ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖАСАУ ІСІ

22 Тамыз 2014, 09:16

ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖАСАУ ІСІ – Қазақтарда өткен ғасырларда кең көлемді тұрақты қару өндірісі болмағанмен, дәстүрлі қару-жарақ жасау ісі халықтық қол өнердің бір саласы ретінде XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басына дейін сақталды.

ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖАСАУ ІСІ – Қазақтарда өткен ғасырларда кең көлемді тұрақты қару өндірісі болмағанмен, дәстүрлі қару-жарақ жасау ісі халықтық қол өнердің бір саласы ретінде XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басына дейін сақталды. Қару-жарақ жасаушы шеберлер қазақтарда ұста, зергер деп аталды (қ. Зергер; Ұста). Бірақ тілдік деректер орта ғасырларда түркі халықтарында қару-жарақтың белгілі бір түрін ғана жасауға маманданған әртүрлі шеберлер де болғанын көрсетеді. Өткен ғасырларда түркі-монғол халықтарында қару-жарақ жасау өнері көшпелі қоғамда әскери өнердің құрамдас бөлігі саналып, оны әр кәсіби жауынгерлер де, кей жағдайларда ел билеуші сұлтандар, әмірлер де игеруге міндетті болған. Қазақ ұста-зергерлерінің қару-жарақ жасауға қолданған материалдары – көшпелі мал шаруашылығынан алынатын өнімдер және Қазақстан территориясында өндірілетін шикізаттар мен табиғи материалдар: қара (темір, шойын, болат) және түсті металдар (алтын, күміс, мыс, жез, қола, қорғасын, мырыш), асыл тастар, ағаш, сүйек, мүйіз, тері, тарамыс, қыл. Бұл материалдар физикалық қасиеттері мен өңделу технологиясына сәйкес қару- жарақтың түрлі функционалдық, конструктивтік бөліктері мен элементтерін жасауға пайдаланылды. Қару-жарақты жасау тұтас бір цикл ретінде қару-жарақ түрлерін дайындау, оларды өңдеу, беріктеу, әрлеу және көркемдеу сияқты бірнеше технологиялық процестерді қамтиды. Бұл технологиялық әдіс-тәсілдер көшпелі халықтарда металлургия ісінің пайда болуымен бірге дамыды. Қару- жарақты дайындау әдістерінің негізгі түрлері – соғу, құю, қалыптау. Соғу арқылы балта, қылыш, қанжар, пышақтардың бастары, сүңгі, найза ұштары, қорғаныс жарақтарының металл элементтері – сауыттардың көбе, берен темірлері, пластиналары, кіреуке шығыршықтары жасалған. Соғу әдісімен дулығалардың формасы сомдалып, құрама дулығалардың, темір телпектердің бөліктері дайындалған. Құю әдісімен кейбір қарулардың бастары, әшекей элементтері жасалды. Қалыптау әдісін қазақ ұсталары біркелкі ұқсас әшекейлерді жасау үшін қолданды. Құйылып, соғылып жасалған қару-жарақтың негізгі функциональдық бөліктері әртүрлі тәсілдермен өңдеудің бірнеше кезеңдерінен өтті. Дайындалып, өңделген қару-жарақ заттары қолданылуына, қызметіне, кімге арналғанына қарай түрліше әшекейленіп, көркемделді.

Қаруды пайдаланатын адам болғандықтан, қару-жарақты жасауда қолданылатын дәстүрлі метрология жүйесінде ұзындық өлшем бірліктеріне адам денесінің өлшемі негіз болды. Бұл қарудың антропоморфизмдік сипатына да, оның практикалық қолданысына да сәйкестендірілген жүйе болатын.

Қару жасаушылар. Суретші Ə.Қастеев.

(Альбом репродукций. Алматы: Жалын, 1978) атты еңбектен

Ұста-зергерлердің қару-жарақ жасауда қолданатын құрал-саймандары – металмен жұмыс істеуге арналған көрік, төс, балға, көсеу, қышқаш, тістеуік, егеу, қалып, түтік, қадаубас, шапқы, біз, тескіш, сым тартқыш, түрпі, ағаш өңдеуге қолданылатын балға, сүргі, қашау, бұрғы, үскі, ыңғу, егеу, шот, ара, тері өңдеуде балға, шот, әр түрлі инелер, біз, түрлі қалыптар. Қару-жарақты көркемдік тәсілдермен әшекейлеудің негізгі тәсілі ою-өрнек түсіру болды.

Қару-жарақта қолданылатын ою-өрнектер бірнеше функцияны атқарды. Бірінші – магиялық функциясы. Қару- жарақ беттеріне салынған қасиетті ою-өрнектер, түрлі символдық бейнелер мен киелі жазулар қару-жарақтың зақымдау күшін арттырып, жарақтың қорғаныс қасиетін күшейтеді деп түсінілген. Қазақтарда әртүрлі салтанатты, ғұрыптық қару-жарақты әшекейлеуге асыл тастарды қолдануына да, олардың табиғи әсемдік қасиетінен бұрын, олардың магиялық қасиеті шешуші роль атқарды. Орнаменттің тағы бір басты функциясы – коммуникативтік функциясы оның символдық, белгілік табиғатымен байланысты. Қару-жарақтағы ою-өрнек жауынгердің әлеуметтік статусының айыру белгісі, жалпы этноайыру белгі ретінде қолданылған. Жауынгердің статусы жоғары болған сайын оның қаруының әшекейі де аса күрделі және көркем болды. Әртүрлі мақсатта қолданылатын салтанатты, ресми және ғұрыптық қарулар да өте ерекше көркемделетін. Қару-жарақты көркемдеуде этностың өзіне тән эстетикалық талғамы, дәстүрлі көркемдік сипаты, өзіне ғана тән ою-өрнек түрлері мен элементтері сақталып отырды. Бұл сипат қазақ қару-жарағын басқа халықтың қару жарағынан айыруға мүмкіндік береді. Үшінші, қару-жарақта қолданылғанда ою-өрнектің эстетикалық, көркемдік функциясы да ескеріліп отырды. Қару-жарақтың бетіне салынатын ою- өрнектердің көлемі, күрделілігі, оның композициясы, сильдік ерекшелігі көркемдік заңдылығы бойынша әр заттың формасына, көлеміне сәйкестендіріліп жасалды. Ою-өрнектің стильдік сипаты қандай материалдың бетіне салынатынына, қандай құрал-сайманмен орындалатыны да байланысты болды. Қазақтардың қару-жарақтарды жасау, өңдеу, беріктеу, көркемдеу әдіс-тәсілдерінің көбі барлық түркі халықтарынан ортақ, ерте заманда қалыптасқан дәстүрлі тәсілдер, бұл қазақтың қару-жарақ жасау өнерінің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Өткен ғасырларда биік деңгейге көтерілген бұл өнер кейін дәстүрлі қару- жараққа сұраныстың жоғалумен құлдырауға ұшырап, жоғалып кетті.

Дәстүрлі мәдени құбылыс ретінде қару-жарақ жасау ісі де қазақтарда, басқа да көшпелі халықтардағыдай, ғұрыптық және технологиялық процестердің тұтастығын құрады.Дәстүрлі мәдениеттің синкретизмдігіне байланысты қару-жарақты жасау ісі қазақтарда технологиялық акт түрінде ғана емес, жеке адам немесе бірнеше адам қатысып орындайтын ғұрыптық салт түрінде де өтті. Ғұрыптық салт ретінде оған бірнеше адам, яғни бірнеше ұста (көне сенімдердегі киелі санға табынуға байланысты олардың саны 7, 9, 40 болуы мүмкін) қатысқан. Қаруды және оның бөліктерін жасау барысында уақыт өлшемдерін, шикізат компоненттерінің мөлшерін анықтауда да киелі сан қолданылады. Қаруды жасауда қолданылатын материалдардың технологиялық талаптарға ғана емес, магиялық функциясы жағынан ғұрыптық талаптарға да сәйкес келуі ескерілді. Утилитарлық және символдық талаптарға сәйкес жасалынған толыққұнды зат ретінде қару бір мезгілде екі дүниеге – профандық (материалдық) және сакральдық (белгілік, символдық) дүниелерге жататын, сол арқылы қару адам тәртібінің регуляторы қызметін атқаратын дәстүрлі салттарда, ғұрыптарда пайдалану мүмкіншілігіне ие болды. Дәстүрлі мәдениетте зат өндіру ғұрып ретінде сакральдық сфераға жататындықтан құдайлар, киелі рухтар әлемінен санкцияланып, басқарылып отырады деп сеніліп, адам тек сол ерікті орындаушы ғана ретінде түсінілді. Қазақтарда әрбір кәсіптің киелі пірі болады деп сенген, кәсіби істі істеуде сол пірге сиыну дәстүрі болды, пірлерінің атын атап «менің қолым емес, пәленшенің қолы» деп тілек сөз айтып, істің жасалу процесін осы киелі күштерге тапсыратын. Қазақтарда қару-жарақ жасаушы ұсталардың пірі Дәуіт пайғамбар саналады, бұл киелі тұлға қазақтарға ислам дінімен бірге кірген. Дәуіт пайғамбар - мұсылман мифологиясында темір өңдеуді, қару-жарақ жасауды Алла үйреткен бірінші адам. Исламды қабылдаумен бірге қазақ ұсталары Ер Дәуітті (Дауыт пайғамбарды қазақтар осылай атайды) өздерінің пірі санай бастады. Қару-жарақ жасарда ұсталар арнаулы дұға оқып, Ер Дәуіттен қолдау сұраған (қ. Дәуіт ұста / Дәуіт пайғампар). Көшпелі халықтарда қару да «әлем моделінің» бір көрінісі саналғандықтан, қару жасау процесі де әлемді жарату актін қайталау ретінде қабылданды. Технологиялық процесс алдымен Әлемді Жаратушының дүние бастауында орындаған операцияларын қайталау деп түсінілгендіктен, зат жасаушы адам алғашқы демиургтардың ісін жалғастырушы саналды. Қару-жарақты жасаушы тұлғалар - ұсталар мен зергерлер бұл өнердің техникалары мен технологияларын меңгерген шеберлер ғана емес, магиялық ғұрыпты орындаушы ретінде түсініліп, түркі халықтарында функциясы жағынан шаманмен қатар тұрды. Қару жасаушы дархан-ұсталардың шеберлігі, олардың магиялық қасиеті ең жоғарғы әскери шеберліктің де символына айналып, ең жоғарғы дәрежелі әскери атақ ретінде көшпелі халықтарда XІX ғасырға дейін сақталып келген.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: