28 Қыркүйек 2015, 03:19
Арыстанбек Мұхамедиұлы әуелі зиялы қауымды тіл мерекесімен құттықтап, интернет қолданушыларға өз өнімдерін ұсынып жүрген бірнеше медиа компания өкілдеріне сөз берді. Олар медиа саласындағы қазақ тілді аудиторияға ұсынылатын қызмет түрлері мен сапасы, бүгінгі жеткен жетістіктері, медиа нарықтағы дәрежесі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар жиналғандарға бірқатар жаңа жобаларды таныстырды.
– Бүгінде «Қазконтент» АҚ еліміздегі ақпараттық кеңістіктің белсенді бөлігі болып табылады. Біздің 8 интернет жобамыз бар. Оның төртеуі ақпараттық, төртеуі белгілі бір тақырыптарға арналған порталдар. Компанияның миссиясы – ұлттық контент жасау және интернет желісінің қазақстандық бөлігін дамыту. Компанияның барлық жобасы еліміздегі интернет пайдаланушыларға ең жылдам, әрі анық ақпарат беруді қамтамасыз ету үшін құрылған. «Қазконтент» АҚ-ның әр жобасы қоғамдағы тың жаңалықтар мен өзгерістерден хабардар етіп қана қоймай, кешегі мен бүгінді салыстырып, жарқын болашаққа жол ашуыңызға себеп болады деген ойдамыз, – деді «Қазконтент» АҚ Интернет жобалар жөніндегі басқарушы директоры Жандос Шолақов.
«Wiki Bilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжани Қазақша Википедиа туралы толығырақ тоқталып өтті.
– Жобаны құрудағы мақсат – Википедиа онлайн энциклопедиясындағы қазақ тіліндегі тарауын дамыту, қазақ тіліндегі мақалалар санын және сапасын арттыру, белсенді қолданушылар қатарын көбейту болды, – деді ол. – Егер басында айына 400 мың бет қаралатын болса, қазір ай сайын 14 млн бет қаралады. Бұл – қазақ тіліндегі материалдарға сұраныс бар деген сөз. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғаюда. Бүгінгі таңда материалдар саны 200 мыңнан асып кетті. Бастапқы кезеңде Қазақша Википедия рейтингтер тізімінде 124 орында болған болса, қазір біз 33 орынға көтерілдік. Бұл – әлемдегі ең мықты көрсеткіштердің бірі деуге болады. 2015 жылы даму динамикасы бойынша қазақ тілді википедия әлемдегі ең үздік википедия болып танылды.
Нұрбек Матжани «Google translate» аударма қызметіне тоқталып, осы уақытқа дейін ол жерде 60-қа жуық тіл болған болса, бүгінгі таңда олардың саны 90 жеткенін айтты.
– Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез-келген адам 90 тілден қазақ тіліне аударма жасай алады, – деді Нұрбек Матжани. – Бұл тегін әрі қазақ тілінің технологиямен дос бола алатынын айқындайтын көрсеткіш. Қазақстанда үлкен 15 томдық сөздік бар. Біз жазу жазамыз, мәтінге жүгінеміз сол кезде кейбір сөздерді түсінбей қалған кездерде 15 томдық кітапты өзімізбен бірге алып жүру ыңғайсыз. Және бұл томдар екінің бірінің үйінде жоқ әрі тиражы шектеулі. Сол себепті 15 томды электронды нұсқаға ауыстырып, телефон, планшет арқылы пайдалануға мүмкіндік жасап, интернет арқылы қолжетімді еттік. Жер жаһанның әр түкпірінен қалаған адам қазақ тіліндегі сөздің мағынасын тегін білуге мүмкіндік алып отыр. 15 томда 150 мыңға жуық сөз бар.
Нұрбек Матжани сондай-ақ, Kitap.kz, Sauat.kz секілді өзге де жаңа жобалармен таныстырды.
«Патриот медиа» ЖШС басшысы Алтынбек Ақыш қазақ және ағылшын тілін үйренуге ниетті жандар мен ұстаздарға арналған электронды көрнекі құралдарды таныстырды.
Бұл жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілі мен ағылшын тілін үйрететін мұғалімдерге арналған дайын электронды нұсқағыш ұсыну. Жоба авторының айтуынша, қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлейтін плакаттар 50 данадан әзірленген. Онда ас үйден бастап, әуежай, қоғамдық көлік секілді адам тұрмысына керекті барлық салаға қажет сөздер топтастырылған.
Жоба әлі де жетілідіріліп, 2 айдан кейін нақты тұсауы кесілетін болады.
Жиын соңында Нұрлан Оразалин, Мырзатай Жолдасбеков, Қаржаубай Сартқожаұлы, Серік Негимов, Сейіт Қасқабасов, Сұлтан Оразалинов, Қойшығара Салғараұлы, Камал Бурханов, Оразгүл Асанғазықызы, Нұржан Жалауқызы, Бақытбек Смағұл, Дихан Қамзабекұлы, Дәуітәлі Омашұлы т.б секілді мемлекеттік тілдің дамуына ат салысып жүрген бір топ зиялы қауым ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан арнайы алғыс хат алды.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Сурет авторы Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ