Арыстанбек Мұхамадиұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталуы мүмкін

5 Маусым 2023, 23:22 1100

Экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамадиұлына қатысты іс бойынша жала жабу фактісімен сотқа дейінгі тергеу бастауы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Сыбайлас жемоқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлім етті.

Кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде, мессенджерлерде бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлына қатысты сот процесінің видеосы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің «Дипломат» қонақүйін үшінші тұлғаларға жазып беріп, 111 млн теңге көлемінде шығын өтеуге мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Мұхамедиұлы 221 млн теңге жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Оның іске қатыстылығы дәлелденіп, прокуратура мақұлдады. Енді ол әрекеттеріне қорытынды бағаны сот береді, - деп жазылған ресми мәліметте.

Тарап кеткен ақпараттағы 111 млн теңгенің дауын да агенттік өкілдері осы 221 млн теңгенің ісімен байланыстырып отыр.

Тергеу кезінде жауапкершілігін жеңілдету үшін келтірілген залал ішінара өтеліп, 111 млн теңге мемлекет кірісіне аударылған.

Оған қоса, қазіргі таңда «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген күдікке ілінген Мұхамадиұлының үстінен қосымша эпизод бойынша тергеу аяқталды.

Осыған байланысты Мұхамадиұлы сот пен қоғамды шатастыру арқылы жауапкершіліктен жалтару үшін бұл жайттар туралы жалған ақпарат берген.

Жала жабу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастау туралы мәселе шешіліп жатыр. Азаматтардан ресми дереккөздерден шығатын обьективті ақпаратқа ғана сенуді сұраймыз, - делінген агенттіктің ақпаратында.

Перизат Саденова
Бөлісу: