Art Collider. Өнер мен ғылым тоғысқанда

19 Ақпан 2019, 18:16 5571

Астаналық арт-қауымдастықтың жаңа жобасы

Artcom шығармашылық платформасы астаналықтарға жаңа коммуникациялық жобаны ұсынды. Art Collider - мәдениет, өнер мен ғылымдағы өзекті мәселелерді деколониалды дискурста талқылауға негізделген лекциялар циклі. Алғашқы екі дәрісте қандай тақырыптар көтерілді және жобаның алдағы жоспарлары қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін жоба ұйымдастырушысы Айгерім Қапарды сөзге тартқан едік.

“Қазір Астанада өнерге қызығатын жандар көбейіп келеді. Өзіндік арт-қауымдастық қалыптасып келе жатыр деуге толық негіз бар. Бір жиналғанымызда біз Астанада заманауи өнер, тарих, әлеуметтану салалары бойынша білімімізді арттырып, дискуссия құруға мүмкіндік беретін алаң жоғын түсіндік. Ақылдаса келе осындай жоба жасау туралы ой келді”, - дейді Айгерім Қапар.

Art Collider жобасы лекция, талқылау форматында жүргізілмек. Әр сенбі сайын өтетін талқылауларды ұйымдастыруға он шақты ерікті ат салысуда. Олардың ішінде блогер Әсел Мұқашева да бар. "Айгерімнің идеясын ести сала, жобаны ұйымдастыру жұмыстарына қатысқым келді. Себебі дәл қазір мен үшін бұл өзекті тақырып. Постколониалды теория және онымен байланысты ұғымның бәрі мені түгелдей баурап алды. Бұрын біздің тарихты бұл тұрғыда саралап көрмеппін, ал қазір айналаға басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Білмеймін, басқалар үшін бұл аса маңызды емес те шығар, бірақ мен үшін өте маңызды. Постколониалды Қазақстанның "тілін" біліп, оны сырттай емес, іштей түсіну маңызды. Басқаша айтсам, "оқуға міндетті кітаптар" тізімінде бірнеше қазақ ақыны мен жазушысының туындылары да болуы керек деп ойлаймын".  

Лекциялар циклінің әзірге тек екі бөлімі ұйымдастырылды. Алдағы уақытта дәрістер әр сенбі сайын Ұлттық кітапхана (немесе M.S. Narikbaev atyndaǵy KAZGUU Universiteti) қабырғасында өтпек. 

“Алғашқы кездесуде тарихшы Арсен Түсіпбековпен бірге ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы Сергей Абашиннің “Был ли СССР колониальной империей?” ("КСРО колониалды империя болды ма?") лекциясы тыңдап, талқылан едік. Біз колониалды режимнің болғанын білеміз, әрине”, - дейді Айгерім, - “Бірақ оның біздің мәдениет бен әдебиетке, өнерге қалай әсер еткеніне кеңінен тоқтала бермейміз. Мысалы, лекцияда кеңестік кезеңде қазіргі Орта Азия елдерінде жүргізілген (ислам дінін ұстанғандарды қудалау, орыстандыру сияқты) саяси әрекеттер сөз болады. Біз болсақ, оның бәрі қоғам санасына қалай әсер еткенін және әсер етіп жатқанын түсінгіміз келеді. Алдағы уақытта ұлтшылдық тарихын, бірегейлік мәселесін, көшпелі мәдениет пен заманауи мәдениет байланысын, қазақ әдебиетінде көтерілген сұрақтарды тақырыптарды талқыласақ дейміз”.

Алдағы уақытта платформада ұлтшылдықтың тарихы, бірегейлік, көшпелі мәдениет пен заманауи мәдениет мәселелері және кеңес кезеңінде қазақ әдебиетінде көтерілген тақырыптарды талқыламақ.

“Жақында біз Назарбаев Университетінің әлеуметтану және антропология кафедрасының доценті, антрополог Алима Бисенованың “Конструкт “женщины Востока” и проблема ее “спасения” в советском и неолиберальном дискурсах” ("Кеңестік және неолибералдық дискурстағы "Шығыс әйелінің" сипаты және оны "құтқарудағы" проблемалар") лекциясын тыңдадық. Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде “шығыс әйелі” үнемі қорлық көретін, аяушылық субъектісі болып көрінетін. Осы тұрғыда “шығыс әйелдерін құтқару” мақсатында түрлі жобалар жасалған еді. Лектор осы мәселелердің біразына тоқталып өтті. Олар: қалың малға тыйым салу, орамал шешу, жұмысқа орналастыру. Десе де, олар шығыс әйелдерінің бұл тұрғыда өз ойлары мен ұстанымдары барын ескермеген болатын. Бұл проблемаларға Алима Бисенова кеңінен тоқталып өтті.

Осы лекцияда, қатысушылар “алып қашу” жайлы пайдалы ақпарат алды деп ойлаймын. Қазір "бір қызды алып қашыпты" деген ақпарат тараса, біреулер “біз ортағасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз” деп базына айтады. А енді біреулері “бұл біздің дәстүріміз, онда тұрған ештеңе жоқ” дейді. Ал Алима Бисенова болса, "алып қашудың" кейін пайда болған "дәстүр" екенін айтып кетті. Бірнеше дереккөздерге сүйене отырып, лектор “қалың малға қызыңды саттың” деп жаманатты болмау үшін, қызын ұзатқан жақ “қызымды алып қашты, мен ештеңе білмеймін” деп айтатын болғанын мысалға келтірді. Осылайша тек ХХ ғасырда “алып қашу” мейнстримге айналған көрінеді. Ал оған дейін екі елдің арасындағы сертті бұзып, қашып кеткен жастарға қатаң жаза қолданғанын тарихтан жақсы білеміз. Сондай-ақ, қазіргі "шығыс әйелдерін" не алаңдатады деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Бәріміз білеміз, қазір біздің қоғамда көпбалалы аналардың проблемасы көтеріліп жатыр. Бірақ бұл тек көпбалалы аналардың жеке мәселесі емес, бұл проблема біздің бәрімізге қатысты. Сондай-ақ бұл да деколонизациялық процестің жүріп жатқанын аңғартады. Біздің мақсатымыз өткен, қазір болып жатқан процестерді талқылау арқылы еліміздің болашағы қандай болатыны жайлы ой қорыту”.

Әйгерім Қапардың айтуынша, лекциялар циклінің нәтижесі ретінде 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай суретшілер мен ғалымдардың ортақ шығармашылық жобасын ұсыну жоспарда.

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: