Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында еліміздегі отбасы институтының әлсіреуіне алаңдаушылық білдіріп, нақты ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол қазіргі таңда ажырасу деңгейінің күрт өсуі ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін атап өтті.
Ғасырлар бойы қалыптасып, алынбас қамалға айналған қазақ отбасының өзегіне құрт түсіп, ауыр сырқатқа ұшыраған сыңайлы. Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған, – деді депутат.
Ардақ Назаров елімізде бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркектің жалғыз басты отбасын құрып отырғанын, бұл — алаңдатарлық көрсеткіш екенін баса айтты.
Депутат отбасы институтын сақтап қалу үшін бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды:
Ажырасу процесіне тосқауыл қою үшін мемлекеттік баж енгізу. Ерлі-зайыптылар ажырасуға өтініш бергенде, сотқа арыз бермес бұрын қомақты көлемде төлем жасау талабын енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан азаматтар үшін табыс салығын кезең-кезеңімен арттыру туралы да бастама көтерілді.
Бітімгершілік механизмдерін жандандыру. Депутат қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетін еске сала отырып, ажырасуға өтініш берген жұптардың істері сотқа жетпей тұрып, жергілікті кеңестер мен ақсақалдар алқасында қаралуы қажет екенін айтты. Бұл кеңестерге имамдар, әйелдер кеңесі, ардагерлер де тартылуы тиіс.
«Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу. Жаңа құрылған жас отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй жеңілдіктері, балабақшаға тегін жолдама, арнайы жәрдемақылар мен салықтық демалыстар қарастырылуы қажет. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты арттырып, ажырасудың алдын алуға сеп болар еді.
Қаржылық сауаттылықты арттыру және несиесіз той өткізуге үндеу. Үйлену тойларын өткізу кезінде несие алудың теріс әсері айтылып, «Қарапайым той – берекелі отбасы» атты ұлттық ақпараттық науқан бастауды ұсынды. Бұл бастамаға қоғам қайраткерлері мен дін өкілдерін, блогерлер мен медиа құралдарын тарту жоспарланып отыр.
Отбасы – мемлекеттің ең басты іргетасы. Ажырасу тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет, – деді Ардақ Назаров.
Сауал соңында депутат Үкімет пен Парламенттің бұл мәселеге стратегиялық мән беруі тиіс екенін және ұсынылған шаралардың кешіктірілмей іске асырылуын сұрады.