22 Тамыз 2014, 09:26
ҚАСҚЫР АУЛАУ – қасқырды атып, соғып, ұрып алу немесе белгілі бір амал-тәсілдермен қолға түсіру. Көшпелі ортада Қ. а.-ға арнайы кәсіптенген аңшылардан гөрі малдың амандығы үшін көбінесе малшылар шығады. Өйткені, қасқыр көбейіп кетсе, әсіресе қыста малға жиі шауып, малшыларды шығынға ұшыратады. Қ.а.-ға шығар алдында бірқатар дайындықтар жасалады. Алдымен мініс аттардың ішіндегі жүйріктерін дайындайды. Қазақ малшыларының тәжірибесінде қасқыр қашан да атты адамнан қорқады. Төменде келтіріліп отырған сөз тіркестері осы жайтты аңғартады:
Жаяу қойшы – жатқан қойшы;
Өгізді қойшы – өлген қойшы; Т
үйелі қойшы – тұрған қойшы;
Атты қойшы – ашуы қатты қойшы.
Аңшылар шоқпар, сойыл, айбалта, мылтықтарын сайлап арнайы күн белгілейді. Көбінесе алғашқы қар түскен күн таңдалады. Аңшылық дәстүрде бұл күнді қансонар деп атайды (қ. Қансонар). Оның себебі біріншіден ізі арқылы қасқырдың соңына түсу оңай болса, екіншіден жерге тоң қатып үлгермегендіктен қардың астындағы қара жер ылғалданып жатады да, қасқыр батпақтап қаша алмай қалады. Аттары жүйрік аңшылар осыны пайдаланып қасқырды қуып жетіп, сойылмен немесе айбалтамен ұрып алады.
Қ.а.-да көбірек қолданылатын тәсілдің бірі – мойын қатыру. Атты адам қасқырдың тек бір жағына шығып алып қуып отырады. Қасқыр аңшының әр қимылын бақылап басын бір жаққа бұрып алып қашады. Осылайша бір бағытқа қарап ұзақ уақыт жүгірген қасқырдың мойны бұрылмай қатып қалады да аңшы оңай ұрып алады. Бұл әдісті мойын қатыру деп атайды (қ. Мойын қатыру).
Келесі бір тәсіл – мұз қатыру. Топтасып шыққан аңшылар қыстың қақаған аязында тоқ қасқырдың соңына түсіп, күн ұзақ қуып отырады. Қасқыр тоқ болғандықтан қаша-қаша жаны қиналып, қара терге түседі. Ертеңіне қасқырдың денесіне мұз қатып жүгіре алмай қалғанда аңшылар оңай ұрып алады. Бұл тәсіл мұз қатыру деп аталады (қ. Мұз қатыру).
Көшпелі ортада қасқыр аулаудың өзіндік тәсілдері қалыптасты. С.Бабажановтың еңбегінде Бөкей ордасы өңірінде Қ.а.-дың төмендегі ең көп тараған тәсілі сипатталынады. Топтасқан аттылы, түйелі аңшылар белгіленген күні қасқырдың соңына түсіп, оларды қамыс, жыңғылды аралға қарай қуады. Қасқыр қамысқа тығылғанда аты жүйріктері аралдан қашықтау жерде қасқырды тосып дайындалып тұрады. Қалғандары қолындағы сойыл, айбалталарын соққылап, улап-шулап, айқайлап қамысқа қарай жақындайды. Айқай шудан түз аңының есі шығып қамыстан шыға қашқанда тосып тұрған аңшылар оған тап береді. Қорыққан қасқыр аралды айнала қашып әлі құриды. Аңшылар оларды жүйрік атпен кезектесе қуып, қаумалап жүріп ұрымтал тұста соғып алады. Қасқырды осылайша әлсіретіп тықсыра қуғанда тәжірибелі аңшылар сыптығыр қайыс арқандардың көмегімен тірідей ұстап та алады. Қасқырға қуып жеткенде қатарласа келіп оған арқан лақтырып шалмалап ұстайды. Аңшылық дәстүрде аталмыш қайыс арқандар тек Қ.а.-да ғана емес, жалпы аңшылықта қолданылатындықтан арнайы жасалады. Ол үшін ірі қараның жон терілерінен тіліп алған қайысты әбден иін қандырып илеп, созып дайындайды. Аңға шықпаған уақытта қайыс арқан кеуіп қалмау үшін оны ауық-ауық майлап тұрады.
Көшпелі орта малшылары жоғарыда аталған тәсілдерден бөлек қасқырдың санын азайту үшін бірқатар шаралар атқарады. Көктемде қасқырдың апанын тауып алып бөлтіріктерін өлтіріп, енелеріне қақпан құрып кетеді. Кейде бөлтіріктерін өлтірмей, тек тірсектерін қиып тастайды. Тірсегі қиылған бөлтіріктер өсе келе апаннан шығып, аяғы кем болғандықтан тек өлексе жемтіктермен күнелтіп жазға жеткенде оларды ұрып алады.
Қасқырды кейде улап та өлтіретін. Ол үшін Мойынқұм, Қызылқұм шөлдерінде, Қаратау мен Тянь Шаньнің батысында өсетін күшәла деп аталатын улы өсімдікті пайдаланған. Күшәла сәуір мен мамыр айларында гүлдеп жемістенеді. Жемісі ақ жидек түріндегі улы түйнек. Аталмыш өсімдікті өлген малдың етіне немесе жемтікке араластырып далаға тастайды. Оны жеген қасқырлар қырылып қалады (қ. Күшәла).
Қ.а.-ды арнайы кәсіп еткен аңшылардың әдіс-тәсілдері мен айла-амалдары түрлі болады. Жоғарыда аталған жүйрік ат, мылтық, шоқпар, айбалта, қайыс арқанды қолданудан бөлек қасқырға ауызданған ит пен бүркіт салады.
Қасқыр табиғатында күшті, әрі өктем келетіндіктен, оған иттің жүректі, батылы ғана шаба алады. Оны иттің сырттаны деп атайды (қ. Ит; Сырттан). Дегенмен, қазақта сырттан иттер сирек болған. Көп жағдайда қасқырға малшының қасында жүретін серігі қазақы төбеттердің таза қандылары ғана бата алатын. Сондай-ақ, дүрегей төбеттер де шабады (қ. Дүрегей).Иттер қасқырға жеке дарадан гөрі топтасқан кезде батыл шабады. Әсіресе, ұялас иттер қасқырдан тайсалмайтындықтан, аңшылар азулы төбеттер мен күшті дүрегейдің ұяластарын қасқырға ауыздандырады. Ауызданған иттерді аңшы қасқырға «айтақ!, айтақ!» деп қосады. Иттер қасқырмен алысқанда аңшы қасқырдың қарнын жарып немесе шоқпармен ұрып алады.
Дәстүрлі саятшылықта бабына келіп тұрған бүркіттер қасқырға да түседі. Басқа аңдарға қарағанда қасқыр азулы жыртқыш болғандықтан бүркіт оның жанды жері басынан немесе көзінен шеңгелдеп бүреді. Қасқыр бірде тұрып, бірде жығылып бүркітпен арпалыса береді. Бүркіт босаңсып қалғанда қасқыр оны боршалап тастайтындықтан аңшы қасқырдың қарнын жарып өлтіреді (қ. Саятшылық).
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»