Әрбір азамат қандай еркек екенін әскерге келіп дәлелдеуі тиіс - теңіз әскерінің капитаны

7 Мамыр, 11:13 1190

Осыдан екі жыл бұрын 8 жасар баланың өміріне араша түсіп, Президент атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған әскери теңіз күштері теңіз жаяу әскері десанттық-шабуылдау батальон командирінің жауынгерлік және дене даярлығы жөніндегі орынбасары, капитан - Ағабек Мақұлбекті ұмытпаған боларсыздар.  7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесіне орай El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жанқиярлығымен талайды таңқалдырған ержүрек азаматпен сұхбаттасып қайтты.

Капитан 1992 жылы 17 тамызда Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Жібек-жолы ауылында дүниеге келген. Ол 2011-2015 жылдары Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Команда-тактикалық әуе-десант әскері және әскери барлау мамандығы бойынша білім алды.

Атам мен оның бауырлары - Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Әкем бүгінде әскери қызметін аяқтап, еңбегінің зейнетін көруде. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» дейді қазағым. Сол себепті ағам екеуміз атамыз бен әкеміздің сара жолын жалғастырып, әскери салаға бет бұрдық,-деді Ағабек Құрманәліұлы.

Фото: жеке мұрағаттан

Осы салаға 13 жыл өмірін арнаған капитан «әскердің қай түрінде қызмет етсең де маңызды емес» деп біледі.

Таңдауымды сонау 2011 жылы жасап қойдым. Гарнизонға немесе әскердің өзге түріне жіберсе де сақадай саймын. Маңыздысы Қазақстан Республикасына қызмет етсем болғаны,-дейді ол.

Кейіпкер әскери теңіз күштеріне қабылданатын азаматтың физикалық дайындығы мықты, шымыр және моральдық-психологиялық деңгейі жоғары болуы керектігін алға тартты.

Денсаулығың сыр бермесе, әскерде зейнеттің бейнетін көргенше қызмет ету керек,- деді Ағабек Мақұлбек.

Бүгінде әскерге барудан жалтарып жүрген жастар көп. Үздіксіз жаңалықтардың арасынан әскерден қысым көріп, өз-өзіне қол жұмсап жатқан жастар туралы жиі естиміз. Осыған орай әскери жүйенің кемшін тартқан тұстарына тоқталып,  қалай алдын алуға болатынын айтып өтті.

Сарбаздардың өліміне біржақты қараған дұрыс емес. Меніңше, моральдық-психологиялық жағынан дайын емес жастар проблемаларға осал болып келеді. Шет жағасын қазірден көруге болады. Олармен жеке сұхбат барысында бір үйдің еркесі немесе тентегі екенін біліп жатамыз. Жастарға рухани байлық жетіспейді. Қарапайым патриоттық сұрақтарға жауап таба алмай қалатындары да бар. Егер командирлер артық кетсе, олар заң бойынша жазаланады, - деп нақтылады кейіпкер.

Фото: жеке мұрағаттан

Ел басына күн туса, баһадүр бабаларымыздай қаймықпай қарсы тұрамыз. Қазақты «қойдан жуас» деп жатады. Бірақ ашулансақ, қасқырды қолмен буындыратындай күшіміз бар. Қазақ жер бетінен жоңғар халқын қырып жібергенін ұмытпайық, - деді ол.

Осыдан екі жыл бұрын қайыққа отырмақ болғанда аяғы тайып, теңізге құлап кеткен баланы құтқарып қалған капитан өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын айтты.

Ерлік жасадым деп айта алмаймын. Өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Бар болғаны сол, - деді Ағабек Мақұлбек.

Оқиға болған күнгі естеліктерімен бөлісе отырып, мән-жайды түсіндіре кетті.

Бірде отбасыммен кешкі серуенге шықтық. Теңіз жақта жүрген соң кемеге отырмақшы болдық. Кезегіміз жақындап қалды.Сол уақытта «Құтқарыңдаршы, кім жүзе алады?» деген әйелдің жан айқайы шықты. Бір мезет те ойланбадым. Себебі ондай сәтке моральды әрі психологиялық тұрғыдан дайынбыз. Қалтамда көліктің кілті, телефон, құжаттар бар. Соларды қалтадан шығару ойға да кірмепті. Бар ойым - баланы аман-есен алып шығу. Жағаға жақын жер, бойым жетіп қалар деген оймен теңізге сүңгідім. Түскен соң ғана тереңдігіне көзім жетті. Әп сәтте баланы алдым да, ауа жұта тұрсын деген ниетпен қолыммен жоғары қарай көтердім. Өзім судың астындамын. Қазір құтқару жилетін лақтырады деп көмек күттім. Дәл жанымызда серуендейтін кеме болған және онда бірнеше құтқару желеттерін көзім шалған болатын. Бірақ көмек болмады. Тынысым тарылып, судың астында тұншыға бастадым. Бар екпінмен судың жоғары бетіне шығуға талпындым. Әлі де көмек беретін жан болмады. Амал жоқ, өздігімше әрекет ете бастадым. Сол қолымды көтеріп, жан-жағымды қармадым, сол сәтте қолымның үш саусағы бір темірге ілінді. Оң қолыммен баланы өзіме қарай тартып, бар күшіммен жоғары қарай көтердім. Жағада біраз адам жиналып, қарап тұр екен. Дегенмен «Құтқару жилетін лақтырыңдар!» деген бір жан болмады. Сөйтіп, «Көмектесіңдер, баланы тартып алыңдар» деп айқайға салдым. Өзім баланы бір қолыммен көтеріп, бір қолыммен көпірдің астындағы темірді ұстап тұрды. Арғы жақтан суда тұрған бір ер адамды көрдім, бірақ ол маған жақындамады. Есесіне, маған қол созған қызды көрдім. Баланы сол қызға тапсырып, абырой болғанда екеуіміз де өлім аузынан аман қалдық,-дейді капитан.

Фото:жеке мұрағаттан

Осылайша халық ілтипатына бөлене отырып, президенттен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар қала әкімінен 5 күнге бес жұлдызды қонақ үйден тегін жолдама берілген.

Осы күнге дейін 400-ден астам офицер, сержант, сарбаз, матрос ұшақ және тік ұшақтан парашютпен секіруді үйреніп, десантталған екен. Әскерде жарақат алу мүмкіндігі ең жоғарғы тапсырма - парашютпен секіріп десантталу. Мен жаттықтырған ешбір әскери қызметкер осыған дейін жарақат алмапты. Ол - мен үшін үлкен мәртебе. Себебі оқу-ұрыс тапсырмаларын сәтті орындау - командирдің басты міндеті,-деді Ағабек Мақұлбек.

Әйел адамдардың әскердегі орны жайлы ойын ортаға салып, өз келіншегінің де әскери қызметте екенін айтты. Жұбайы Теңіз жаяу әскери бригадасында хирург қызметін атқарады.

Әйел адамның да әскерде орны бар. Әйел адамнан мықты командир шықпаса да, қазіргі таңда жойғыш ұшақты басқаратын ұшқыш, жеке құраммен тікелей жұмыс жасайтын психологтар, дәрігерлер, құжат жағынан (қағазбен жұмыс,есеп-қисап) мықтылары бар. Сонымен қатар байланыс құралдарын басқаратын әйел адамдарының орыны әскерде ерекше бағаланады,-деп ол әйел адамдардың бұл саладағы рөлін бағалап өтті.

Ұлының әскери өмірді таңдағанына қарсы еместігін айтып, ата жолын қуған жағдайда қуанатынын жасырмады.

Фото:жеке мұрағаттан

Сондай-ақ әскери теңіз күштеріне баруға ниет танытып отырған азаматтарға кеңес беріп, ер адамдарға ерлікті әскерде дәлелдеуге шақырды.

Ең бастысы отан алдындағы борышымды атқаруға дайынмын деген шынайы ниет болса болды. Спортпен шұғылданып шымыр болу керек. Рухани және ішкі жан дүниелеріңді дамытсын. Әскер - өмірлік мектеп. Өзіңнің қандай еркек екеніңді әскерге келіп дәлелде. Балалықпен ертерек қоштасыңдар. Өмірге еркек болып келген соң еркек болып кетіңдер дегім келеді,-деп қорытындылады Ағабек Құрманәліұлы.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: