Азаттықтың мәліметінше, қақтығыс даулы Таулы-Қарабақ жөніндегі ондаған жылға ұласқан шиеленісті жандандырып отыр.
2020 жылдың күзіндегі алты апталық соғыс кезінде аумақты өз бақылауына алған Әзербайжан өз сарбаздарының қаза тапқанын мәлімдеді. Армения өз әскерінің сапында кісі қазасы бар-жоғын айтпады, бірақ қақтығысы түні бойы жүргенін хабарлады.
Ереван Ресеймен әріптестік келісімін жүзеге асыруды және Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрайтынын мәлімдеді. Бұл туралы "Интерфакс" агенттігі хабарлап отыр.
Екі тарап қақтығыс отының тұтануына бір-бірін айыптады.
"Әзербайжан қарулы күштерінің бірқатар бекінісі, бекеті Армения әскері тарапынан түрлі калибрдегі оқтан атқыланды" деп келтірді агенттік Әзербайжан қорғаныс министрлігінің сөзін.
"Салдарынан әскер сапында қаза тапқандар бар және әскери инфрақұрылымдарға нұқсан келді" дейді министрлік.
Әзербайжанның мәлімдеуінше, Армения күштері шекара маңында барлауы жұмыстарын жүргізіп, 12 қыркүйек күні ол жерге қару-жарақ алып барған, миналау операцияларын жүргізген.
Баку өз шабуылының "тек әскери нысаналарды көздеп жатқанын" айтады.
Ал Армения қорғаныс министрлігі "Атыс Әзербайжанның арандатуынан кейін басталды" деп отыр. Армения қарулы күштері сол шамада қарымта шабуыл жасады" дейді.
Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс 1980 жылдары, Совет одағы ыдырай қоймаған тұста басталған. Бұл аумақта армян ұлтының өкілдері тұрған, бірақ жер Әзербайжанға тиесілі болған. Сол жылдардағы соғыс нәтижесінде Армения Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін басып алған.
2020 жыл күздегі алты апталық соғыста Әзербайжан сол жерлерді қайтарып алды. Соғыс Ресейдің бітімгер әскерінің кіруімен аяқталды.
Содан бері екі ел басшылары бейбітшілік келісімін жасасу мақсатында бірнеше кездескен.