9 Қазан 2018, 03:27
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында: «Мен Ассамблея делегаттарымен әрдайым ерекше ықыласпен жүздесемін. Өйткені әр сессия Қазақстан дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналады. Бүгінгі сессияға Қазақстан халқы Ассамблеясының ізгі ниет елшілерінің, достық елшілерінің қатысып отыруының символдық мәні бар. Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналды» деген болатын.
Бүгінде Қазақстанда бірлігі жарасқан ұлттардың татулығы берік қамалдай. Оған әр облыстарда жұмыс істеп отырған этностық орталықтар мен қауымдастықтардың қосып отырған үлесі зор. Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы – «Наири» армян мәдени орталықтары қауымдастығының төрағасы Артуш Месропұлы Карапетян.
Артуш Карапетян Қауымдастықты алғашқы құрылған күннен бастап басқарып келеді. Келесі жылы Қауымдастыққа он бес жыл толмақ.
— Артуш Месропұлы, Қауымдастық жайында толық айтып берсеңіз. Қай жылы құрылды? Қазақстан бойынша филиалдары бар ма?
— «Наири» армян мәдени орталықтарының Қауымдастығы 2004 жылы 30 қазанда Алматы қаласында құрылған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанның 14 қаласында армян мәдени орталықтары жұмыс істейді.
Қауымдастық 2005 жылдың 28 ақпанында ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті.
Армяндардың Қазақстанға қоныс аударуы кеңес уақытында басталып, екі кезеңде өткенін көпшілік біледі. Біріншісі, армяндардың Армениядан, Грузиядан, Әзірбайжаннан және КСРО-ның басқа өңірлерінен қуғын-сүргін кезеңінде күштеп қоныс аударуымен байланысты. Екіншісі, мамандардың бесжылдық маңызды құрылыстарына орталықтандырылған бағытымен байланысты. Біздің республикамызда армяндардың алғашқы қоғамдық бірлестігі Алматыда 1991 жылы пайда болды.
Мен Армяндар қауымдастығын 2004 жылдан көпшіліктің сайлауымен басқарып келемін. Жыл сайын үлкен отырыс өткізіп, жылдық жұмыстың барысын талқылап, бекітеміз. Облыстарда жылына екі рет жиналып, Елбасының Жолдауын талқылаймыз, оны жастар арасында насихаттаймыз. Армян этномәдени орталықтардың жыл бойы атқарған іс-шараларының қорытындысы шығарылып, жетістіктерімізді сараптаймыз.
— Қауымдастық қызметінің мақсат-міндеттеріне не кіреді?
— Көпұлтты Қазақстанда этносаралық қатынастарды нығайту, жас ұрпақты тәрбиелеу, армян этносының құндылықтарын сақтау, армян мәдениеті мен білімін дамытуға және танымал етуге жәрдемдесу — басты мақсатымыз.
Ал негізгі қызметіміз — Қазақстан халқының этникалық мәдениетін жан-жақты өзара байытуға ықпал ету, республика аумағында тұратын басқа халықтардың мәдениетімен өзара байланысын дамыту, басқа да мәдени орталықтармен өзара іс-қимыл жасау, Қазақстан жастарының рухани тәрбиесін жетілдіру. Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесеміз. Қазақстан этностары өкілдерін армян мәдениетімен, армян халқының салт-дәстүрлерімен таныстырамыз. Жастарды армян мәдениетін, тарихын, халық салт-дәстүрлерін зерттеуге тартамыз. Мемлекеттік және армян тілін оқытамыз.
— Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрып жатқан армян ұлтының саны қанша?
Әдеттегідей статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда барлығы қырық бес мың армян ұлты тұрып жатыр. Басым көпшілігі, яғни, он бір мың адамдай Алматы, Қарағанды қалаларында тұрып жатыр. Әр облыста мыңнан үш мыңға дейін аралықта шоғырланған.
— Қауымдастық жанында балаларға арналған жексенбілік мектеп бар ма? Онда қанша бала оқиды? Қандай пәндер жүргізіледі?
— Барлық облыстарда балаларға арналған жексенбілік мектеп жұмыс істеп отыр. Ең үлкені — Алматы қаласындағы Армян үйінде орналасқан. Онда қазіргі таңда жиырма бес бала армян тілін үйреніп, жазуды меңгеріп отыр. Сонымен қатар армян ұлтының тарихы оқытылады. Әзірге мектепте жалғыз мұғалім — Мхеян Татевик.
— Орталықтың шығармашылық өмірі белсенді ме?
Біз Қазақстандағы мерекелердің барлығын өз деңгейінде өткізуге атсалысамыз. Армян ұлтының ұлттық мейрамдарында да барлығымыз жиналып, әдет-ғұрыпқа сәйкес атап өтеміз. Мысалы, Трндез — армяндардың дәстүрлі мерекесі. Бұл мерекені жаңару рәсімі деп атайды. Мереке 13 ақпаннан 14 ақпанға қараған түні аталып өтіледі. Кешке от жағылып, арнайы тұздалған шелпектер пісіріледі. Жастар от арқылы секіріп, шелпекті жейді. Егер үш рет секірсең, жандүниең тазарады деген сенім бар. Әрі мұндай рәсім табыс пен әл-ауқатқа ықпал етеді дейді.
Сонымен қатар этномәдени бірлестік облыстық және өңірлік мәдениет фестивальдерін ұйымдастырады, армян дәстүрлерін сақтау және нығайту мәселелері бойынша дөңгелек үстел, тағы да басқа іс-шаралар мен жиындар өткізіліп тұрады. Әр жыл сайын «Вардавар», «Пасха», «Сұлулық пен Ана күні» тәрізді ұлттық мерекелерді атап өтеміз. Айрықша атап өтетін атаулы күндердің бірі — армян халқының азалы күні. Яғни, армян халқы геноцидке ұшыраған күн. Ол күні құрбандарды еске алып, рухтарына тағзым етеміз.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін сипаттап берсеңіз.
— Әуелі Ассамблеяның көпұлтты мемлекетіміздегі халықтардың басын бір жерге жинап, татулықта, бейбітшілік пен сый-құрметте өмір сүруіне ықпал етіп отырғанын айрықша атап өткім келеді. Сонау жылдардағы жер ауыстыру саясатының науқаны жүріп жатқанда, қазақ елінің жеріне аяқ басқанда, бізді ешкім бөтенсіп, «кімсің?» демеген еді. Сол күйі «тонның ішкі бауындай» бір-бірімізге бауыр басып кеткенбіз.
Бүгінде Ассамблея осы дәстүрді шарықтау шыңына көтерді. Ұлттардың бір-бірімен қарым-қатынасы нығайды. Қауымдастықтарда, этномәдени орталықтарда этностар өзара арқа-жарқа араласып кетіп жатыр. Сырттан қарағанда, үлкен сүйіспеншілік туғызады.
Елбасының салиқалы саясатының арқасында қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделі жасақталып, ұлттық идеология жоғарылады.
Ассамблея біріктіріп отырған барлық этностар бақытты өмір сүріп отыр. Әр этностың тілі, діні, салт-дәстүрі, ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы, өмір сүру салты сақталып, оның жаңғыруына мүмкіндік алып отыр. Жексенбілік мектептердің арқасында жасөспірімдерге ерте жастан өз ұлтының рухани құндылықтары үйретіліп отыр.
— Қауымдастықтың алдағы жылдардағы жоспарымен бөліссеңіз. Қандай жобалар қолға алынбақ?
— Осы уақытқа дейін біршама жұмыстар атқарылып, Қауымдастықтың жеткен жетістіктері молыққан.
Алдағы уақытта біз Елбасының Жолдауына ден қоя отырып, іс-шараларымызды соның төңірігенде жоспарласақ деймін. Мәселен, келесі жыл Жастар жылы болады деп айтылды ғой. Енді мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған іс-шаралар ауқымын кеңейтіп, армян жастарының еліміздің дамуына үлес қосуына демеушілік көрсетпекпіз. Шынымен де жастар елдің болашағы. Олар аға буыннан үлгі-өнеге алып, бой түзейді. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді» деген тәмсіл бар, біз қазір жастардың қалыптасуына, яғни, сапалы білім алуына, біліммен қатар тәрбие алуына, зияткерлік мектебінен өтуіне мұрындық болуға ниеттіміз.
Сонымен қатар келесі жылы Қауымдастықтың құрылғанына он бес жыл толады. Бұл атаулы күнді өз мәнінде атап өтуге жоспарлап отырмыз. Әзірге толық шешім қабылданған жоқ. Дегенмен де үлкен іс-шара қылып өткізеріміз анық.
— Ұлттық мәдениеттің даму үдерісі туралы айтсаңыз.
— Біздің Қауымдастықта ұлттық сананың жойылмауына көп назар аударады. Сол үшін ән-би ансамбльдері құрылған. Онда бес жастан отыз жасқа дейінгі аралықта мүшелері бар. Облыс, қала көлемінде шығармашылық концерттерін беріп тұрады. Өзара тәжірибемен алмасып, озық нәтиже беруге ұмтылады. Астанадағы өткізілетін іс-шараларға қатысып тұрамыз. Тіпті Арменияға да барып, өнер көрсетіп жүр.
Біздің шығармашылық ұжымда кәріс, қазақ, орыс, украин, белорус, әзірбайжан ұлт өкілдері де бар. Өзара сыйластығымыз жарасқан.
— Артуш Месропұлы, өзіңіз жайлы білгіміз келеді.
— Мен Алматы облысындағы Қарасай ауданында, Жетісу ауылында тудым. Біздің отбасы Қазақстанға 1937 жылы Арменияның Мегрен ауданының Келер ауылынан жер аударылып келген. Әкем қарапайым шаруа иесі, анам үйдің шаруасын жүргізіп, бала тәрбиесімен айналысты.
1968 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық тамақ өнеркәсібі сырттай оқыту институтының «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Қазақ, армян, орыс тілдерін білемін. Тас қалаушы жұмысынан бастаған еңбек жолым қазіргі «Бахус» АҚ атқарушы директоры қызметіне алып келді.
«Менің өмірім», «Қазақстандағы армяндар тарихы» кітаптарын жаздым. Соңғы кітабымды армян жастары өз тарихын біліп жүрсе деген ниетте жазған болатынмын. Тегінде әр ұлт қайда жүрсе де, өз ұлты туралы білгені жөн.
Ал Қазақстан — менің Отаным. Отанымды жақсы көремін. Ұлты мен мәдениетін қадірлеймін.
— Әр ұлттың әдебиетінде өзінің ұлы ақын-жазушысы болады. Қазақта Абайдың аты әлемге әйгілі. Армян халқының әдебиетіндегі шоқтығы биік жұлдыздарды атап өтсеңіз.
— XIX ғасырдың жұлдызы деп Хачатур Абовянды атар едім. Ол - жазушы, жаңа армян тілінің негізін салушы, педагог, этнограф. Басты шығармашылық туындыларының бірі — «Армения жарасы». Сонымен қатар Габриел Сундукян — жазушы, драматург. Қазіргі армян театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Көптеген пьесалар мен повестердің авторы. XX ғасырдың бірінші жартысында Манук Абегянның еңбектері керемет. Ол әдебиеттанушы, лингвист, Армян КСР Ғылым академиясының академигі. «Армян халық аңыздары», «Армения тарихы», «Мовсеса Хоренаци», екі томдық «Ежелгі армян әдебиеті» еңбектерінің авторы. Сонымен қатар «Гусанс халық әндері, айрендер мен антундары», «Халық әндері» зерттеу еңбектері бар. «Давид Сасунский» эпостық жыры жинағының нұсқасын құрушысы, редакторы. Сонымен бірге екінші жартысындағы белгілі ақын, прозашы Эдуард Авакяннің туындылары жоғары бағаланады. Ол мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жинақтар жазған. Тарихи роман, повесть, әңгіме жинақтарының авторы. Шелли, Петрарка, Джек Лондонның туындыларын армян тіліне аударған.
Абайдың пәлсапалық сөздерін ұнатамын. Онда терең мағына жатыр. Сол тереңіне бойласаң, өмірлік қағидаңды қалыптастырасың.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.