Асқар Дүйсенбі: Жылтырақ жарнама абырой әпермейді

23 Маусым 2022, 15:28 49536

«Зияратым бұл бір кіші қажылық, Мұсылманға сен екінші Меккесің», - деп киелі Түркістан мекенін жырға қосқан ақынның есімі – Асқар Дүйсенбі. Бүгінгі кейіпкеріміз Асқар Кейкіұлы 1973 жылы 31 қазанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қандөз ауылында дүниеге келген. Филология ғылымдарының кандидаты, PhD Докторы. «Махаббат көктемі» (1996), «Ләйлә ғұмыр» (2003, 2015) жыр жинақтарының, «Жан арманым» (2006), «Тойға тілек» (2016) ән альбомдары мен «Түркі аңыздары мен әпсаналары» (2011), «Аңыздар мен абыздар» (2017), Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Единица жақсысы» (2020) атты ғылыми монографиялардың авторы. Әдебиет номинациясы бойынша 2014 жылғы Президент стипендиясының иегері. Жеке шығармашылықтан бөлек, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел, ШТКУ секілді ЖОО дәріс оқып жүрген лирик ақынмен сұхбаттасудың сәті түсті.


– Асқар Кейкіұлы, қазіргі кезде сіздің есіміңізді жаңа өлеңдеріңіздің шығуымен байланысты емес, сценарий авторы ретінде оқып жүрміз. Отандық арналардан көрсетілген көркем фильмдерде, одан кейін ұлттық арнаның жобаларында есіміңіз аталды. Бұл бағытқа қалай бұрылдыңыз?

– Дұрыс айтасыз, мен қазір әнге мәтін жазудан, ән шығарудан да басқа, он шақты жылдан аса деп айтсам артық болмайтын шығар, телебағдарламаларға сценарист болып, осы арқылы сценарий әлеміне келдім. «Мұнайшының мақсаты – қазу, жазушының мақсаты – жазу» дегендей жалғызаяқ жол даңғылға жеткізетініндей, ары қарай өрістетіп, сериалдарға, фильмдерге сценарий жазу бағытына бұрылуға тура келді. Бірден айтайын, мен әнге мәтін жазуды, поэзиялық шығармалар жазуды бір сәт тоқтатқан емеспін. Бүгінде есімімді басқа бағыттан көріп жатсаңыздар, ол сол жобалардың көбірек насихатталып жатқандығынан деп білемін. Елімізде соңғы үш-төрт жылдың ішінде қаншама оқиғалар, қоғамдық құбылыстар болып жатыр. Бір ғана пандемия келіп шығармашылық тұрмақ тіршілігіміздің саябырсуына әсер етті. Күнделікті қарым-қатынас, ел арасындағы байланыс тоқтағандықтан, әрине, шығармашылық та баяулайды. Соның өзінде әнге мәтін жазуды тоқтатқан жоқпын. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген талантты әншіміз Димаштың репертуарындағы «Қазақстан», «Жайна, жаса, елім», «Жер бетінде жақсылық жайласын», «Жұлдызым», «Өткен махаббат», «Әкем-анашым» әндерінің сөзін жаздым. Аталған әндер көршілес Қытайда, Ресейде, сондай-ақ Украинада, еуропа елдері, Лондон қаласында өткен концерттерінде шырқалды. Әсіресе бүкіл әлем көз тіккен, құрлықтың арғы беті Америкада өткен концертінде осы әндермен шымылдығы түріліп, соңында екеуіміздің әнімізбен жабылды. Сонымен қатар Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы тағы да өзге белгілі өнер адамдарымен тығыз шығармашылық бірлестіктемін. Қазіргі мынау «жылтыраққа» қызығушылығы артқан қоғамда талапкер әншілер де көбейіп кеткені жасырын емес. Алайда соңғы уақытта олардың да екпіні басылғанын көріп жүрміз. Қай нәрсеге де уақыт – үлкен төреші. Неге десеңіз, пандемиядан кейін кейбір есепсіз дүниелеріміз жинақталып, ширығып, көп нәрсені ой елегінен өткізетін болдық. Осыдан соң «жалаулатқан» жеңіл жанрдағы шаруаны тиянақтап, отандық, ұлттық арналардағы көптеген сериалдарға сценарий жазуға уақыт бөлдім. Өз басым үшін бұл бағытта қалам тербеуім заман талабынан туындады. Бірақ бұл поэзияны прозаға айырбастап, тек сценариші болып кеттім деген сөз емес, екеуін тепе-тең ұстауға тырысып жүрмін. Өйткені бүкіл ойлау жүйем, өмірді пайымдау, әлемді бағалауым, адамдармен қарым-қатынасым негізінен әдемі жыр шумақтарымнан көрініс табады. Күнделікті ауамен қалай демалсам, поэзия әлемімен дәл солай тыныстап келе жатырмын.


– Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында отандық кинонарық тарихи туындылармен көбейді. Солардың бірі – өзіңіз атсалысқан «Жәңгір хан. Сарай сыры» фильмі. Жәңгір хан туралы шыққан тұңғыш сериалдың баға жетпес рухани қазына екені де анық. Осы телехикаяның түсірілу барысындағы шығармашылық жұмыс туралы айтып беріңізші.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы – саяси-экономикалық жағынан ғана емес, руханият тұрғысынан үлкен маңызға ие оқиға. Мерейтойдың қарсаңында өзіңіз айтқандай «Жәңгір хан. Сарай сыры» телехикаясы көрерменге жол тартты. Оған көрермен мен уақыт өз бағасын бере жатар. Өз жұмысым болғандықтан, оны жоғары бағалап, мақтап я мадақтағаным орынсыз болар, әйтсе де, экрандалған көп туындыдан кем көрмеймін. Қалай дегенде де сұрауы көп салмақты дүние болғандықтан, бұл туындыны қолға аларда, өзімізге үлкен жауапкершілік жүктеп, қатал талап та қойдық. Себебі, Жәңгір хан қазақтың біртуар тарихи тұлғасы, үлкен реформатор. Ғасырлар бойы халқымызды Абылайхан армандаған көшпенділіктен отырықшылыққа алып келген, үй салып, қалашық тұрғызған, дәріхана, почта, мектеп ашып, білім-ғылымға үндеген тарахи қайраткердің, мемлекет тарихында орны бөлек ханының бейнесін ашу өте күрделі іс. Жәмит Көшербаев әріптесім екеуміз сценарий жазуға кіріспес бұрын Жәңгір хан туралы кім не айтты, не жазды, қандай тарихи, көркем шығармаларға арқау болды деген тұрғыдан бәрін түгел тізіп, сүзіп көзімізден өткізіп, көңілімізден тұндырып, зерттеп шықтық. Осыған дейін «Таң қалдырған хикая», «Алтын алқа», «Ақсұңқар», «Біздің көктем», «Бақыт құсы», «Мезгілсіз махаббат» сияқты бейнетуындылардың сценарисі болып, алғашқы баспалдақтан өтсем, кейіннен ардақты ағамыз, қайраткер жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Жұмбақтаудағы қазына» деп аталатын әңгімесінің желісімен Жәмит Көшербаев екеуіміз 16 сериялы фильмге сценарий жаздық. Осылайша жинаған тәжірибем өз жемісін беріп, үлкен жобаларға жол ашты.

«Хан емессің, Қасқырсың,

Қас албасты басқырсың.

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!»,-

деген Махамбеттің шығармасындағы Жәңгір хан туралы отты жырлары арқылы біз бүгінге дейін оны жағымсыз, кереғар тұлға ретінде қарап келдік. Монетаның екі беті болатынындай, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты көзқарастың екі жағы болатыны ақылды адамға дәлелдейтін іс емес. Қазақ қоғамы үшін Жәңгір ханның ұлт тарихы мен мәдениетінен ойып алар өзіндік орны бар беделді тұлға болғандығын, отбасын қалай ұстағаны, оларға қалай тәрбие бергені, сол арқылы айналасындағы елді тізгіндеп, дос пен дұшпанын саралап, сыналап қандай билік жүргізгенін, оның рухани кемелдігі мен саяси тереңдігі, тарихи тұлғалық тұғырнамасының биіктігі, яғни осының бәрін біржақты кетпей теңдей көрсетуге тырыстық. Бір қасиетін мақтап, екінші қырын даттамадық. Шығармашылық тобымыздың бас продюсері Арман Сқабылұлының ұсыныс-тілегі арқылы шығарманы осылайша дүниеге әкелдік. Бұл ауқымды дүние кешегі дүрбелеңге айналған пандемияның кезінде жазылды. Сол кезде тек қана үйде отырып үрікпей, өзімізді рухани жағынан жетілдіріп, Жәңгір хан туралы тарихи шығармаларды, мақалаларды, ғылыми зерттеулердің бәрін қарап, сценарийді түйіндедік. «Арамен бақталас боламын десең, құмырсқадай еңбеккеш бол» деген. Шығармашылық адамына бір сәт тыныштап жатуға болмайды. Тырс етпей, тырп етпей жаттым деген сөз, ой-санаңды өз қолыңмен өзің тұмшаладым дегенмен бірдей. Сондықтан да тек қана алға жүру, тынымсыз еңбектенудің арқасында осындай туынды дүниеге келді. Телехикая түсірілімі барысындағы кейбір сценарийге енбеген деректерді, қызықты дүниелерді, сериалға сыймай қалған оның қаншама қырын болашақта тарихи шығарма ретінде, кітап нұсқасында оқырманға ұсынсақ деген де жоспарымыз жоқ емес...

– Қазір кітап шығарып, поэзия оқитын ақындардан гөрі әнге сөз жазып жүрген ақындар танымал. Бір сөздің иесі дегенімізбен, жалпы осы екі ұғым бір-бірімен тең бе, әлде бөлек қарастыруымыз керек пе?

– Ақын деген анықтауыштық ұғым бөліп-жармайтын дүние десек те, бүгінгі таңда оған түрліше көзқарас бар. Ақындардың ішінен танымалдылығы жағынан негізінен көбінесе, ол әнге мәтін жазатындары. Ол жауып, жасыратын нәрсе емес, айқын, анық, беті ашық дүние. Бүгінде эстрада елге тез жететін жеңіл жанр болғандықтан, ақындардың көбісі әнге мәтін жазып, сол арқылы танымал болсам екен деген ойда жүретінін жасыруға болмайды. Ол бірақ қалай десек те, ойнап отырып жаза салатын оңай дүние емес. Бір өкініштісі, қазір көркемдік талапқа жауап бермейтін көшедегі сөздің көбі сахнаға шығып кетті. Мұны сөз өнеріне деген қиянат деп білемін. Табыс тапқан жақсы ғой. Бірақ, сол арқылы атымды шығарсам, танымал болсам деген жылтырақ жарнама абырой әпермейді. Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков ағамыздың «90-шы жылға дейінгі кісілер оқырмандар, 90-шы жылдан кейінгі жастар тыңдармандар, көрермендер» дегені бар еді. Тәуелсіздік жылдарының басында қиын кезеңді бастан өткергеніміз, кітап оқудан гөрі, жан бағу мәселесі алға шыққан заманда өмір сүргеніміз рас. Бірақ содан ешкім кітап оқмайтын боп кетті деген сөз емес. Көзі қарақты оқырман ақынды поэзиясы арқылы да, ән мәтіні арқылы да танып, бағалап жатады. Көршілес елдерде ақынды поэзия немесе ән мәтінін жазатын ақын деп бөліп қарайтын тенденция бар. Мен бұл тұрғыда біреуін ақтап, біреуін жамандағым келмейді. Өйткені өзім де осы екі бағытта да жұмыс жасаймын ғой. Бірақ, уақыты келгенде екеуін екі бөлек қарайтын да сәт туар деп ойлаймын. Себебі «шөп те өлең, шөңге де өлең» боп кеткен кезеңде поэзияның өзіне қойылатын биік талабын ұмытпағанымыз абзал. Поэзияда әдемі ой, сұлу сөз, астары терең мән, тізілген маржан тістей балталаса бұзылмайтын ұйқас бір сөзбен айтқанда  сылдырап аққан бұлақтай үйлесім болуы керек. Қазіргі ән мәтіндерін алып қарасаңыз шошисыз. Кейбір іші мәнсіз арнау, дәмсіз тақылдаған тапқпақтармен сірескен сыртын жылтыратып кітап етіп шығарып жатқан көріністерге куә болғанда, соңы не болар екен деп қынжыласың. Мүмкін, олар «түлкі заманды тазы боп шалғысы келетін» жандар шығар. Енді оның бәріне уақыт төреші. Мен өзімді екі топтың біріне бөліп жармасам да, оларды сөзінің салмағына қарай саралағанды жөн көремін. Сондықтан әнге мәтін жазатын жандарды ақын емес, өлеңші деп атаған дұрыс сияқты.


– Сөз өнерін алғаш айтыстан бастаған екенсіз. Ал бірінші қағазға түсірген өлеңіңіз есіңізде ме?

– «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» дегендей, кез келген белгілі жазушының шығармашылық жолы поэзиядан басталған. Сол сияқты менің поэзиядағы алғашқы қадамым айтыстан бастау алды. Мектепішілік, ауданаралық, облысаралық жыр сайыстарына жолдама алдым. Сол арқылы өзімнің өмірдегі, өнердегі жолымды, бағтымды таңдадым. Алғаш рет 90-шы жылы республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, соның III турында айтыс жанры бойынша бас жүлдені иеленгенмін. Құстың қос қанатындай поэзияның да, суырыпсалмалық өнердің де менің жанымда қатар өмір сүріп келе жатқаны осылай басталған қадамымнан деп білемін. Ал алғаш жазған өлеңім туралы сұрадыңыз ғой, оны мынадай бір қызықты оқиғамен баяндап берейін. Көктемнің жаймашуақ керемет күндерінің бірі болатын. Сол уақытта түс көріппін, түсімде алқалы топтың алдында өлең оқып тұр екенмін. Менің өлеңімді махаббатпен тыңдаған халық риза болып, қол соғып жатты. Олардың үлкен қошеметі маған қанат бітіріп, бір рақат сезімді бастан кешіп сахнада тұрмын. Кенет түсім үзіліп, оянып кеттім. Бұл түннің бір жарымы еді. Алаулап, үлкен шабытпен, қуанышқа бөленген қалпы жаңағы сахнадағы өлеңімді дереу іштей бір қайталап, сол қалпы қағазға түсірдім. Содан есімде қалғаны:

...Гүл сезім сол шақ болмасын, қақаған аяз-қыстардай.

Көз ілсем жаным о да шын, өзіңе жатам түсті арнай.

Тәңірден сая тілерсің, өмір от, көңіл гүл өрсін,

Ерте ме, кеш пе мен қалай, ұнатқандығымды білерсің..., - деген өлең жолдары.

– Бүгінгі таңда шығармашылық жолын енді бастаған жас ақындардың өзі бірнеше жинақ шығарып үлгерген. Бұл қандай құбылыс, ақындықтың арзандауы ма, кітап шығарудың оңайға түскені ме? Жалпы өлең жазып үйренуге бола ма?

– Нарық заманының ұраны – ақша табу, сондай-ақ ақша жүрген жерде атақ шығару болып тұр. Бүгінгі таңдағы шығармашылық жолын енді бастаған жас ақындардың кемі бір-екі кітабы бар. Бір жағынан, заманға ілескен пысықтығы да шығар, яғни, жазған өлеңін жинақ етіп шығарып жатады. Бірақ қазіргі жастардың арасында осындай бір құбылыс белең алғанын мойындау керек. Бұл мүмкін дұрыс та шығар. Өйткені қаншама атақты ақындарымыздың заманында қаншама өлеңдері жарық көрмей жоғалып кеткен. Бұдан ақындыққа берілетін бағаның емес, кітап шығарудың оңайға түскенін байқауға болады. Көбінде жас ақындар өзінің айналасынан демеуші тауып, сол арқылы кітабын асығыс шығаруында да бір мән болуы мүмкін. Мәселен, кітап арқылы одаққа мүше болу, атақ-абыройға ертерек ілігу деген сияқты. Шеберлігі мен ақындық әлемі әлі толысып қалыптаспай жатып шыққан кітап, әрине, шала піскен нан сияқты. Сондықтан ақындық жолға өзінің өмірін арнаған, шынымен ертең жақсы ақын боламын, тұлғалы ақындардың қатарына қосыламын деген жан асықпау керек. Өнерде асығыстық жасау шалағайлықты білдіреді. Ақындық Алладан келеді, яғни Тәңірдің адамға берген сыйы. Ол қасиетті ешқандай білім ордасы бере алмайды, тіпті менмін деген мықты ұстаз да үйрете алмайжы. Өлең жазу техникасын қанша үйретсе де, адамның табиғатында болмаса, өбектегенмен өрісін тауып кете алмайды. Менің де ақындық жолда ұстаздарым бар. Олардың аты, дақпырты, қанатты жырлары мені шабыттандырды. Сол арқылы мен оларды ұстаз тұтамын. Тірлікте аралас-құралас жүрмесе де, отты өлеңдері арқылы бойымдағы кішкентай шоқты үрлеп, үлкен жалынға айналуына көмектескені үшін ұстаз санаймын. Ал ақын әр айтылған сөзі үшін өзі жауапты.


– Бір басыңызда бар мамандық табылар: ақын, композитор, сценарист, фольклортанушы ғалым... Асқар Дүйсенбі деген атыңыз аталғанда ең алдымен есіміңізді қайсысымен байланыстырғанын қалайсыз?

– Мен «өзімнің мынандай қырым бар екен, мынандай сырым бар екен» деп, неше түрлі атақтарды жалау көретін адам емеспін. Ол да табиғатымнан болса керек. Көпшілік қауым өзіңіз сияқты тізбелеп шығып, қай қырыңызды басым көресіз деп сұрап жатады. Осылардың ішінде ақын Асқар Дүйсенбі деген ат құлағыма жағымдырақ. Менің образымды сол анықтауыш ашатындай көрінеді. Мына айтқан атақ, ғылыми дәрежемнің бәрі университетке дәріс оқуға барғанда құжат үшін ғана керек шығар. Ал басқа кез келген ортада ақын деп атағанын қалаймын.

Амандық болса алдағы жылы ердің жасы 50-ге толады екенсіз. Шығармашылық адамдары үшін есеп беретін бұл бір белгілі белес. Жоспарларыңызды бөлісе отырсаңыз.

– Дұрыс айтасыз, жоспар көп. «Иман нұры», «Қандөздегі қараша үй» деген жыр жинақтарымды шығарсам деген сенім бар. Оның үстіне ұзын саны 500-ден аса әнге мәтін жазыппын. Соларды ескере отырып, бір шығармашылық әдеби-сазды кеш берсем деген де жоспар бар. Енді ол алдағы күннің еншісіндегі дүние.

– Бір әңгімеңізде «дүниетанымымдағы құбылыстың бәрі ауылға деген сағыныштан, махаббаттан тұрады» депсіз. Олай болса сіз туған жер, сіз өскен ауылды көз алдымызға келтірейікші.

– Кім нені жазса да, қандай сөз айтса да білімін, танымын, әлем туралы, өмір туралы, жалпы адамзат туралы ойын қоршаған ортасы арқылы қалыптастырады. Жоғарыда айтып кеткендей, әннің мәтінін жазсам да өскен ауылымдағы адамдардың мінезін, олардың бойындағы әдемі қасиеттерді, ауылдың табиғатыма жақын көріністерін көз алдыма елестете отырып жазамын. Туған ауылым, өскен жерім – менің өмір мектебім. Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Біреулер менің туған жерімді көрсе «сенің соншама жырға қосып, асқақтатып жүрген ауылың осы ма?» деп те айтуы мүмкін. Бірақ, кім болса да сенікіндей сағынышпен еске алып, дәл сенікіндей махаббатпен қарау үшін тек сенің ғана көзіңмен қарау керек. Сол кішкентай ғана меккеге татыр мекенім – Түркістан қаласының маңындағы, сұлу Сырдың бойында орналасқан, жан-дүниеңді жасартып көктемде даланы жиденің иісі аралап, Қызылқұмнан ескен желмен жусан исі жұпарлаған Қандөз деп аталатын ауыл. Кезінде ел-жер тарихына қатысты зерттеулерімде ол туралы көбірек айтқанмын. Сол алақандай ғана ауылдан төрт бірдей ғалым шыққан. Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов, журналист, қоғам қайраткері Нұрмахан Оразбеков, сатирик ақын-жазушы Нұрмахан Елтай, спорт шебері Халық Абдуллаев, композитор Сауранбек Елеуовтер де осы ауылымыздың түлегі.

Қандөз жақтан қараңдайды топ шынар,

Соны еске алсам, көзден жалын, от шығар.

Өскен ауыл, туған үйін сағынып,

Аңсамайтын адам, сірә, жоқ шығар.

Бұлқан-талқан болған көңіл-күйім-ай,

Жоқ нәрсені аңсаған да қиын-ай.

Әкем қалған, анам қалған қол бұлғап,

Қайран Қандөз, қайран, туған үйім-ай..., - деген «Туған үй» атты ауылыма сағыныштан дүниеге келген жырларымның бірі осындай.

– Асқар Кейкіұлы, сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Бөлісу: