Мемлекет басшысы бұл туралы Бүкілармиялық кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қарулы күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз, - дейді Мемлекет басшысы.
Президент барлық мәселе халықаралық құқық аясында БҰҰ жарғысына сәйкес шешілуі тиіс дегенді айтты. Сөйте тұра мынадай алмағайып заманда армияның рөлі артқаны анық. Сондықтан Тоқаев әскеріміз әрқашан егемендігімізді қорғауға дайын болу керектігін тілге тиек етті.
Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды, - деді Президент.