Арсен Венгердің айтқандары!

9 Маусым 2014, 06:57

Лондондық «Арсенал» сапында жақында мыңыншы матчын өткізген француз бапкері Арсен Венгердің әр кезде айтқандары.

Лондондық «Арсенал» сапында  жақында мыңыншы матчын өткізген француз бапкері Арсен Венгердің әр кезде айтқандары.

Мен тура соғыстан кейін дүниеге келдім. Сондықтан немістерді басында жек көруім тиіс болатын. Содан кейін Германияға барғанымда, ол жақтағы халықтың бізден еш айырмашылығы жоқ екенін ұқтым. Олар да бақытты өмір сүргісі келеді. Сол себепті, немістерді жек көру ақымақтық деп ойладым.

Мен французбын, бірақ бәрібір де маған немістердің әсері болды. Мен мұны тіпті футбол көріп отырғанда да байқаймын.

Менің бұл өмірде түйгенім – алдыңа мақсат қою және соған жетудің жолын іздестіру. Қалғаны маңызды емес.

Мен саясаткер бола алатын сияқтымын. Бұл да бапкерлік қызмет сияқты, тәжірибе және өзіңді байыпты ұстауды қажет етеді. Егер теледидардағы саясаткерлердің айтыстарына назар аударсаңыз жүйкесі сыр берген немесе қызуқандылыққа салынғандары жеңіліс тауып жатады. Бұл ереже спортта да қайталанып отыратын жәйт.

Біз қазір бөлек әлемде өмір сүріп жатырмыз, және бәсекелестік қоғамда жарысып жатырмыз. Мен бәсекені жақсы көремін және бәсекеде жеңіп шыққан мықтылар марапатталуы тиіс деп ойлаймын.

Футболшылар сіздер ойлағандай көп ақша таппайды.  Әрине, басқалармен салыстырғанда. Мәселе олардың өздерінде де емес. Тіпті, әлемнің ең үздік футболшыларының өзі басқа саладағылармен салыстырғанда аз табады.

Жеңіске әртүрлі жолмен жетуге болады, бірақ менің командам бірі оза шауып, бірі артта қалмай командалық жолмен жетістікке қол жеткізгенін қалаймын. Мысалы, мен теннисті жақсы көрмеймін, бірақ Дэвис Кубогын жібермей көремін, себебі ол командалық жарыс.

Сен аш болсаң асқазаныңнан бірінші хабар келеді. Ал жеңішке деген «аштық» басқаша, бүкіл жан-тәнің соны қалап тұрады.

Бапкер де ойыншы болуы керек. Егер түнімен қыдырып, ішімдікке сылқия тойып, таңертең жаттықтыруға барсаң, одан ештеңе шықпайды. Ойыншылар өте үлкен талап қояды және соған лайық болу керек.

Менде бапкерлер арасында ешқандай досым жоқ және болмайды. Өйткені, олардың арасында бір-біріне деген сенімсіздік, бақталастық болады. Әрине, мен сыйлайтын бапкерлер жетерлік, бірақ олардың ешқайсысы менің досым емес.

Мен Жапонияға барып, сумодан жарысты көрдім. Бір нәрсеге көз жеткіздім. Олардың жеңгені қайсы, жеңілгені қайсы белгісіз. Қуанышын да, мұңын да іштеріне жасырады. Мен де ойыншыларымнан қандай жағдай болса да сыпайылық пен мәдениеттілік танытуды талап етемін.

Сондай-ақ, Жапонияда адамдар түнде әйелімен ажырасып немесе жандалдасып келсе де, оны жұмыстағы әріптестерінің ешқайсысына білдірмейді. Өйткені, өз басындағы қайғысына басқаны ортақтастырып, уақытын алғысы келмейді.

ОАР елінде бір кениялық азаматпен әңгімелестім. Кенияда барлығы «Арсенал» мен «Манчестер Юнайтедке» жанкүйер екен. Оның ағасы «Арсенал» «Манчестер Юнайтедтен» ұтылып қалған кезде өз-өзіне қол жұмсап көз жұмыпты. Басында сенбеген едім, кейін сұрастыра келе шындығына көзім жетті.

Футбол командасы деген – әдемі келіншек сияқты, егер оның сұлу екендігін үнемі есіне салып тұрмасаңыз, ұмытып кетеді.

Бөлісу: