26 Тамыз 2014, 15:23
Арба – екі немесе төрт дөңгелекті (доңғалақ), атқа, есекке, өгізге, түйеге жегілетін жүк таситын көлік. Арба бір немесе екі тәртелі (тәрте) болады. арбаның дөңгелегі ежелгі түсінік бойынша күн шеңберін бейнелейді деп есептелгендіктен, қасиетті деп саналған. Қазақстан жерін мекендеген көне тайпаларда төрт, алты доңғалақты үлкен арбалардың болғандығы, оның үстіне киіз үй тігіліп, бірнеше ат немесе өгіздер жегілгендігі, оған көшіп-қону кезінде әйелдер мен бала-шағалардың орналасатындығы сияқты деректер қазақ жерінде болған шетел саяхатшылардың жазбаларында кездеседі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, күймелі арбаларға жиырмадан астам өгіз жегілетін болған.
Қос доңғалақты арба түрі. Туркестанский сборник. 42-т. СПб., 1873.
Арба ерте заманнан, әсіресе, ежелгі түрік дәуірінен бастап әскери көлік ретінде де қолданылды. Бұдан кейінгі кезеңдерде шаруашылық қажеттіліктен басқа, салт атты жүрістен гөрі қолайлы деп, адам отыратын көлік ретінде пайдаланған. Дәстүрлі қазақы наным-сенім жүйесінде арба ұғымының өзіндік орны бар. Жайқалып тұрған егісті қазақы түсінік бойынша, еш пенденің басуға құқығы жоқ. Бірақ, информаторлардың мәліметіне қарағанда, егіс ішінде арбамен ғана жүруге болады. Бұл жосын арбаның дөңгелегін күннің бейнесіне балаумен байланысты қалыптасса керек. Тіпті, арбаның ізі түскен жерді екінші қайтадан аяғымен баспайтын болған. Өйткені, ол періштенің салған жолы-мыс. Қазақ шежіресінде қаңлы руының атауын арбаның дөңгелегінің жүргендегі «қаңқ-қаңқ» еткен дыбысына байланысты пайда болған деседі. Мұның өзіндік шежірелік қисыны бар. Аңыз бойынша, Оғыз ханға соғысқа мінер атын және жабдықтарын тиейтін арбаны Қаңлы деген кісі жасап берген екен. Оғыз хан Үркер жұлдызының персонофикацияланған эквиваленті болып табылады. Сол Оғыз хан-Үркер өзінің арбасымен (өгіз арбасы) аспанмен бірнеше жылдар бойы сапар шегеді. Ай мен Үркер тоғысқанда жаңа жыл – наурыз туады. Ай қояндай кішірейіп болғанда, онымен Оғызхан-Үркер өгіз арбасымен қоса тоғысады. Содан кейін, «көріс айы туады». Қазақта «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деген сөз осы жайтқа байланысты айтылса керек. Бұл жерде, арба-ның дөңгелектері ай мен күнді бейнелейді.
Арба бөлшектері. Реконструкция. Суретші Н.Бектұрсынов
Абайманың бөліктері. Суретін салған Ж.Шәйкен
Ізі бар қадамы жоқ, аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының
Қос қолын хайуанға арта салып,
Салады әуезіне баяғының, – деп келетін дәстүрлі жұмбақ жолдары Оғыз хан-Үркер мен оның оның дөңгелектері ай мен күнге баланған өгіз арбасын бейнелесе керек.
Арбаны қолданысына қарай ат арба, есек арба, өгіз арба, түйе арба деп жіктейді. Олардың әрқайсысының көлемі мен пошымы әртүрлі болып келеді.
Көтек арба. Д.Принц. 1906.
Көтек арба. Реконструкция. Суретші Ж.Шәйкен
Қазақтар арасында кең таралғаны екі доңғалақты арба. Ол көбіне ауыр жүк тасығанда қолданылды. Оны көтек арба деп те атайды.
Ат арбаның бөліктері: а) доға, ә) қамыт (құлақ- бау, тамақбау, қоспақ, шұжық деп аталатын бөліктерден тұрады), б) ыңыршақ, в) ыңыршақ тартпасы, г) ыңыршақтың бел көтермесі, ғ) тәрте екеу, д) тәжбау бұл да екеу, е) арба шанағы немесе қорабы.
Доға мен қамыт – арбаға жегетін аттың мойнына кигізілетін бөлік. Қамыт бір-біріне біріктіріп тігілген екі бөліктерден тұрады. Оны көбінесе қайың ағашынан жасайды. Ішкі бетіне киіз жүргізіледі. Ал, сырты құймалап, былғарымен қапталады. Қамыттың тесігіне тұйық құлақбау байланып, оған доға бекітіледі. Қамыт пен доғаның төменгі ұшы бір-біріне түйіседі де, бір- біріне қайыс тамақбаумен қатайтып байланып, оларды үлкен-кішілігіне қарай өзара үйлестіріледі. Қамыттың екі ұшының қосылған жерін қоспақ деп атайды. Оны тамақбаумен қатайтып байлайды. Тамақбауды байлауға ыңғайлы болуы үшін қоспақтың екі ұшы сәл ұзындау етіп жасалынады.
Қамыттың жұмсақ шөп немесе сабан салып былғарымен, я болмаса терімен қапталған ішкі бөлігін шұжық деп атайды. Ол қайыс тарамыспен қамыттың ішкі бетіне бекітіледі. Шұжық аттың мойнын қажаудан сақтайды. Қамыттың жалпақтығы үш елі, қалыңдығы екі елі шамасында болады. Ал, шұжық жұмыр, бір тұтамдай болып келген, яғни жуандығы он жасар баланың білегінің мөлшеріндей болып келеді. Сонымен, жегілген ат әбзелінің ең сыртында доға, оның ішінде қамыт, қамыттың ішінде шұжық болады.
Қамыттың сыртына келетін доғаны бекітетін бауды құлақбауға тәртенің домалақ басын өткізіп, доғамен тиектеп байлайды. Ағаштан жасалған доға мен тәрте арбадағы жүктің салмағын арбаның өн бойына бірдей түсуді қамтамасыз ету функциясын да атқарады. Арбаны доға пайдаланбай-ақ, қамытпен сүйрете беруге де болады. Егер жүк жеңіл болса, тәртені қамытсыз-ақ ерге байлап, атпен сүйреп жүре береді. Қыстыкүндері пайдаланатын табаны темірмен қапталмаған шананы (ырғақ шана) жегу тәсілі арбаны жегу тәсілімен ұқсас. Ат арбада аттың арқасына ыңыршақ салынады. Оның функциясы – арбаның тәртесін кейін лықсытып кетірмеу. Ыңыршақ дегеніміз – ерге қарағанда кіші, екі қасы жоқ әбзел. Екі қапталды қосып тұрған берік ағаш немесе темірді ыңыршақтың арқалығы деп атайды. Ыңыршақтың астында, әдеттегідей, тоқым болады, бірақ ішпек салынбайды. Екі қапталдан бекітілген тартпасы болады.
Арбаның бағытын реттеуші бөлік 2-3 құлаш ұзын жұмыр келген сырық тәрте деп аталады. Төрт дөңгелекті арбада тәрте алғы және артқы дөңгелектердің белдеуін жалғастырушы темір сырыққа бекітіледі. Ал, ортасы ыңыршақтың орта бауына бекітіліп, ұшы құлақбауға енгізіліп, доғамен жиектеледі. Тәртенің ұзындығы төрт доңғалақты арбада екі құлаш (3,5 м) шамасында болады. арба-ға жегілген аттың сулығына жалпы ұз. 6 құлаштай қайысбау – делбе байланады.
Төрт дөңгелекті арбада тәжбау болады. Ол тәрте мен арба-ның шанағының шендескен тұсына орналастырылады. Тәжбау арбаны ат артынан жолға бағыттау міндетін атқарады.
Жайлауға көшу. Павлодар маңы. 1899 ж. ҚР МОМ қорынан (КП 5289/10 а)
Дөңгелектің сыртынан бекітіліп, ұшы ыңыршақтың тұсындағы тәртенің ирегіне мықтап бекітіледі. Тәртенің ирегі тәжбауды сырғытпай, берік ұстауды қамтамасыз етеді. Ал, дөңгелектің ортасындағы темір сырықтың тең ортасынан темірден жасалған сырық қозғалысты орталыққа бағындырып, бағыттап тұрады. Арбаның шанағының бірнеше атаулары бар: қалқан жәшік, қорап, саты, қанат.
Болғанда екеу аға, төртеу апа,
Жиырма сегіз екен тапқан бала,
Өзімен өзі көп жүкті көшіреді,
Қандайлық мықты болған жүзі қара, – деген жұмбақтың шешімі – арбаның екі жетегі мен төрт дөңгелегі және олардың шабақтарының саны.
Ертеректе темір аз болғандықтан, қазақтар бүкіл арба құрылымын қайың ағашынан жасады. Дөңгелек диаметрі 4 футқа дейін болады. Белағашқа арбаның арысы ағаш шегемен бекітіледі. арба дөңгелегінің білік кигізілген, шабақтар қондырылған тесіктері бар ортаңғы бөлігі − күпшек деп аталады. арба дөңгелегінің күпшек пен табан қимасының аралығындағы тіреме ағаш шабақты оңтүстікте кегей деп атайды. Шабақтар қаңсып, босаңсығанда оларды бастырып, бұрайды.
Көрік – арба дөңгелегінің шентемір ішіндегі ағашы. Ол шаңғарын, қалма, тоғын деп те айтылады. Абайма – арба дөңгелегінің шентемірі, шеңбер сияқты бөлігі. Төс темір деп арбаның жастық ағашын, біліктің үстіндегі кеспек ағашты айтады (толығырақ қ. Абайма).
Арба түрлері атқаратын қызметіне, пошымына, кейбір детальдары мен оның өлшемдеріне қарай әрқалай болып келеді. Арбаның адам таситын, жүк таситын және балаларға арналған түрлері де болған.
Жүк таситын арба-лар жәшікті арба, сатылы арба, қосқанатты арба, жер арба, кедір арба т.б. деген түрлерге бөлінеді. Әдетте, жүк салатын арбаға тақтайдан қорап жасалады. Оны жәшік деп те атайды. Осындай арба түрін жәшікті арба немесе науалы арба дейді. Мұндай арбамен астық тасиды. Жүк тасуға арналғанмен қорабы мен қалқаны жоқ түрін жайдақ арба деп аталады. Жайдақ арбалар мен қалқанды арбалар, жоғарыда айтылғандай, оған жегілетін мал түріне қарай ат арба, өгіз арба, түйе арба, есек арба деген түрлерге бөлінеді. Күнделікті тұрмыста әртүрлі жұмысқа пайдаланатын қол арбалар да аз болмаған.
Түйелер жегілген арба. Семей обл., Павлодар уезі. СОСК 1910-11 жж.
Қол арбаның кәләмүшке, қалтек, тәшке сияқты түрлері бір дөңгелекті немесе екі дөңгелекті етіп жасалады. Кәләмүшке – қолдан кірпіш құюға қажетті балшық таситын, үстінде шағын қорабы бар екі дөңгелекті арба түрі. Қора-қопсы тазалауға, лай, т.б. жеңілдеу жүктерді тасуға оңтүстік қазақтары қалтек, қол арба дейтін түрін пайдаланды. Шөп тасу үшін арбаның екі немесе төрт жағына да саты тәріздендіріп қалқан жасайды. Оны арбаның сатысы, қалқаны, қанаты, жарандық, кәндік, жақтау, өре, рәндік деп Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі атайды. Осы ерекшеліктеріне байланысты шөп таситын арбаны сатылы арба, қанатты арба, қосқанатты арба, жарандықты арба деген түрлерге бөледі. Ауыр жүк таситын немесе көбінесе шөп таситын арбаны көк арба дейді. Кейбір жерлерде кедір арба деп те атайды. арбаның төрт бұрышына қағылған төрт ағаш қазық арбаның қалқанын ұстап тұрады. Ел арасында бұл арба бөлшегі қаламдық, жақтау, қада, тірек деген атаулармен белгілі.
Күйме – іші киізбен қапталған жабық ағаш қорапты, адам тасымалдауға арналған арбаның ерекше түрі. Күймені бұрын қалыңдық пен күйеу жігіттің отауы ретінде де қолданды. Күйме түрі туралы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Қыз Жібек» жырларында сипатталады. Үсті тері, мата, ағашпен жабылатын есікті арба саналатын күймелерді хандар, сұлтандар, ірі ауқатты байлар сияқты дала аристократтары пайдаланды. Кейін азық-түлік салатын жабық арба ретінде де шаруашылық қажеттілікке қолданылды. Күйменің орыстар арқылы келген төрт дөңгелекті түрін пәуеске (повозка) атаған. Екі немесе төрт дөңгелекті қарындаш арба, трашпан (трашпеңке), пайтон (фаэтон арба) секілді 2-3 адам отыратын арба-лар да жол жүруге арналған жеңіл көлік түріне жатады. Жаз айларында аптап кездерде қолданылатын арбалар көбінесе жан-жағы ашық етіп жасалынады. Тек төбесіне күнқағар шатыр орнатылады.
Сонымен бірге, арбалар жегіміне қарай үш көсем, ырдуан арба, түйелі арба, шомақ, көтек арба деген түрлерге бөлінеді.
С.Мұқановтың мәліметі бойынша, ХХ ғ. басында қос дөңгелекті жеңіл арба түрі – бірішке (бричка) қазақтар арасында кең қолданыс тапты. Жүк тасуға арналған арбаның бұл түріне, көбінесе, өгіз жегілетін. Сонымен бірге, қорабы биік ырдуан (рыдван) деп аталатын ауыр арба-ның түрі қазақ арасына кең тарала бастады.
Торғай қазақтары жегін құралы ретінде жекпелі шана мен күймелі арбаны кең қолданды. Бұларды ауқатты қазақтар Орынбор, Троицк және Ор (Жаманқала) қалаларынан сатып алып отырды. Жергілікті шеберлер қамыт пен ершікті ғана өздері жасағаны болмаса, қазақтар жегін құралдарының көбісін орыс саудагерлерінен немесе қоныс аударып келген келімсектерден сатып алды.
Әдеб.: Добросмыслов арбаИ. Скотоводство в Тургайской обл. Оренбург, 1895; Гейнс арбаК. Собрание литературных трудов. Том 1. 1897; Инфантьева П.П. Этнографические рассказы из жизни татар, киргизов, калмыков,башкир, вогулов и самоедов. СПб, 1909; Военно-статическое описание Туркестанского военного округа. Сырдарьинская область (внутренний район). Сост. ген.штаба, подполковник Ф.Корольков. Ташкент, 1912; Животноводства Сырдарьинской области. Ташкент, 1945; Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Шойбеков Р.Н. Қазақ тіліндегі күш-көлік атауларының этномәдени мазмұны // Этнос тілін зерттеудің өзекті мәселелері «Кие» лингвоталдау орталығы. Алматы, 2011.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»