«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының жаңа қожайыны белгілі болды

8 Желтоқсан 2023, 12:25 3671

Үкімет үйінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Брифингте «АрселорМиттал Теміртау» мәселесі талқыланды. Үкімет пен ArcelorMittal арасындағы мәміле толығымен аяқталды және «АрселорМиттал Теміртау» акциялары Қазақстанға берілді. Брифингте Шарлапаев отандық инвестордың атын мәлім етті.

Министрдің айтуынша, қазақстандық кәсіпкер Allur компаниялар тобының басшысы Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртау» жаңа инвесторы болды.

«Жаңа инвесторға алдағы уақытта кәсіпорында апат болмайтындай қандай міндеттер жүктеліп отыр?» деген тілшің сауалына ол ең алдымен кәсіпорынның қауіпсіздігіне көңіл бөлу қажет екендігін атап өтті.

Бұған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Arcelor-дың қазақстандық активтерін алдағы үш жылда кәсіпорынға кемі 3 миллиард доллар инвестиция құятын инвесторға берілетінін мәлім еткен. Кәсіпорынның жаңа қожайыны алғашқы кезеңде зауыттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірден 1,3 миллиард доллар инвестиция құюы тиіс екендігін айтқан еді.

Ал 30 қарашада Индустрия және құрылыс министрлігі Қазақстан үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы мәміле өзінің соңғы сатысына жақындағанын хабарлады.

Еске сала кетейік, 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада 46 кеншінің өмірін қиған тағы бір қайғылы оқиға болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ орнына барып, кеншілердің қаза болуына байланысты көңіл айтып, «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Бұл компания үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды, - деп атап өткен еді президент.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: