Ас беруге келу салтанаты

27 Тамыз 2014, 09:11

Ас беруге әр ру байырғы дәстүрмен, яғни ақыны, жыршысы, балуаны, жүйрік аты, сойыс малымен және сабасымен келді. Шақырғанда келмей қалу, қатыспау сол руға, тайпаға, елге, елдің билеушісіне қарсылық көрсету болып есептелген.

Ас беруге әр ру байырғы дәстүрмен, яғни ақыны, жыршысы, балуаны, жүйрік аты, сойыс малымен және сабасымен келді. Шақырғанда келмей қалу, қатыспау сол руға, тайпаға, елге, елдің билеушісіне қарсылық көрсету болып есептелген. Сауын айтылып, хабар алған елдер асқа салтанатпен келуге үлкен мән берді. ас беруге бару жөні және оған баратын топтың құрамы аса ыждағаттылықпен іріктелді. ас беруге баратын топтың саны әдетте бірнеше жүзге дейін баратын. Ас беруге бару жайын талқылап, топ құрамын белгілеу үшін күллі рудың, аймақтың ел басылары бас қосқан мәжіліс шақырылатын. ас беруге келетін басқа рудың адамдары, өздерінің дәулетіне қарай, марқұмға жақындығына, тілеулестігіне қарай, ысқатқа, жерлеуге шығарылған шығынның орнын толтыру үшін екі, үш, жеті не он шақты жылқы немесе түйе жетектеп келеді. Бұл «аза» деп аталды.

Қаралы үйдің қасына ер-тұрманы кісі қызығарлықтай, үстіне қара шұға жабылған марқұмның асыл қазынасы ретіндегі ең сүйікті тұлпарын (тұл ат) халықтың көріп тамашалауы үшін қояды. Басқа аттарға ең жақсы деген киім- кешектері, қару-жарақтары, масаты кілемдері артылып, көрмеге қойылады. Көрмеге байланған осы аттардың жанында марқұмның егіліп, жылап-сықтаған әйелдері мен жалшылары қаз-қатар сап түзеп тұрады. Бұл ғұрыптың мақсаты халыққа марқұмның көзі тірісіндегі мәртебесін әйгілеу  болып  табылады.  Асқа  келген  халық  келген бетте қаралы үйге кіріп-шыққаннан кейін, сырттағы байлаулы тұрған тұл атты қолдарымен сипап тәу етеді. Жоқтау айтылып, бата қайырылғаннан кейін «азасына салғанымыз», «азасына қосқаным» деп, марқұмның үй- ішіне өздерімен алып келген тарту-таралғысын табыс ететін. Асқа барудың жай-жапсары туралы сол заманда қазақтардың арасында зерттеу жүргізген И.Ибрагимов былай деп жазды: «Біздер (сұлтандар, төрелер) Батыс Сібір жерінде бұдан 2 жыл бұрын, 1869 жылы қайтыс болған бір байдың асына баратын болдық. Арада 3 күндік ұзақ жол бар, жолсыз жермен жүріп келеміз, жолда арбаға, түйеге, атқа мінген қазақтарды кездестірдік. Содан жүре-жүре айнадай жарқыраған көлдің жағасына келдік. Сол жерде лашын, сұңқар, қаршыға құстармен үйрек-қаз, дала бөденесін аулап жүрген жас жігіттерді көрдік. Қайда барасыңдар? Асқа барамыз, асқа барамыз, – деп жауап береді. Сіздер асықпаңыздар, арада екі қонатын ұзақ жол бар. Егер шаршамай, көңілді барамыз десеңіздер, бізбенбіргежүріңіздер. Арамыздасал-серілер, ақын-жырауларымыз бар, солардың өлеңдері мен әндерін тыңдап баруларыңызға болады, – деді құндыз бөрікті бір жігіт. Біз бұған келістік. Содан белес-белес, тақия таулардан өтіп, қызыл гүлге оралған жазық далаға шықтық. Бір кезде алдымыздан бір түсті ақ боз атқа мінген, қызыл-жасыл киінген 10 шақты қыз шықты. Олар да асқа бара жатыр екен. Бірінен-бірі өтеді: маңдайлары жарқырап, қолаң шаштары тербеліп, бота көздерін төңкеріп қарайды. Байқаймын, біздерді менсінбей, тәкаппарлана қарайды. Бұлар біздерге қосылған соң, қазақ даласы сұлулардың даласына айналып кеткендей көрінді. Мен осы сапарымда білдім: қазақтар табиғатқа, табиғат қазақтарға ұқсайды екен». Қарқаралылық Өтебай сал осы асқа киіп келуге өзіне арнап сәукеле жасатқан. Тоқа Сапақ қызының сәукелесінен және Алтай Алдажұман қызының сәукелесінен де артық болсын деп, жасаған ұсталарға жүз жылқының құнын төлеген. Осы асқа барғанның бәрінен биік боламын деп, сәукелені басына киіп, түйеге мініп барған екен.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: