«Artsport» бағдарламасына тек байлардың баласы барады

20 Маусым 2023, 13:12 2057

«Artsport» бағдарламасына тек байлардың баласы барады. Халық осылай ойлайды. Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Artsport» бағдарламасын талқылау кезінде депутат Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Депутат Дәулет Мұқаев осы бағдарламаға қатысты 30 минут бұрын әлеуметтік желіге салған кезде оқырмандары 1100 комментарий жазған. 

Негізгілерін саралайтын болсақ, халыққа ақпараттың аздығы, одан кейін «Artsport» жабылып қалды ғой, оның орнына «Дара балаға» тіркелдік дейді. Яғни, бұл жерде платформаны бағдарламамен шатастырып жатқан азаматтарымыз өте көп. Солар туралы да кеңінен түсіндірме жұмыстары жүрсе екен деймін. Одан кейін халықтың көпшілігінің көңілі жаттықтырушыларға толмайды. Ваучер алу мақсатында өтірік үйірмелер мен секцияларды ашып, жәй ғана ақша тауып, баламызға түк үйретпей отыр дейтін де ата-аналар басым, - дейді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, бассейн, жүзуге келгенде байдың балалары барып жатыр деп бір емес, бірнеше адам жазған.

Әкімдіктерден сұрағым келеді. Мысалы, Ақтөбеде футбол үйірмесі ақылы түрде, ал Шымкентте тегін қабылдайды. Ата-аналар Ақтөбеде бірнеше рет барып, ақылы екенін білген. Неге бір елде тұрып, әртүрлі жүйе болады? Футболдың жанкүйерлері Ақтөбеде ғой. Бірақ үйірмеге бару ақылы екен, - деп сұрады Дәулет Мұқаев. 

Ақтөбе әкімдігі спорт басқармасының бөлім басшысы бұл сұраққа жауап бере алмады. 

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов: «Спорт және шығармашылық секциялар бойынша белгілі бір басымдықтар бар ма? Әлде әр әкімдік өзінің ойы бойынша, мысалы, бір облыс домбыраға 500 ваучер, спортқа 200 ваучер, басқа облыс биге 500, басқа бақытқа 300 ваучер береді. Осыны реттейтін тиісті нормативтер бар ма? Әлде әр әкімдік өзі шешім қабылдай ма?» , - деп сұрақты нақтылады.

Вице-министр Сәрсен Құранбектің айтуынша, әкімдіктер қалауы деген мәселе болмауы тиіс.

Біз қандай спорт түрін белгіледік, соған орай жеткізуші бар ма? Сол жүзеге асырады. Осы жерде 20 адам отырмыз, 20 жеткізушіміз деп айтайық. Менде футбол деп әрқайсысы бөліп алады. Біз бұл мәселені ерекше назарға алайық, - дейді Сәрсен Құранбек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: