Ардақ Назаров Түркістанда арақ ішуге тыйым салуды ұсынды

Бүгiн, 10:58 211

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан секілді киелі қалада ішімдік ішу дұрыс емес екенін айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Мәжілісте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәжіліске «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырды. Депутаттар заң жобасын қызу талқылап, сұрақтарын қойды.

Бір-екі жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Осы заң аясында біз Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп, көшеде жүруге заңның аясында тыйым салсақ... Өйткені Түркістаннан бүкіл қазақ рух алу керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді. Сол кезде біздің азаматтар арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заң аясында Түркістанда араққа тыйым салуға бола ма? – деді Ардақ Назаров.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде ішімдіксіз ауылдардың бар екенін атап өтті.

Түркістан облысында “Ішімдіксіз ауыл” деген жоба жарияланған. Облыс бойынша 30-дан аса ауыл қосылды. Түркістан қаласының рухани мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып, бекітіліп отыр. Соған сәйкес, бизнес қауымдастыұқ өкілдері тарапынан ол мәселеге әртүрлі көзқарас бар. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыруы қажет деп санаймыз, – дейді ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: