Ас беру

27 Тамыз 2014, 09:00

Дәстүрлі ортада пайғамбар жасынан асқан, ел-жұртқа аса қадірлі адамның қайтыс болғанына бір жыл толар қарсаңында бүкіл этнос деңгейінде өткізілетін аса ауқымды және ең ұлы ғұрып, аруаққа арналған «ақырғы зор құрмет».

Дәстүрлі ортада пайғамбар жасынан асқан, ел-жұртқа аса қадірлі адамның қайтыс болғанына бір жыл толар қарсаңында (кейде толған соң) «топырақты өлімге» байланысты аза тұту мерзімінің аяқталғандығын айғақтар «торқалы той» түрінде ру-қауым немесе тайпа, жүз, тіпті, бүкіл этнос деңгейінде өткізілетін аса ауқымды және ең ұлы ғұрып, аруаққа арналған «ақырғы зор құрмет».

 

Ас. Cуретші И.Н.Исабаев. ҚР МОМ қорынан (КППМ 25611/11)

Бақилық  болған   аса   беделді ел ағасының әулетіне түскен ауыртпалық бүкіл ру-қауымның, яғни социумның басына түскен ауыртпалық. Және бұл социумның қожырауына алып келуі кәдік ауыртпалық. Ал социумның қожырау-күйзелісі «ата-баба жолының» ілкімді принциптері мен нормаларының қожырауы деген сөз (толығырақ қ. Ата-баба жолы). А. б.-дің басты миссиясы – социумның қожырауына жол бермеу. Ол үшін марқұмның аруағын риза ету қажет. Себебі марқұмның аруағының риза болуы ғана «ата- баба жолының» сақталуының кепілі бола алады. Яғни бақилық болған адамның аруағына «аруақ риза болмай, тірі байымайды» идеологемасына сәйкес, бүкіл ел-жұрт болып құрмет көрсету. Бұл ұстанымды А. б. үрдісінің идеясы да, идеологиясы да деуге болады. А. б.-ге дайындық және А. б. барысында атқарылатын сан алуан салттар, ғұрыптар, ырымдар мен жосын-жоралғылар, түптеп келгенде, аталмыш идея мен идеологияны жүзеге асыратын механизмнің өзара себеп-салдарлық байланыстағы компоненттері болып табылады. А. б. үрдісі барысында тағы бір ұлы миссия жүзеге асады. Ол – этностың барлық деңгейіндегі тұлғааралық, рулық-қауымдық, руаралық, яғни тайпалық, тайпааралық, яғни жүздік, жүздераралық, яғни жалпыэтникалық қатынастардың ежелден орныққан принциптері мен нормаларының бұлжымастығын және жасампаздығын дәріптеу мен паш ету. Бұл мақсат аталмыш принциптер мен нормаларға негізделген қатынастар жүйесін «ахуалдық монтаждау» тәсілі арқылы жүзеге асырылады. Әңгіме, А. б.-дің, сайып келгенде, «ата-баба жолының» жосынына сай қалыптасқан қоғамдық қатынастар жүйесінің «ахуалдық монтаждалған» моделі ретіндегі болмысы жөнінде бо- лып отыр. Сонда, қазан төңкерісіне дейінгі, тіпті, совет дәуіріндегі кейбір еңбектерде айтылғандай, А. б. қисынсыз ысырап емес, қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастар жүйесін дәріптеудің және олардың қожырауының алдын алудың аса тиімді қолданбалы моделі іспеттес болып шығады. Сонымен бірге А. б. үрдісі қазақы ортадағы қоғамдық қатынастар жүйесінің кеңістіктік образы да болып табылады.

Қазір ғылыми көпшілік басылымдарда айтылып жүргендей осы ұлы салт-дәстүрді марқұмның бақилық болғанына бір жыл толғаннан кейін атқарылатын үрдіспен әсте шектеуге болмайды. Бұл дәстүр кісінің қайтыс болған уақытынан бастап, астың тікелей атқарылу ретін де толық қамтиды. Осы мерзім ішінде атқарылатын марқұмның үшін беру (кейбір аймақтарда ғана), жетісін, қырқын, жүзін (кіші жүз қазақтарында және өздерін жалайыр тайпасына жатқызатындарда) атқару, сондай-ақ, марқұмның тұтынған киімдерінің, бұйымдарының таратылуы, қаралы ту ілінген  найзаны үйдің іргесіне сәл қисайтып орнатылуы, оның көзі тірісінде жақсы көрген атын тұлдап, кекілін түйіп А. б.-дің тікелей ұйымдастырылуына дейін құр жіберілуі сияқты сан алуан салттар, ғұрыптар, жосын-жоралғылар А. б.-ге деген дайындықтың семантикалық аса мәнді басқыштары іспеттес. Ал, А. б.-дің тікелей атқарылу жосығы осы дәстүрдің финалы деуге болады. Сонда аталмыш салттар, ғұрыптар, жосын-жоралғылар мен А. б.-дің тікелей ұйымдастыру үрдісі және осыған байланысты атқарылатын алуандаған тағы басқа да ғұрыптық шаралар А. б.-дің салттық кеңістігін құрайды. Жоғарыда аталған тұл ат пен қаралы ту – байланған найза марқұмның көзі, бірақ, олар енді «ұйымдаспаған» бейберекет о дүниенің (хаос)  өкілінің  көзі.  Сондықтан  да,  социумға  түскен ауыртпалықтың, қожыраудың, яғни хаос дүниенің символдары да. Ал, тұл аттың А. б. кезінде сойылып, пісіріліп, А. б.-ге жиналған игі жақсыларға ежелден орныққан жосын-жоралғымен мүшелеп таратылуы және қаралы ту байланған найзаның дүйім жұрттың алдында сындыры- лып, отқа жағылуы әлгі ауыртпалық-бейберекеттікке, социумның қожырауына қарсы қолданылатын ғұрыптық әрекеттердің бірі болып табылады.

А. б. аса көлемді шығынды талап ететіндіктен, жалпы ру-қауым деңгейінде, яғни бүкіл ру адамдарының тікелей атсалысуымен іске асырылды. А. б.-дің идеологиялық негізі – жоғарыда айтылғандай, аруақтарды айырықша құрмет тұту, оларға «ата-баба жолымен» тіршілік етудің кепілі ретінде табыну. Әлбетте, А. б.-дің әлеуметтік маңызы мен рөлі әлдеқайда ауқымды да, пәрменді. А. б. көшпеліортадағыәлеуметтікқатынастардыұйымдастыру мен реттеудің аса көрнекі тәсілдерінің бірі болды. Яғни институционалдық қатынастар жүйесінің ең қауқарлы элементтерінің біріне айналды. Демек, әлеуетті институт ретінде функция атқарды.

Расында  да,  жалған  дүниеден  о  дүниеге,  бақилық «мәңгілік өмірге» «кеткен» адамның артынан атқарылатын көптеген салттық ғұрыптардың ішінде астың алатын орны ерекше. Бағзы заманда, әрiсi сақ-үйсiн-ғұн, берiсi көк түрiктер, ежелгi түрiктер дәуiрiнде ел билеушiлерi – патша, гуньмо, шаньюй, қаған елдiң, этностың, ұлыстың, мемлекеттiң тұтастығының, бiрлiгiнiң, үйлесiмдi де қалыпты тыныс-тiршiлiгiнiң басты шарты, символы, негiзгi тiрегi ретiнде дәстүрлi дүниетанымда сол кезде барша жұрт риясыз сенген мифологиялық аңыздармен орнықтырылды. Мұндай «қисындар» дүниенiң, табиғаттың, қоғамның, адамдардың пайда болуын түсiндiруге тиiстi космогониялық және эмбриогониялық мифтер композициясының ажырамас құрамдас бөлiгiне айналып отырды (мысал ретiнде Күлтегiн жазуындағы көксеңгiр аспан мен бурыл жердiң, ортасында елдiң жаратылысы – ұлылардың ұлысы Естеми мен Бумын қағандардың осы елге билiк құруымен бiрге басталуын бейнелеген асқақ сөздердi еске алуға болады). Патшалар мен қағандардың «көк тiреген» заманында олардың өлiмi қоғамның қожырауы, елдiң божырауы ретiнде қабылданды. Белгiлi бiр уақыт өткеннен кейiн марқұм патша немесе қағанның  құрметiне  өткізілетін А.  б.  рәсiмі  қожыраған  қоғамды  қалпына  келтiруге, «есеңгiреген» елдiң есiн жиғызуға бағытталды. Осы үрдiстiң қазақы материалдар негiзiнде  «анатомиясын»   зерделесек,   онда   оның,   яғни   астың   байырғы «ата-баба жолымен» қалыптасқан дәстүрлi қоғамның монтаждау «тәсiлiмен» жасалған, мейiлiнше икемдi, мейiлiнше әмбебеп моделi екендiгiне көз жеткiзу қиын емес. Жоғарыда айтылғандай, бұл ретте патшаның, қағанның жансерiгi үйлесiмдi космостың, ел мойындаған әлеуметтiк тәртiптiң бейне-символы – тұлданған аттың (қ. Ат тұлдау; Тұл ат) сойылып, мүшеленуi социумның, қоғамның қожырағандығын, ал оның ас ретiнде толық желiнiп, қабылдануы қоғам мүшелерiнiң арасындағы, социумдағы үйлесiмдi әлеуметтiк байланыстардың қалпына келгендiгiн, «өлмектiң артынан өлмек жоқ» принципi бойынша паш еткендiгiн бейнелесе керек.

Деректерге  қарағанда,  ұлы  асқа  тек   қазақ   рулары ғана емес, көршілес қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, моңғол т.б. халықтардың өкілдері  мен  ресей  және қытай аристократтарының өкілдері де қатысқан. Мұндай ауқымды аста аса маңызды іргелі мәселелер де шешімін тауып отырды. Мысалы, 1781 ж. Абылай асында Цин елшілігі өкілдерінің және қазақ сұлтандардың қатысуымен Уәли ақ киізге көтеріліп, хандыққа сайланды. Сыпатай батырға баласы Ноғай мырза Меркіде ас бергенде, оған қырғыз елінің игі-жақсылары батырға деген риясыз құрметінің белгісі ретінде мол тарту- таралғымен, сәйгүлік, жыршы, балуандарымен келген екен. Тамдының Құлқұдық деген жерінде ХІХ ғ. ІІ жартысы шамасында өткен Тұрабай деген беделді адамның асына бүкіл кіші жүз руларынан басқа, Бұқар мен Хорезм бекзадалары және қарақалпақ халқының белгілі билері мен рубасылары қатысты.

Ас көшпелі қазақ елінің аса ірі саяси, әрі мәдени мәнді форумына айналды: бір жағынан, ішкі этникалық қатынастарды (ішкі ру-қауымдық, ру-қауымаралық, тайпалық, тайпааралық, жүздік және жүздераралық, яғни жалпыэтникалық) ұйымдастыру және реттеу институты (принципі, тәсілі), ретінде қызмет атқарды, екінші жағынан, қазақы ортадағы сан алуан салттардың, ғұрыптардың, ырымдардың, жосын-жоралғылардың және наным-сенімнің реттеуші қауқары мен пәрмені, әсіресе, осынау ұлы ғұрыптың кеңістігінде айырықша көрінді. Үшінші жағынан, айтыс, әншілік, қобыз тарту, домбырашылық, жыр айту сынды сан салалы, сан алуан далалық өнердің дүйім жұртты үйірер бар эстетикалық және этикалық құдіреті А. б. барысында ерекше көрініс берді. Аталмыш харекеттер, түптеп келгенде, этностың тіршілігінің ең басты шарты – ұрпақаралық этникалық байланысты қамтамасыз етіп отырды. А. б.-дің қазақы ортадағы әлеуметтік-экономикалық жағынан да, мәдени және идеологиялық тұрғыдан да ерекше маңызды институт ретіндегі парқы осында.

Астың өткізілу реті, оның шығыны, жиналатын адам мөлшері XVIII-XIX ғғ. елеулі өзгерістерге түсті. Оның ең негізгі себебі әлеуметтік саяси жағдайға байланысты. 1822 жылғы реформадан бастап қазақ халқының кедейлене бастағаны белгілі. Бұл үрдіс XIX ғ.-дың соңында тіпті күшейіп кетті. Осыған байланысты А. б. дәстүрі елеулі өзгерістерге ұшырады. Сонымен бірге, Ресейдің жүргізген саяси реформалары қазақ елінің азаматтық өзін-өзі басқару жүйесіне үлкен соққы берді. Бұл да астың салтанатын, қоғамдық әсерін осалдатты.

Әдеб.: Васильев А.В. Материалы к характеристике взаимных от- ношений татар и киргизов. Оренбург, 1808; Евреинов А. Внутренняя или Букеевская киргиз-казачья орда // Современник. Т. XXXIX. СПб., 1851. №11; Плотников В.Н. Поминки (ас). Этнографический очерк из быта зауральских киргизов // ЗООИРГО. 1870. Вып.ХІ; Алтынсарин И. Очерк обычаев при похоронах и поминках у киргизов Оренбургского ведомства // ЗООИРГО. Вып. 1. Казань, 1870; Чорманов М. Поминки по умершим у киргизов // СОВ, 1871, №32; Ибрагимов И. Поминка // Древ- няя и новая Россия. Сборник. Год второй. Том ІІІ. 1876; Бөкейханов Ә.Н. Қарқаралы оязында болған ас // ДУГ. Адам, қоғам, табиғат (1888- 1902). Құраст.: Ү.Субханбердина.  Алматы:  Ғылым,  1994;  Путинцев Д. Некролог воспоминания о покойном Мусе Чорманове // АОВ. 1885.

№38, №39; Леваневский М.А. Очерки киргизских степей (Эмбинского уезда) // Землеведение. 1894. Т.I. Кн.2; Кн.3; Аничков И.В. Поездка на

киргизские поминки в 1892 году // ИОАИЭКУ. Т.ХІV. Вып.2. Казань, 1897; Карутц Р. Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке. СПб., 1911; Кастанье И.А. Надгробные сооружения киргизских степей // ТОУАК. Вып.26. Оренбург, 1911; Кастанье И. Из области киргизских верований

// ВОУК. Оренбург, 1912. №3; 1913. №4; №5; №6; Арғынбаев Х.А. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи этнографиялық шолу). Алматы: Ғылым, 1973; Симаков Г.И. Общественные функции киргизских народ- ных развлечений в конце XIX-начале XX в.: Историко-этнографические очерки. Л.: Наука, 1984; Алимбай Нурсан Казахский ас как модель мира кочевой культуры (К семиотике одной из форм ритуального моделиро- вания действительности у кочевников) // Всесоюзная научная сессия по итогам полевых этнографических и антропологических исследова- ний 1988-1989 гг. Тезисы докладов в 3-х частях. Ч.2. Алма-Ата, 1990; Баталов Ғ. Ас // ҚӘ. 1990, 23-наурыз; Толеубаев А.Т. Реликты доис- ламских верований в семейной обрядности казахов (XIX – начало XX в.) Алма-Ата: Ғылым, 1991; Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих). Ауд. Б.Төтенаев., А.Жолдасов. Алматы: Қазақстан, 1992; Ақжолтай Ағыбай батыр. Құраст. М.Ә. Ағыбайтегі. Жезқазған: Қайнар, 1992; Отарбаев Р. Сағынайдың асы, Құлагердің қазасы // АТ. 1992. №5; Көпеев М.Ж. Таңдамалы шығармалары. Екі томдық. 2-том. Алматы: Ғылым, 1992; Жүнісов А. Фәниден бақиға дейін (әдет-ғұрыптар). Алматы: Қайнар, 1994; Левшин А.И. Описание Киргиз-казачьих или киргиз-кайцацких орд и степей. В 3-частях. СПб, 1832; Шорманов М. Қазақтың халықтық әдет-ғұрыптары. Құраст.: А.М.Қанафина. Қарағанды, 2000; Ажигали С.Е. Религиозность и обрядность сельчан Казахстана в ближайшей ретроспективе: Жетысу, середина 80-х // Обычаи и обряды казахов в прошлом и настоящем. Алматы: Ғылым, 2001; Қатран Д. Қазақтың дәстүрлi ас-тағам мәдениетi. Ғылыми редактор және алғысөз автор Нұрсан Әлімбай. Алматы: ҚМӨҒЗИ, 2002; Әлімбай Нұрсан. Дәстүрлі қазақ қоғамын зерттеудің ілкімді принциптері жөнінде қысқаша номадологиялық дискурс (немесе жалпытеориялық проекция) // Евразийский ежегодник. Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2005; Кенже- ахметов С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы: Алматыкітап, 2004; Смағұлов Е. Ас беру дәстүрінің зерттелу тарихы // Қазақ тари- хы. 2004. №5; Құдайбергенова А., Бекбалақ Қ. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Алматы: Арыс, 2005; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: