«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы ауысты

1 Желтоқсан 2022, 08:22 2445

Үкіметтік комиссия апаттың орын алуына шахтаның 26 қызметкері жауапты деп қорытынды шығарған

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі компания басшылығында уақытша өзгерістер орын алғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ауыс-түйіске Ленин атындағы шахтадағы 3 қарашада болған апатты тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссияның баяндамасы түрткі болған.

Еске сала кетейік, жүргізілген тексерістен соң Үкіметтік комиссия апаттың орын алуына шахтаның 26 қызметкері жауапты деп қорытынды шығарған болатын. Олардың қатарында компания басшылығы қатарындағы екі шет елдік азамат бар екені мәлімделген болатын.

Алайда ол азаматтарды өнеркәсіп алыбының жетекшілері басқа қызметке ауыстырған.

«Биджу Наир мен Джелсон Батиста АрселорМиттал вице-президенті және АрселорМиттал ТМД бас директоры Виджай Гоялдың кеңесшілері болып тағайындалды, бұл дереу күшіне енеді. Бұл оларға ағымдағы жағдайға және 3 қарашада Ленин атындағы шахтада болған апаттың себептерін тергеуге толық назар аударуға мүмкіндік береді», - делінген компания хабарламасында.

Биджу Наир мен Джелсон Батистаның орнына жаңа басшылар келді.

Осылайша, Владимир Яблонский «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы болып, Виктор Гафиулов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен ісі департаменті бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

EL.KZ
Бөлісу: