27 Тамыз 2014, 04:19
Арулау, арулап жауып қою – өлікті жөнелтуге дайындық шарасы мәйітті жуып, жерлеуге дайындау рәсімі, мәйітті жуу, тазалау үрдісі. Бұл шараның басқаша атауы – сүйекке түсу, жуу, жуындыру. Әсілі, арулау ұғымы эвфемизм болуы ықтимал. Қайтыс болған адамды оң жаққа салғаннан соң, мәйіт жатқан жерге тұтас шымылдық құрылады. Қаралы хабарды естіген алыс-жақынды туыс- жекжаттар марқұмның сүйегін арулап жерлеуге дайындайды. Сүйекке түсетін (жуатын) адамдар рулық, құда-жегжаттық байланыс пен марқұмның көз жұмар алдындағы өсиеті бойынша іріктеледі. Марқұмның сүйегін жуарда, оның қалай атқарылатындығын алдын ала молда түсіндіріп береді және өзі шымылдықтың екінші жағында отырып, марқұмға Құран сүрелерін бағыштайды. Марқұмның ақырет сандығы ашылады (қ. Ақырет сандық; Боқша). Сүйекті жуындыруға арналған құман, қазан т.б. заттар түгел жаңа болуы тиіс. Су құярда құманның шүмегіне ақ мата байланады. Жуған кезде марқұмның денесіне жалаңаш қол тимеуі үшін сүйекке түсетін адамдар қолына мата орап алады. Қазақ салтында көзі ашық адамдар өз сүйегін кімдерге ұстату (жудыру) және оларға не беріп, не қою ісіне дейін аманат етіп кетеді. Тіпті, кейбір дос-жар, құрдас адамдар «бұрын өлгеніміздің сүйегін артта қалғанымыз арулап, өз қолымызбен жерлеп, қалған бала-шаға мен мал-мүлікке бас-көз боламыз» деп серттесіп қояды. Өсиет пен уәде-серт болмаса, қалыптасқан дағды бойынша, сүйекке төрт адам түсіруге марқұмның ет жақын ағайындары таңдалады. Мәйітті жуған кезде суды қолының сыртына қарай құяды. Оны ғұсылдандыру деп атайды. Күнделікті тұрмыста сусын, шайды құйған кезде қолының сыртына қарай құюға болмайды деген тыйымның түптөркіні осыған байланысты қалыптасқан. Кейде әйгілі адамдар қайтыс болғанда сүйекке түсеміз деп таласушылар да болады. Ондай жағдайда 9, 11 адамға дейін жол (кәде) береді. Алайда арулаушылардың (сүйек жуушылардың) санын 7 адамнан асырмайды.
Ерлердің сүйегіне ер адамдар, әйелдердің сүйегіне әйел адамдар түседі. Олар дәрет алып тазаланып, діни жосынмен сүйек жуудың жөнін білетін бір адамның жөн сілтеуі бойынша атқарады. Жуған кезде астына су жайылып, жайылған судың аяққа басылмауы үшін мәйітті биіктеу сөре үстіне шалқасынан жатқызып жуады. Жаз күндері салқын су пайдаланылады. Ол дененің босамай ширауына, әрі қалпын бұзбай сақталуына сеп болады. Ал, қыста сүйек жууға арнайы бір қазанмен су жылтылады. Оны арнаулы бір адам сүйек жуушыларға тасып беріп тұрады. Сүйекті арулағанда (жуғанда) ақ кездемеден әзірленген пердешенің бір жағын марқұмның мойнына іліп, екінші жағын бір адам оның тұтас денесі мен абыройын (жыныс мүшелерін) жуушыларға көрсетпей көлегейлеп ұстайды. Сүйекті көлегейлемей ашық-шашық жуу әдепсіздік, ол өлшемге қайшы қылық боп есептеледі. Марқұмның туыстарының бірі сүйекке су құйып береді. Тағы бір адам сүйекті аударысуға көмектеседі. Бір адам құйылған судың астына сабын ұстап езіп беріп тұрады. Кейде оны жуушылар өздері орындайды. Қалыптасқан салт бойынша, сүйек жуушылар жол бойынша бірі сүйектің басына, бірі кеудесіне, бірі аяғына деген сияқты, әрқайсысы белгіленген бөлікті жуады. Сүйекті жуғандарға баскиім, шапан, ішік, етік сияқты заттар үлестіреді. Сүйек жуудың да өзіндік тәртібі болады. Ең алдымен, марқұмның асты дәретін алдырып болып, екі қолын шынтағына дейін үш реттен жуады. Одан соң, бетін құлығымен қоса жуып, басына мәсих (маңдайынан желкесіне қарай бір рет су салу) тартады. Аяғының басынан тобығына дейін үш рет жуған соң, сол жақ қырынан жатқызып, басынан бастап оң жақ денесін аяғының басына дейін үш рет жуады. Содан кейін оң жақ қырынан жатқызып, жуған соң шалқасынан жатқызып қуық үсті, қарынын ақырын басып, бастан-аяқ тазарғанша жуады. Содан соң, қайтадан сол және оң қырынан жатқызып таза сумен шайып шығады да, құрғақ орамалмен сүртіп денені құрғатып, қалампыр талқанын және иіс су сеуіп, кебіннің бас-аяғы және ортасынан дәкеден жыртып алып (кебіндік кездеме) буады. Арулап болған соң, мәйітті жууға су жылытқан қазанды өртеп, төңкеріп тастайды да, оны жұлдыз шыққанша пайдаланбайды. Сондай-ақ, марқұмды арулаған жерді адам мен малдың басуынан қорғап, ол жерге артта қалған ұрпақтары көгеріп-көктесін деген ниетпен арпа, бидай секілді дақылдар шашып, «көгертіп» қояды.
Егер ел жоқ, су жоқ жерде адам қайтыс болса, онда сүйекті таза жер жынысымен, яғни таза құрғақ топырақ немесе таза құммен арулайды. Марқұмды арулап болған соң, жаназасын шығарады, жерлеуге дайындайды.
Өлікті арулау орны діни дәстүр бойынша үйдің оң жағынан арнайы әзірленіп, үсті қарамен жабылады. Бұл орын арулаған жер деп аталады және өлікті арулаған жерге өлікті жерлеген күннен бастап жеті күн күніге кешке қарай шырақ жағады. «Жаққаның шырақ болсын, мінгенің пырақ болсын!» деп марқұмға тілек айтылады.
Әдеб.: Алтынсарин И. Очерк обычаев при похоронах и поминках у киргизов Оренбургского ведомства // ЗООИРГО. Вып. 1. Казань, 1870; Диваев арулау Поверье, призыв ветра // ТВ. 1892. №41; Әлімбай Нұрсан. Қазақтың өлікті жөнелтуге байланысты жосын-жоралғыларының этномәдени проекциясы // ҚР ҰҒА-ның хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. 1994. №4; Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы: Ғылым, 2001; Әжіғали С., Байғабатова Н. Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары // Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Алматы: Арыс, 2005.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»