоспарлануда.

Жұмыс сапарының соңында Асайын Байханов «Қайнар» білім беру-демалыс кешені» КМҚК реконструкцияланған бассейнін тексерді. Қазіргі уақытта барлық жұмыстар аяқталды. Ғимараттың терезелері мен есіктері толығымен ауыстырылды, электрмен жабдықтау, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жаңартылды, желдету жүйесі орнатылды, шатыры ауыстырылды. Сондай-ақ, бассейн мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделіп, арнайы көтергіш орнатылды.
Қазір 200-ден астам баланы тегін жүзу секцияларына қабылдау жүргізілуде.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы биыл іске асырылып жатқан Екібастұзды абаттандыру бойынша барлық жобаларды сапалы орындап, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Зарина Арман
Бөлісу: