Асар

27 Тамыз 2014, 09:31

Асар – қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды ауылдас-руластарының – жетіаталық экзогамиялық ру-қауымның негізгі құрамдас бөлігі біраталардың бірлесе атқару харекетінің атауы.

Асар – қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды ауылдас-руластарының – жетіаталық экзогамиялық ру-қауымның негізгі құрамдас бөлігі біраталардың бірлесе атқару харекетінің атауы.

 

Асар. Суретші Е.Оспанұлы

Егіншілік дамыған өлкелерде арық, кәріз қазу, тазалау секілді суландыру жүйесіндегі жұмыстарды, сондай-ақ, үй тұрғызу, қора-қопсы салу сияқты құрылыс жұмыстарын А. жасау арқылы атқарған. Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары А.-ға шақырылады. А.- ға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етпейді, А.-ға шақырушы адам оларға жақсы ас әзірлеп, дастарқан жаяды. Ұжымдасып жұмыс істеудің үлкен бір көрінісі деп қарауға болатын тағы бір үрдіс батыс қазақтары тiлiнде «үме» деп аталады. Шөп шабу науқаны кезінде қыз-бозбаланың және әншi-жыршының  жиналатынына байланысты «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақал туған.

Оңтүстік өңірде «асаршы» мен «мердігерші» атаулары бір мағынада айтыла береді. Жұмысқа қатысушылардың жас шамасы да, күш қуаты тұрғысынан жұмысқа жарамдылығы да ескерілді. Мысалы, Шу бойы қазақтарында дәстүр бойынша қоғамдық қарекетке қатысатын ер адам жасы 16 жастан төмен, 60 жастан жоғары болмаған. Өйткені А.-ға қатысушы әрбір адам арық бойында жатқан суармалы алқаптан жер алуға қақысы бар. Ал жерді қауымның еңбекке жарамды адамы алу тиіс. 1888 жылы көктемде Бөтімбай Сәтінің тоғанында жұмысты он бес күнде аяқтаған 28 адамның әрқайсысына ені 33 сажын, ұз. 66 сажын жер берілген. Егер отбасының отағасы қайтыс болса, онда жер үлкен ұлына немесе жесіріне тиісті болған. Олар маусым аралығында жүргізілетін арықты жөндеу, тазалау секілді жұмыстарға қатысуға міндетті болған. Тіпті қауым мүшесі басқа жаққа кетсе де, өз тоғанының бойында жатқан жерге иелігін сақтап қалды (қ. Бөксерші).

Дәстүрлі көшпелі ортада қой қырқымды ұйымдастыру, қыстаулардағы үйлерді салу мен мал жайланатын орын- дарды тұрғызу сияқты біршама уақыт пен күш-қайратты қажет ететін шараларды атқаруға екі-үш ұрпақтан тұратын «бір ата» деп аталатын (орыс деректерінде «хозяйственный аул» немесе «большая неразделенная семья») шама-шарқы жетпегендіктен, көрші ауылдың  адамдары асарға шақырылды. Аталмыш және осы құралыптас ауқымды шараларды бірлесе атқару көшпелі ортадағы әлеуметтік қатынастардың нығаюының үлкен кепілі болды. Яғни ру-қауымның тіршілік кеңістігінде А.-дың қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру мен реттеудегі орны мен рөлі айырықша болды.

Әдеб.: Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғылыми жетекші Нұрсан Әлімбай. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994; Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: