Ардақ Назаров жастар тәрбиесімен айналысатынын айтты

16 Қазан, 15:00 503

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров жастардың тәрбиесімен айналысатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен алғаш Парламентке келген кезде, «сен уағыз жүргізесің бе?» деп сұрайтындар болды. Журналистердің тарапынан «не үшін депутат болдың?» деген сұрақтар да болды. Уағыз керек па, уағыз айтамын. Тәрбиелеу керек па, оны да істеймін. Мен Ішкі істер органдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Прокуратураға, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, әкімдіктерге кіріп, тәрбие жұмыстарын айтып жатырмын, - деді мәжілісмен.

Депутат журналистердің «Сонда діни уағыз айтасыз ба?» деген сұрағына жауап бере кетті.

Діни емес, ұлттық тәрбиені айтамын. Мен ешқашан дінді қозғаған емеспін. Мен қазақтың баласымын, тарихымды жақсы білемін. Тарихта көп нәрсе айтылған. Біз ауызбіршілігіміз мықты болған кезде әлемді бағындырдық. Ауызбіршілігіміз кеткен кезде, ит-құсқа жем болдық, тәуелсіздігімізден айырылдық. Бұл жерде ең керекті нәрсе – тәрбие. Ол ата-анадан басталады. Қай ата-ана өзінің баласына жаман бол деп айтады? Ең бірінші әрбір ата-ана баласына алаңдауы керек. Әкенің тектілігінен, ананың ақ сүтінен тәрбие көрген бала ешқашан арақ ішпейді, жамандыққа бармайды. Өзінің бауырына жамандық істемейді. Балаға білімнен бұрын тәрбие беріледі. Сондықтан ең алдымен ата-ана, сосын ұстаздар балаға тәрбие беру керек, - деді ол.

Ардақ Назаров болашақта мұндай оқиға қайталанбауы үшін елімізге үлкен реформа керек екенін атап өтті.

Бізге дәстүрлі, рухани бағытқа негізделген үлкен жоба керек. Жастарды тәрбиелеу қажет. Мен бастапқыда жастар тәрбиесін қолға алатынымды айтқанмын. Жақында біз «Құтты білік» тәрбие академиясын ашамыз. Онда біз ұлтты бес бағыт бойынша тәрбиелейміз. Соңғы үш жылда өзім мың баланы зерттедім. Балалармен жұмыс істей отырып, өзіме де үлкен білім қорын алдым. Бүгінгі біздің айтып жүрген «альфа», «зед» ұрпақ деген жай әңгіме екен. Егер балаға біз Алаштың тәрбиесін берсек, Алаш болып өседі. Абайдың тәрбиесін берсек, Абай болып өседі. Менің соған көзім жетті, - деді Ардақ Назаров.

Миражан Махан
Бөлісу: