30 Маусым 2014, 12:59
Шығыс даналығы «Қарсыласының ми қауашағының iшiне кiрiп алып, онда болып жатқан ой тербелiстерiн тап басып тани бiлетiн адам ғана жекпе-жекте жеңiске жете алады» дейдi. Осы сөз бүгiнгi жапон әдебиетi мен өнерi, бизнесi мен саясаты өз тактикасы мен стратегиясы ретiнде кеңiнен жемiстi пайдаланып жүрген жапонның атақты жекпе-жек шеберi, екi қылыш сайысының сайыпқыраны атанған Миямото Мусасидiң әйгiлi трактатында да бар. Иә, жауымды қалайда жеңемiн десеңiз, алдымен оның ой әлемiне үңiлуiңiз керек. Негiзгi майдан, басты текетiрес сол жерде басталады. Сол жерде аяқталады. Әйтпесе, бәрi бекер.
Жақында Қытайдың «36 стратагема» атты көне жәдiгерi қолыма түстi. Онда да қарсыласты жеңудiң әртүрлi айла-тәсiлдерi әңгiме болады. Сондағы стратагемалардың бiрi «Әлсiздiң әлдiнi жеңуi» деп нұсқаланыпты. Әдеби тiлде «Қанжарды көз майына суғару» деп аталатын бұл стратагеманың маған бiздiң ұлтымызға, бүгiнгi қазақ халқына беретiнi көп секiлдi болып көрiнедi.
Өз басым әдебиетке, өнерге келiп жатқан жастармен жиi әңгiмелесiп тұрамын. Олардың денi өз бойларында, ой әлемдерiнде орыс тiлiне деген қарсылықтың берiк орын алғандығын, қолдарынан келсе ол тiлдi айналып өткiсi келiп тұратындықтарын айтады. Бiрақ орыс тiлiн бiлмегендiктен көп дүниеден құр қалып жатқандықтарын да жасырмайды. Мен жұбатқан, өзiмше орыс тiлiн үйренудiң оңай жолын үйреткенсiген боламын. Бiрақ басымда бiр ой қалады. Ол ой «Бауырым, саған ұғлы Абайдың когортасына қосылуға мүмкiндiк болмай қалайын деп тұр-ау» деп түйiнделедi.
Өзiмнiң шамалауымда бiз орыс әдебиетiн бiр-ақ рет жеңе алдық. Оның өзiнде де орыс тiлiн бiлу арқылы. Және қайталанбас дара Абайдың бiлуiнiң арқасында. Бүгiнде Абайдың Гетенiң «Қараңғы түнде тау қалғыбын» Лермонтовтан асырып аударғандығын орыс түгiлi немiс Герағаңның (Бельгер) өзi де мойындайды. Бұл жекпе-жек өнерiнiң тiлiмен айтқанда, Абайдың Лермонтовты, жанкүйер халықтың жалпақ ұғымымен түсiндiргенде, қазақтың орысты тiзе бүктiруi едi. Абай Лермонтов қауашағының iшiне кiрiп кеттi. Ондағы орыс қана емес, немiстiң де ой ағысы, жүрек қағысын дөп басып таныды. Нәтижесiнде дүниеге шедевр келдi. Бiздiңше, қытай стратагемасындағы «Әлсiздiң әлдiнi жеңуiнiң» бiр көрiнiсi қазақ әдебиетiнiң, қазақ ой әлемiнiң тарихындағы осы оқиға болып табылады. Ал бiз өз тарапымыздан мұндай жеңiстердiң көп болғандығын қалар едiк. Және тек әдебиетте ғана емес, бауырларымыздың жапон мен қытай секiлдi саясат пен экономикада да жеңiс тұғырынан табыла бергендерiн тiлер едiк.
Солай, аз қазақ көп орысты жеңемiн десе, оның тiлiне үңiлуi, тiлi арқылы дiлiнде болып жатқан ой ағыстарын алақандағыдай бiлiп отыруға қол жеткiзуi тиiс. Төмендегi алып Қытаймен де осы амалды ұстануы шарт. Бұл ой қабаттарында жүрiп жатқан бүгiнгi майдан, қазiрге аңдыспақ ойнап жатқан үнсiз майданның басты талабы.
Мен ендiгi тарихтың еншiсiндегi орыс отаршылдығына қарсылығы орыс тiлiн жеккөрушiлiкке ұласқан бауырларымды еш түсiне алмаймын. Маған олар қанжары қынында тот басып жатқан бойкүйез, бейшара жандарға ұқсайды. Ал кез-келген ойында оты, бойында қуаты бар қазақтың қанжары «көз майына», яғни iлiм мен бiлiмге суғарылуға тиiс. Бұл iлiм-бiлiмнiң бiр парасы көршiңдi тану, оның жандүниесiне көз жүгiрте бiлу деп аталады. Көршiңдi танымасаң, оның тiлiн, дiлiн бiлмесең, күндердiң күнiнде тағы да құлдық қамытын қайта кимесiңе кiм кепiл?