Арман Шораев: Төрешілікті мейлінше әділ етуге талпынып жатырмыз

14 Сәуір 2015, 12:15

ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев ҚР Президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы» бесінші республикалық турнирі жайында баяндады.

ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев ҚР Президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы» бесінші республикалық турнирі жайында баяндады.

Биыл «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бірқатар қаржыландыру жобаларын қысқартатыны туралы мәлімдеген еді. Осы ретте, «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қорында өзгеріс бола ма?

Қазіргі таңда бүкіл әлемде кризис жүріп жатыр, осыған байланысты біздегі қаржы көлемі сәл қысқарды. Дегенмен, жүлде қорын мүмкіндігінше сол деңгейде қалдыруға тырысамыз. Өйткені, бізде «Самұрық Қазынадан» бөлек басқа да серіктестеріміз, демеушілеріміз бар. Сондықтан, балуандарымыз бұдан ешқандай зардап шекпейді.

Шетелдік трансляция жағы қалай?

«Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Казспорт» арналары біздің ақпараттық серіктеріміз болып табылады. Ал шетелдік ақпарат құралдарының ішінде «Қазақстан Барысы» көрші ресейлік «Боец» телеарнасынан және түркиялық арнадан көрсетіледі. Бұдан бөлек, қазақ күресін интернеттен де көруге болады. Осыған дейін «Еуразия барысын» Италия арнасынан көрсетілді, Грузия, Украина арналары да көрсетеді деген ойдамыз.

Биылғы турнирде қандай жаңашылықтар болады, «Қазақстан Барысы» көрермендерін несімен таңқардырмақ?

Өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан Барысы» тек спорттық бағдарламамен шектеліп қалмайды, онда театрландырылған қойылымдар қарастырылған. Бұл жолы да театрландырылған қойылым көрсетіледі және танымал шетелдік қонақтар қатысады. Ол туралы ақпаратты қазір құпия қалдыруды жөн санаймын.

Бұл турнирді бір ғана спорт түрімен шектеп қалмай, кешенді шараға айналдыру туралы не айтасыз? Мысалы, бірінші күні көкпар тартып, қыз қуу деген сынды ойындарды өткізіп, ал соңғы күні қазақ күресін өткізсе.

Бізде Тоғызқұмалақ федерациясымен ауызша келісім бар. «Қазақстан Барысын» өткізгеннен кейін, соның артынша тоғызқұмалақтан турнир өткізу. Бұл өте орынды бастама. Алдағы уақытта да, күрестен бөлек, садақпен ату, бәйге сынды ойындар ұйымдастырылып, бірегей көшпенділер фестивалі өтетін болса, нұр үстіне нұр.

Жылда «Қазақстан Барысының» төрешілері арасында дау болып жатады, осыған байланысты жарыс ережесіне өзгерістер енгізіледі ме?

Бұндай даулар болды, болады да. Өйткені күрес те көркем гимнастика мен бокс сынды субьективті төрешілікке тәуелді. Онда жеңімпазды жеңіл атлетикадағы сияқты, мысалы кім бірінші келді сол жеңеді деп, нақты анықтауға келмейді. Соған қарамастан, біз төрешілікті мейлінше әділ етуге талпынып жатырмыз және жеңіске ең мықты палуан жетеді деп сенеміз. 

Бөлісу: