5 Мамыр 2016, 04:38
Толқыны жан тербеген сұлу Каспий талайды өзіне тәнті етіп, ынтықтыра берері сөзсіз. Біз бүгін толқыны тентек Каспий теңізіне ғашық ару Жанар Ибраева туралы сөз қозғамақпыз. Әскери-теңізшілердің бел ортасында ерлермен иық тірестіре жауапты міндет атқарып жүрген теңізші қыз – Жанардың армандары асқақ.
Жанар – 21814 әскери бөлімінде «Орал» зымыран-артиллериялық жауынгерлік кемесінде техник маман ретінде қызмет ететін жалғыз қыз. Ол – Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Жоғарғы оқу орынын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған аруды «теңізші болсам» деген арманы әскери салаға жетеледі. 2011 жылы Астана қаласындағы ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына қызметке орналасады.
– Қолбасшылықта қызмет атқарып жүрген кезде жауынгерлік кезекшілікке түсеміз ғой, – деп бастады Жанар әңгімесін. – Кезекшілік барысында Ақтаудағы әскери бөліммен байланысқа шығып, кемелер туралы ақпарат аламыз. Міне, менің әскери-теңізші болсам деген түбегейлі мақсатым осы кезде пайда болды. 10 айдай қызмет еткеннен кейін, буырқанған теңіз толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін Маңғыстау өңіріне қызмет бабымен ауысып келдім. Өмірімнің ең қызықты сәттері осы кезден бастау алды. Себебі, мен келісімен 6 айға Орал қаласына іссапарға аттанып кеттім. Зауыттан шыққан жаңа кемені суға түсірдік. 6 ай бойы кемелердің характеристикасын жаттадық. Жаңа кемелердің іші жақсы жабдықталған, маған бірден ұнады. Менің алғашқы сапарым мен үшін сынақ болды. Бірден ортаға сіңісіп кету үшін барынша тырыстым.
Жанар – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын күзететін «Орал» кемесінде байланысшы болып қызмет атқарады. Жанардың қарулас достары-әріптестері экипаж құрамындағы 30 әскери-теңізші «арпа ішіндегі бір бидай» болған нәзік жанды барынша құрмет тұтады. «Кілең ерлермен қызметтес болу қиын емес пе?», – деген сауалымызға Жанар: «Басында теңіз айдынына аттанар сәтте сәл қобалжығаным рас. Алайда уақыт өте келе үйреніп алдым. Ең бастысы мен өзімнің қызмет орынымда міндетімді жауапты атқарсам болды деген мақсат қойдым. Біздің ұжымның басты ұстанымы – ұйымшылдық, ауызбірлік. Біз бірлікті ту еткен ұжымбыз», – дейді.
– Жанар, әйел бақыты деген ұғымды қалай түсінесің?
– Әйел бақыты – отбасында деп ойлаймын. Өмірге бала әкелу, саналы ұрпақ тәрбиелеу тағысын тағы. Алайда, бүгін-ертең тұрмыс құрсам деген ойым жоқ. Ең әуелі мақсаттарымды бағындырып, арманыма қол жеткізгім келеді.
– Әскери-теңізші болуыңа ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Қарсы болды. Әлі күнге дейін қарсылық білдіреді. «Теңізге қалай барасың, ерлердің ісімен айналысу сен үшін қиын болады» деп құп көрмейтіндерін айтты. Күні бүгінге дейін теңізге аттанып барамыз десем, мен теңіз айдынан қалаға оралғанша жанын шүберекке түйіп отырады. Мен үшін алаңдайды. Бірақ өзіме ұнағандықтан осы мамандықты жаныма серік еттім. Болашақта да қызметімді жалғастырсам, Әскери-теңіз күштерін көркейтуге үлесімді қоссам деп армандаймын.
– Теңізшілер романтик болады деген пікірге келісесің бе?
– Мен романтик болған соң осы салаға бет бұрдым. Бала кезімнен ресейлік теңізшілер туралы кино картиналарды көп қарадым. Кино кейіпкерлерінің әскери формасына қатты қызығатынмын, «мен де сондай болсам деп армандайтын едім». Корабль, саяхат туралы кітаптар көп оқыдым. Мәселен 2009 жылы мамыр айында шыққан Борис Акуниннің «Сокол и Ласточка» атты романын үлкен қызығушылықпен оқыдым. Бұрындары «Кемеде әйел адам болмауы керек, болса бақытсыздыққа душар боласың» деген ұғым болған екен. Осы бір жазылмаған «заң» аталмыш романда да айтылады. Кейіпкер Эпин-Летиция ер адамша киініп, теңізге шығады. Ол осылайша қазына іздеуге аттанып, соңында өз махаббатын кездестіріп, мұратына жетеді.
Теңізшілер арасында дәстүрге сай қатарға қосылған теңізші айдынға шыққан соң теңіз суын ішеді. Тұзы басым теңіздің кермек суын ішу тұрмақ, ауыз тиюдің өзі қиын болса да «тәртіпке» сай Жанар да ішіпті.
Әскери-теңіз күштерінің әскерилері ашық теңізге шығып, «жеке кемемен теңіз ұрысын жүргізу» жаттығуының шеңберінде тактикалық сценарийге сәйкес кемеге шартты түрде әуеден және катерден шабуылға тойтарыс беретін түрлі оқу-жаттығуларға қатысып тұрады. Мұндай оқу-жаттығулар Жанар үшін таңсық емес. Әскери ортадағы басты талап – жауынгерлік даярлық болғандықтан экипаж мүшелері қашан да сақадай сай.
Былтыр, естеріңізде болса, Каспийдің акваториясында осы теңіз маңы елдері әскери-теңіз күштерінің қатысуымен «Каспий теңізі – 2015» сайысы тұңғыш рет өтті. Оған отандық «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесімен қатар, кейіпкеріміз қызмет ететін «Орал» кемесінің экипаждары қатысқаны бәрімізге мәлім. Осында жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі Жанар сайыс кезінде байланысқа шығып, даусымен өзге ел экипаждарын таңғалдырыпты. Оның даусын естігендер құлақтарына сенбей, біздің әскерилерден: «Рациямен шығып жатқан қыз бала ма, сіздерде қызмет істей ме?», – деп сұрастырыпты. Олардың «иә» дескен жауабына сенбегендер кемеге арнайы келіп, танысқан екен. «Біз сол жолы Махачкалада үш елдің кемесімен жарысқа түстік. Байланысқа шыққан кезде даусымды естігендер алғашқыда таңғалғанымен, көріп-танысқан соң көздері де үйренді маған», – дейді І сыныпты старшина.
Елбасымен жүздесті
Көктемнің сәтінде кейіпкеріміз ерекше күй кешті. Бір ай бұрын ескертіп айтылғаннан кейін бе, сәт жақындаған сайын қобалжу да күшейді. Енді, дегенмен екінің бірі Елбасымен кездесуге қол жеткізе бермесі анық. Басшылық солай ұйғарған соң не тұрыс! Көңіл шіркін желдей ескенмен, жүректе толғаныс болғаны рас. «Президентпен кездесесін дегенде қатты толғандым. Сол сәтке жеткенше, асықтым. Сәт жақындаған сайын, жүрексіндім», – дейді сондағы күйін жеткізген аруымыз. Наурыздың 4-і. Мемлекет басшысы Ақордада қоғамымызда орны бар 25 әйелзатымен жүздесті. Сол «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесудің бел ортасында біздің әскери қызметші Жанар Ибраева айрықша көңіл-күйге бөленіп отырды. Тебіренісін басып, Елбасыға деген лебізін де жеткізді. Тіпті, Жоғарғы Бас Қолбасшыға қолқа салып, би де биледі. «Президентіміз өзі әңгіме бастаған сәттен бастап, қобалжуымыз да басылды. Емен-жарқын отыруымызға, жүректегі тебіренісімізді сейілтуге сол кісі сеп болды. Күнделікті араласып жүрген адамымыз сияқты әңгімеге тартқан соң ба, сонда жиналған барлық әйел еркін отырып, лебіздерін жылы жеткізді. Мен де өз ризашылығымды білдірдім. Ең қызығы, ол кісіні биге шақырдым. Ол кезде де әр қимылды жаңылыспай, билеуіме дем берді», – дейді жүзі балбұл жайнаған Жанар.
Енді Жанарды «Каспий теңізі – 2016» халықаралық сайысы күтіп тұр. «Жанар – өз ісінің білгірі. Ол – жалғыз өзі кемеде жүрген ТМД-дағы тұңғыш әйелзаты. Біз осынысымен-ақ оны мақтан тұтып, бағалаймыз. Қатып қалған қағиданы бұзып, бірегей істі бағындырып жүрген оған бәріміз сенеміз», – дейді ҚР Әскери теңіз күштерінің Бас қолбасшысы тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары I дәрежелі капитан Серік Боранбаев. Осы арада айта кетейік, теңізшілер арасында сонау заманнан келе жатқан «кемеде әйел адам болмауы керек, болса бақытсыздыққа ұшырайсың» деген жазылмаған қағида бар. Сол стереотипті сейілткен сүйкімдіні Серік Жақсығалиұлы керісінше, келгелі бері Жанар жақсылықтың жаршысы болып жүр дейді.
Жанар биыл «Батыр арулар» байқауында топ жаруды көздеп отыр.
2014 жылы Қазақстанның әскери кемелері алғаш рет бүкіл Каспий теңізін аралап, мүмкіндіктерін көрсетті. Экипаж мүшелері көк айдында сегіз күн бойы түрлі оқу-жаттығу өткізген еді. Қуатты отандық кемелеріміз алғаш рет Каспий теңізін аралап, Иран, Түрікменстан елдерінің шекараларына барып қайтты. Жаттығу алаңдарында әрқайсысы 6 мың аттың күшіне тең келетін артиллериялық кемелерден оқ атылып, зымырандар ұшырылды. Сумен, отпен және лаңкестермен күрес түрлері көрсетілді. Осы экипаждың құрамында Жанар да кәсіби шеберлігін шыңдап қайтқан болатын.
P.S.Әскери-теңіз күштері қатарында әскери қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер көп. Алайда, Жанар – айлап, апталап теңізге ұзақ сапарға аттанатын жалғыз теңізші қыз. Жанардың қызметінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі мен өзгешелігі де осы.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ