«Арай» жастар газетімен сұхбат

4 Қазан 2014, 12:57

Мерзімді басылымдарды интернетке тегін көшіру шарасының аясында еліміздің түпкір-түпкіріндегі газет-журналдарға сайт жасалған болатын.

Мерзімді басылымдарды интернетке тегін көшіру шарасының аясында еліміздің түпкір-түпкіріндегі газет-журналдарға сайт жасалған болатын. Соның бірі Жамбыл облыстық «Арай» жастар газеті. Тәй-тәй басып келе жатқан жаңа сайтымыздың алғашқы қадамдары туралы осы газеттің Директор-Бас редакторы Гүлнұр Ембердиева әңгімелейді.

- Сәлеметсіз бе, Гүлнұр ханым. Алдымен, өзіңіздің редакцияңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?

- Жамбыл облыстық «Арай» қоғамдық-саяси және танымдық жастар газеті 2005 жылдың 13-қазанынан бастап жарық көреді. Негізгі мақсаты – Елбасының сара саясатын, жастар саясатын қолдау, ұлттық ой-сана үрдісін өрбітуге, еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуына үлес қосу. Жастар санасына ізгілік нәрін себу, жастар арасындағы проблемаларды шешуге атсалысу және шығармашылықпен айналысатын жастарға қолдау көрсету. Қоғамның өзекті мәселелерін қозғап, шешімін табу жолында ізденістер жүргізу.

Басылым аптасына 1 рет, әр бейсенбі сайын жарық көреді. А2 форматында 12 бет, түрлі-түсті болып шығады. 11 500 дана таралыммен «Сенім» ЖШС баспаханасында басылады. Құрылтайшысы – Жамбыл облысының әкімдігі. Меншік иесі – «Жамбыл облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасының облыстық «Арай» газетінің редакциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан 2012 жылдың 12 наурыз айынан «Жамбыл облыстық «Арай» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгертілді.

- Түсінікті, газеттің электронды нұсқасын қашан аштыңыз, сол туралы тарқатып айтып берсеңіз?

- Газеттің бұқаралығын арттыру мақсатында 2011 жылы алғаш «Арайдың» сайтын аштық. Бастама «Казконтент» АҚ-ның көмегімен жүзеге асты. 2014 жылы «Казконтент» АҚ қайта жаңартуға септігін тигізді.

- Сайтқа материалды қаншалықты жиі қойып тұрасыздар?

- Газетіміздің кезекті саны шыққан сайын ақпараттардың 30-50 пайызын салып, жаңартып отырамыз.

- Бізде газеттен бөлек сайт жұмысымен қосымша айналысатын дизайнер бар. Ол арнайы Астанаға барып, «Қазконтент» АҚ өткізген семинарға қатысып келді. Сондықтан қиындық тудырмайды. Дегенмен, бүгінгі күнісайттың сапалығы өте төмен деңгейде. Адамды тартып тұратын дүние жоқ. Және жазылған мақалалардың тақырыптары кіші әріппен жазылады. Ал оны үлкейту мүлдем мүмкін емес. Негізі біздің сайт тапсырыс бойынша «http:transexpress.kz» мекен-жайының үлгісінде істелуі керек болатын. Бірақ, мүлдем басқаша болып шықты. Газетіміздің логотипі дұрыс көрсетілмеген. Жамбыл облысының газеті ме, әлде басқа өңірдің газеті ме айыру қиын. «Қазконтенттегі» қыз-жігіттермен хабарласып, бұл қателіктерді түзете алмай қойдым.Алдағы уақытта сайттағы осы кемшіліктер түзелсе екен дейміз. Әйтпесе, кәсіби сайт жасатуға бізде қаржы жоқ, қол байланып отыр.

- Мерзімді басылымдар мен электронды БАҚ-тың айырмашылығы неде?

- Қазіргі XXI ғасыр ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында көпшілік жастарымыз газет оқиды дегенге сену қиын. Кейбір ғылым, әдебиетке ден қойғандары болмаса, жастарымыз әлеуметтік желілердің көрігін қыздырып жүр. Электронды БАҚ арқылы жастарымыз жаңартылған ақпараттарды егжей-тегжейлі оқып шықпасада, көз жүгіртіп қарайтыны сөзсіз. Сол себепті, электрондық БАҚ тиімді деп есептеймін.

- Мерзімді басылымдардың болашағы қандай?

- Мерзімді басылымдардың болашағына қауіп төніп тұр деп жауды жақындата берудің қажеті жоқ. Себебі, мерзімді басылымдарды іздеп оқитын тұрақты оқырмандары бар. Мерзімді басылымдар жоғалмайды, өз бағасынан түспейді.

- Әңгімеңізге рахмет.

                                                                                                                                                                                                                                    Сұхбаттасқан Қаламқас Нұрмақова

Бөлісу: