Қазіргі уақыттағы маңызды 10 мамандық

24 Мамыр 2017, 18:25 74691

Қай салаға барамын деп бас қатырып жүрсіз бе?

Күні ертең соңғы қоңырау соғылып, бірнеше жас түлектер жаңа өмірге қадам басады. Олар үшін бас ауыртар мәселе – қай оқу орнына түсіп, қандай мамандық бойынша білім алу болмақ. Біз осы сұрақты жеңілдету үшін назарларыңызға қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары сұранысқа ие 10 мамандықты ұсынамыз.

Инженерлерге деген сұраныстың қаншалықты екенін білесіз бе? Кәсіби инженерлер мен техникалық мамандардың аздығынан көптеген жергілікті компаниялар шетелден арнайы маман алдырып жатыр. Инженерия – бұл өнеркәсіп саласындағы, мұнай-газ, архитектура және тағы басқа облысты қамтиды. Осы мамандықты таңдап, замануи біліммен сусындап шықсаңыз, сізді үлкен жұмыс орны күтіп тұр. Барлық өнеркәсіп саласында ілгеріде аталғандардың көмегі аса қажет.

IT – мамандары – ақпаратты технологияның басты бөлшегі десек те болады. Яғни, веб-дизайнер, бағдарламашы, SEO-маманы – ең жоғары төленетін «компьютерлік» мамандықтар.  Бұлардың басты мақсаты - жұмыс істеуге және жақсы имидж қалыптастыра білетін бағдарламамен қамтамасыз етіп, оны ұстап тұру.  Қазірде кез келген компания IT мамандарға зәру.

Қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс Батыс Еуропа мен АҚШ-та өте жоғары екен. Солардың ізімен келе жатқан біздің еліміз үшін де қазіргі уақытта бұл саладағы мамандарға сұраныс артып келеді. Халық саны өскен сайын қызмет көрсетуші мамандықтар тапшылығы төмендемесі анық. Егер осы салада білім аламын десеңіз, өкінбейсіз.

Дәрігерлер қай замандада да құрметке ие мамандар. Өз кәсібін жақсы меңгерген дәрігерлер үшін  әрқашан жұмыс орны дайын. Біздің елімізде кәсіби дәрігер мамандары жетіспеушіліктің орнын толтыра алмай келеді. Егер ұзақ жылдық оқу қажытпай, қайсарлықпен тәмәмдауға дайын болсаңыз, міндетті түрде жұмыспен қамтыласыз.

Маркетолог мамандығы компанияның негізі стратегі болып табылады. Олар әр алуан игіліктерді өндіруге және өндірушілер мен тұтынушылардың ой-тілегін қамтамасыз етуге бағытталған жүйені басқара білуі шарт. Маркетологтар нарықты зерттей отырып, жұмыс атқарады. Сондай-ақ, оларға бизнес-жоспары, кәсіпорынның қаржысын тиімді жұмсау секілді маңызды істер тапсырылған.

Бұл тізімде мұғалім мамандығы қайдан жүр деп ойлап қалған боларсыз? Оған таң қалудың еш қажеті жоқ. Себебі, жоғары клафикациялы оқытушылар әрқашан қоғамға қажет болған. Ал бүгінде ағылшын тілін меңгерген ұстаздар ауадай керек болып тұр. Оларды оқыту үшін мемлекет жеке бағдарлама жасап жатқанынан хабардар шығарсыз.

Логистика саласы кәсіпорын үшін өте маңызға ие. Себебі, өнімдерді экспорттау мен импорттау, халықаралық және ішкі тұтынушылар іздеу осы маман иелеріне тікелей байланысты. Логист мамандығы қатаң шеңберден шаршаған, берілген шектеулерді ұнатпайтындар үшін өте ыңғайлы. Бастысы, логистке жүйелі ойлау, интуиция, қиын жағдайлардан тез шыға білу, адамдармен қарым-қатынас жасау дағдысы, тіл тапқыштық керек болады. Аталған қабілет бойымнан табылады десеңіз, логистикаға құжат тапсырыңыз.


Менеджер мамандығы – бүгінгі күнде жоғары сұранысқа ие. Себебі, ешқандай компания, жылжымалы мүлік агенттігі, кішігірім фирма болсын осы мамандардың көмегінсіз жұмыс атқара алмайды.  Сату саласынан бастап, қызметкерлермен жұмыс жасау осы мамандардың құзіретіне кіреді.

Есепші мамандығын таңдамас бұрын, бұл саланың аса жауапкершілікті талап ететінін ескергеніңіз жөн. Қазіргі уақытта бухгалтерия мен аудит бойынша көптеген компаниялар аутсорсингтік компанияларға жүгініп жүргенімен, есепші мамандығы ешқашан сұраныстан түскен емес. Әсіресе, дамыған және дамушы елдерде өз статусын жоғалтпайды.  

Биотехнологтар  – биологиялық системалар мен элементтері бойынша жұмыс істейтін мамандар. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен молекулярлық медицинада, сол секілді биофармацевтикада аталған мамандар жеткіліксіз болып отыр.  Болашақта да бұл мамандыққа сұраныс көбеймесе азаймақ емес.

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: