Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек – Тоқаев

2 Қыркүйек, 12:15 580

Көктемде басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Президент бұл туралы халыққа жолдауында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.

Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет, - деді ол.

Мемлекет басшысы бұл жобаның өңірлерде сапалы жүзеге асуына жергілікті әкімдер жауапты екенін қоса кетті.

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы тек шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы, - деді президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: