Арықтауды қиын деп кім айтты?

24 Маусым 2023, 07:37 2400

Жаздың алғашқы айы аяқталуға санаулы күн қалды. Артық салмақпен күресіп жүргендер мына мақала назар аударғаны жөн. Себебі осы мәселенің шешімін табамын деп жүріп қате диеталарға отырып, пышақ астына жатып, қыруар ақшасын беймәлім «арықтататын» дәрілерге шашып, денсаулығын құртып жатқандар қаншама. Өзектілігін жоғалтпаған «арықтау» тақырыбы туралы ғаламтор желісінде де мәлімет көп-ақ. Бірақ соның ішіндегісінің қайсысы дұрыс? Дұрыс арықтау дегеніміз не? Оның жолдары қандай? El.kz ақпараттық агенттігі бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Арнайы кеңестер

Адам баласы үшін ең қиыны өз салмағымен алысу шығар. Спортпен жастайыңыздан біте қайнасып өспесеңіз, үнемі шұғылданып жүру де оңай емес. Кенеттен еріншектікке беріліп, тастап кетуіңіз мүмкін. Диета да солай. Қашанғы өзіңізді тамақтан шектей бересіз, бір күні қолды бір-ақ сілтейсіз. Бәріне төзіп, айтарлықтай салмақ тастаған күннің өзінде де біраз уақыттан соң қайтадан бастапқы қалыпқа келіп алуыңыз әбден мүмкін.

Нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен өзіңізді жақсылап дайындап алғаныңыз жөн. Салмақ тастауға тәніңізді ғана емес, жаныңызды да көндіріңіз. Дайынсыз ба? Олай болса, арықтауға арналған кеңестер төмендегідей:

Не үшін салмақ тастайсыз?

Денеңіздің сау болғанын қалайсыз ба? Артық салмақ – денсаулығыңыздың нөмірі бірінші жауы. Оның салдарынан: сәтсіз жеке өмір, өз-өзіңді жек көру, адамдармен қарым-қатынаста қиындықтар, гормоналды ауытқулар туындап, жүрек қан тамырлары бұзылады. Кесірі өте көп, былайша айтқанда. Алдымен артық салмақ дегеннің не екенін түсіну керек. Ол қайдан келеді?

Артық салмақ бірінші кезекте дұрыс тамақтанбау мен қозғалыстың аздығынан  жиналады. Ал дұрыс тамақтанбау – семіру ғана емес, асқазан, жүрек, бүйрек, бауырыңыздың дұрыс жұмыс істемеуі.

Мақсат қойыңыз

Белгілі бір мерзімде қанша келі салмақ тастауыңыз керек екенін анықтаңыз. Сол анықталған уақытта мақсатыңызға жетуге тырысыңыз.

Режим және дұрыс тамақтану

Ең бастысы, дұрыс режим. Әр нәрсені өз уақытында істеңіз, тамақты да белгілеген уақытыңызда ғана ішіңіз. Күніне 15 минутты жаттығу жасауға бөліңіз. Қарапайым жаттығуларды әдетке айналдырыңыз.

Алкогольден бас тарту

Арықтау үшін алкогольден бас тарту керек. Сыра, шарап сияқты жеңіл ішімдіктерде калория көп болады. Ішкен кезде адамның тәбеті де арта бастайды. Тіскебасарлар да артық салмақ қосады.

Ыдыс өзгерту

Тамақ ішіп жүрген ыдысыңызды өзгертіңіз. Бұрынғыдан кішірек ыдыспен тамақ ішіңіз. Тиісінше бұрынғыдан аз тамақ іше бастайсыз.

Тәттіге тәбетіңіз ашылса, ет жеңіз, иә, ет...

Майлылығы аз сүзбе, тауық пен балық еті тәттіні ұмытуға көмектеседі.

Жиі қозғалыста болыңыз

Әсіресе кеңседе күн ұзақ отыратындарға бұл ережені бұлжытпай орындау маңызды. Әр сағат сайын кемінде бір рет компьютер алдынан тұрып, 5-10 минут жүріп келіңіз. Қозғалыссыз отырғаннан гөрі тұрғанда, әсіресе, қозғалып,  ары-бері жүргенде бойдағы майдың еруі жылдам болады.

Тамақ жегіңіз келсе, су ішіңіз!

Тамаққа тәбетіңіз ашыла қалса, бірден бір стақан су ішіп алыңыз. Бұл тәсілдің көмегі мол. Жалпы тамақ ішердің алдында бір-екі стақан су ішсеңіз, азырақ тамақтанасыз. Сондай-ақ күніне 1,5 литрдей су ішу керектігін есіңізден шығармаңыз.

Жаттығуға тырысыңыз

Ары-бері қисайып қана қоя салмай, арықтауға арналған жаттығуды күнделікті жасап тұрыңыз. Ерінбеңіз. Жаттығудың көмегімен өзіңіз армандаған салмаққа тез жетесіз. Алайда бірден көп қимылдап, денеңізге күш түсіріп алмаңыз.

Аптасына 1-2 сағаттан екі рет шыныққаннан гөрі, күн сайын 10-15 минуттан жаттығып тұрған тиімді.

Шеңбер (обруч) және секіргіш (скакалка)

Күніне 10 минуттан шеңбер айналдырсаңыз, нәтижесін бір аптада көре бастайсыз. Теледидар қарап тұрып та айналдыруға болады. 30 рет скакалкамен секіру де пайдалы.

Күнделік

Арнайы күнделік бастаңыз. Нәтижелеріңізді есептеп жазып жүріңіз. Күнде қай жаттығуларды орындағаныңызды немесе орындамағаныңызды жазыңыз.

Үй жұмыстарын қолдану

Үйдегі күнделікті жұмыстарды жаттығу ретінде қолдануға болады. Үйден шығарда баспалдақпен түсіңіз, егер сөмкеңіз ауыр болмаса, үйге келерде де баспалдақпен көтеріліңіз. Киім үтіктеу кезінде де қалың киім киіп, терлеп алған жақсы.

Кей тамақтардан бас тарту

Арықтау үшін кей тамақтардан бас тарту керек. Нан, ұн тағамдары, картоп, макарондарды ұмытыңыз. Сізге керегі – көкөніс, жеміс, сүт. Ал майонез, сыр, шұжық, майларды жолатпаңыз.

Жатып жемеу

Тамақты тек қана үстелде отырып жеңіз. Диванда жатып, теледидар қарап ештеңе жемеңіз. Еш нәрсеге алаңдамау керек тамақ ішкен кезде. Кітап, планшет, телефондарыңызды ұстамаңыз. 5-10 минут алаңсыз тамақтанған жөн.

Кей дәмдеуіштерді асқа қосу

Арықтау кезінде керекті нәтижеге жету үшін дәмдеуіштердің көмегі көп.

Імбір, қыша, қызыл бұрыш, куркума, даршын (корица) диетасыз арықтауға жәрдемдеседі. Бұл пайдалы қоспалар май қабаттарын ыдыратып, қан құрамындағы қантты қалыпқа келтіреді, тәбетті бәсеңдетеді.

«Диета» «арықтау» сөзінің синониміне айналған. Әдетте диеталар 7 күнге белгіленетіні бізге мәлім. Бұл диета да сол ұстанымға негізделген.

Диетологтардың ұсынатын диетасының рецепті әдетте мынадай сызбаға негізделеді: алғашқы 3 күн – су күні, бір күн – ағуызды күн, бір күн – көкөніс күні, бір күн – жемісті күн. Соңғы күн – диетаны аяқтайтын күн.

Алғашқы 3 күн бойы тек су, сұйық тағам ішу керек. Яғни, сорпа, бульон ішуіңіз керек. Көкөніс күні орамжапырақтан жасалған салат, жеміс күні – жеміс-жидек, әсіресе, грейпфрут жеу керек. Ақуызды күні қайнатылған жұмыртқа мен тауық, табиғи йогуртпен тамақтану керек. Соңғы күні таңғы асқа 2 жұмыртқа мен шай ішіп, түсте сорпа, кешкі уақытта салат жеу керек.

Сонымен қоса кешке бірнеше алма жегеніңіз абзал.

Бірінші күн. Диетаны бастаған адамдарға алғашқы екі күн қиынға соғады.

Сондықтан диетаны сұйық тағаммен бастаған дұрыс. Ол дегеніміз дүкендегі дайын бульонды ішу емес. Осыны ескергеніңіз жөн. Сорпамен тағамданудың бір жақсысы арықтауға көмектескенімен қоса, өзіңді аш сезінбейсің.

Екінші күн. Жеміс-жидек таңдауда грейпфруттан басқа алма мен киви алуға кеңес береміз. Күніне 5-6 алма жеп тұру диеталық нормаға сай.

Үшінші күн. Диета нормасы бойынша күніне 1,5 литр айран ішуіңіз керек.

Айран асқазан мен ішекті тазартады. Егер бұл диета сізге қиынға соқса, күндізгі сағат 11 шамасында бірнеше алма мен айран қосып, ішіңіз.

Төртінші күн. Бұл ақуызды күн деп аталады. Ағзамызға ақуыз аса қажет екені бәрімізге мәлім. Күніне 3 мезгіл тауықты қайнатып жеу керек. Сондай-ақ сүтті шай немесе шөпті шай ішуге болады.

Бесінші күн. Бұл күнге жеткенде ағзаңыз шаршап, диетаны қабылдауға қарсы шығуы мүмкін. Ол дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан сізге жеңіл тағам керек болады. Сорпа, апельсин шырынын ішу керек.

Алтыншы күн. Бұл күн көкөніс күні деп аталады. Орамжапырақ, сәбіз, қияр,

қызанақ секілді көкөністерді алдын ала сатып алыңыз. Оларды шикілей немесе қайнатып жеу керек. Ал егер салат жасағыңыз келсе, майдың орнына соя тұздығын пайдалануыңызға болады. Бұл күні міндетті түрде суды молынан ішу керек.

Жетінші күн. Бұл күні диетадан «шығып», кәдімгі тамақтану режиміне ауысуыңыз керек. Көкөніс, жемістер мен жеңіл тамақтануыңыз керек. Мысалы, таңғы және кешкі асқа көкөністі немесе жемісті салат жасап, күндіз балық жеңіз. Ұйықтар алдында айран ішуіңізге болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: